Ұлы дала халқының тарихи санасы мен дүниетанымының жаңғыруы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ»



Дата30.09.2022
өлшемі34,8 Kb.
#40987
Байланысты:
13-лабка


Ұлы дала халқының тарихи санасы мен дүниетанымының жаңғыруы
Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттері (аз зерттелген немесе зерттеуге мемлекет тарапынан тыйым салынған тарихи оқиғалар) деген терминнің өзі алғаш рет 1987 жылғы ақпанда қолданылды. 1992 жылы тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты оқу құралы Алматыдағы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді. Осы еңбегінде М.Қозыбаев: «Тарихымыздағы ақтаңдақтар жағдайы бұрыннан-ақ белгілі еді. Студент болып жүрген кезімізде біздің ұстазымыз, профессор Ермұқан Бекмаханов Кенесары қозғалысы туралы концепциясы үшін жер аударылды. 1972 жылы мен Коммунистік партияның кадрлық саясаты жөнінде З.А. Голикова деген кісімен бірігіп монография шығардым. Бірақ сол кітапта кейбір еркін айтқан ойларым үшін қуғынға түстім. Алайда, біз догматтық, схоластық рухта тәрбиелендік», - деп мәлімдейді.
Кеңес қоғамындағы экономикалық дағдарыс тарихи білімге де кедергі келтірді: 1) тарихи білімде биліктің әкімшіл-әміршіл әдісіне көндігу орын алды; 2) кеңес қоғамы ғылыми-техникалық революцияның әлемдік дамуына ілесе алмаса да, тарихи білімде оны дәріптеу көріністері байқалды; 3) тарихи білімде, зеттеу жұмыстарында халық шаруашылығын дамытудың жоспарлы сипаты дәріптелді; 4) шикізатты өндіру мен өңдеудің республика мүддесінен тысқары дәрменсіз күй кешуін әспеттеу міндеттеріне байланысты тарихты оқытудың шынайылығы бұрмаланды т.б.
Кеңестік дағдарыстың қоғамдық саладағы белгілері тарихи білімге мынадай жағымсыз жағынан әсер етті: 1) тарихи білім беру жүйелерінің бәрінде әлеуметтік әділетсіздікке жол берудің көздері әшкерленбеді; 2) тарихшылар кеңес қоғамындағы жағымсыз көріністерді халықтан жасыруға мәжбүр болды; 3) тарихшылар қазақ тілінің қолдану аясы мен қазақ халқының үлес салмағының қысқару шындығын көрсете алмады; 4) тарихи білімдегі шежірешілдік, бүкіл ауызша тарих айту дәстүрімен бірге ұлтшылдық пен рушылдыққа жатқызылып, қоғамдық ортадан шеттетілді; 5) тарихи білімде ұлттық діл мен ислам дінінің ерекшеліктері елеусіз қалып, бүтін бір халық мәдениетінің ішкі қуатының шайылу қаупіне бейімделу көріністері орын алды; 6) тарих ғылымы санада «КСРО халқы» деген түсінікті орнықтыруға міндеттелгендіктен, аймақтың ұлттық мүддесі ескерусіз қалды т.б.
Еліміздің 1991 жылы тәуелсіздік алуы Қазақстанның мәдени өміріне, тарих ғылымының дамуына да үлкен өзгерістер әкеліп, отандық тарих ғылымы жаңаруларды басынан өткеруде. Тарих ғылымы бұрынғы идеологиялық қыспақтан арылып, төл тарихты зерттеуге бет бұрды. Қазақ тарихының бұрын аз зерттелген немесе мемлекет тарапынан тыйым салынған кезеңдері қоғамға жетіп, жаңа рухани негіздің іргесі қалана бастады. Ұзақ жылдар бойы отаршылдық бұғауында болған қазақ тарихы қайта жаңғырды.
Ұлттық тарих тұтас ұлттық таным, төл рухани құндылықтар контексінде қарастырыла бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тарихи білім беруді дамыту, тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саясатының басым бағыттарының бірі болатын. Елбасы əртүрлі-деңгейде сөйлеген сөздерінде, оннан астам жарияланған еңбектерінде Тəуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай жаңа тарихын жазуға жəне сол арқылы халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыру ісіне басты назар аударды. Ол өткен тарихын білмеген, өзінің ұлттық қасиеттерінен айырылған халық қасіретке ұшырайтындығы туралы, өзінің жақсысы мен жайсаңын сыйламайтын адам басқаларға құрмет бола алмайтындығы жөнінде терең тұжырымдар жасады. Тарих ғылымы – ұлттың, елдің тəуелсіздігінің жəне тарихи сананы қалыптастырудың тірегі. Өйткені Отан тарихы – оның əлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын ең негізгі фактор болып саналады. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Бірақ сол тарихтың ғылымға негізделіп, шынайы, түбегейлі жан-жақты зерттелмеуі тарихи сананың ұлттық рухтың əлсіреуіне əкелетініне, əсіресе өткен ХХ ғасырдың ұрпақтары талай рет көз жеткізді. Сондықтан отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мəселе — сол ғылымның теориялық жəне методологиялық ұстанымдарына сүйене отырып, іргелі зерттеулер жүргізу арқылы болашақ зиялы ұрпақты тəрбиелеу болды.
1995 жылы жарияланған «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» Қазақстандағы тарихи білімнің іргелі принцптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен 1997 жыл – Ұлтаралық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы (1996 ж. 30 желтоқсандағы жарлығы), 1998 жыл – халықтардың бірлігі және ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – Ұрпақтардың бірлігі және сабақтастығы жылы, 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы, 2001 жыл ҚР егемендігі мен тәуелсіздігінің 10 жылдығы деп жариялануының өзі еліміздің динамикалық дамуына, ұлтттық мәдениеті мен руханиятының өсуіне, қазақ халқының сана сезімінің жандануына арқау болып, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды шығаруға жол ашты.
«Қазақстан тарихы» мектептер мен жоғарғы оқу орындарында арнайы пән есебінде оқытылатын болды. Елімізде тарих ғылымы қоғамдық-саяси өмірдің алдыңғы қатарына көтерілді.
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылғы 21 тамыздағы № 465 бұйрығымен бекітілген қоғамдық гуманитарлық пәндер циклына арналған Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандартының бірінші кітабында тарихи білімнің сипаты былай түсіндірілген: «Қоғам мүшелерін қажетті дәрежеде тарихи білімммен қаруландырмай, оларда тарихи сананы қалыптастырмай, ешбір мемлекет тарихи дамудың жоғарғы сатысына жете алмайды». Бұл стандартта тарихи білім мазмұнын іріктеуде ұлттық деректердің басыңқы болуына көңіл бөлініп, ғылымда ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Еуроцентрлік ұстаным мен коммунистік идеологияның солақай саясаты сыналды. Бұның өзі Тәуелсіздік жағдайындағы тарихи білімнің құрсаудан шығуына көмектесіп, оның ұлттық белгідегі өрісін кеңейте түсті.
Жаңа Қазақстан жағдайындағы тарихи білімнің дамуы тарихтағы ақтаңдақтар пердесінің ашылуымен ерекшеленеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ баспасөз беттерінде қазақ тарихына қатысты: Алашорда тарихы, жаппай саяси репрессия тарихы, екінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан тарихы, тың және тыңайған жерлерді игеру, кеңестік кезеңдегі демографиялық үдерістер тарихының «ақтаңдақтарына» арналған М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М. Асылбеков, О. Смағұлов, Қ. Алдажұманов, З. Қинаятұлы, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, М. Тәтімов, Ж. Қасымбаев, Б. Көмеков, К. Байпақов, Х. Әбжанов, Ж. Абылхожин, С. Әжіғали, А. Тоқтабай т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары жарияланды.
Кеңес заманында ұлт-азаттық көтеріліске біржақты көзқарасты пікір айтылып келді. Ұлт-азаттық көтеріліс бұқара халықты отарлық езу мен қанаудан туды. Өз елінде бөтеннің кейпін киген ұлт, өздерінің күн көрісінің бірден-бір табыс көзі саналатын құнарлы жерлерінен айырылғандығы олардың ашу-ызасын тудырды. Осы тақырыпта тарихшы, академик К.Нұрпейісов «Ұлт-азаттық күрес және «Алаш» қозғалысы» мақаласын жариялады. Мақаласында ғалым: «Өзінің ұлттық құрамы жөнінен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс негізінен қазақтардан тұрды немесе моноұлттық болды. Көтерілістің тікелей басталуына патша өкіметінің 1916 жылғы 25 маусымда Қазақстан мен Орта Азияның тұрғылықты халықтарының азаматтарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы шығарған жарлығы түрткі болды. Көтерілісшіл халықты да, оның зиялы қауым өкілдерін де келе жатқан 1917 жылдың қос төңкерісі мен оларға жалғасқан азамат соғысының «тар жол, тайғақ кешу» кезеңі күтіп тұрды», -деп жазды.
Кеңес Нұрпейісов пен тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев бастаған тарихшылар тобы Алаш қозғалысы мен «Алашорда» автономиясының және тұлғалардың қызметін зерттейтін ғылыми мектептің іргетасын қалады. Тарих ғылымының Алаштану саласы пайда болды.
Қазақстан тарихының келесі бір ауыр нәубеті ашаршылық қасіреті болды. Елді социализм халқы атандыруға асыққан кеңес үкіметі қазақ жерін иеленуде күштеп ұжымдастыру саясатына көшті. Бұл ұжымдастыру науқанының салдары байырғы ата қонысында отырған қазақ жұртын орны толмас қасіретке душар етті, арты ашаршылыққа келіп тірелді, халық қырылуына әкелді. Академик Манаш Қозыбаев пен профессор Талас Омарбеков бастаған тарихшылар тобы Ф.И.Голощекин ұйымдастырған кеңестік ұжымдастырудың зобалаңдары мен қасіреттерін жариялап, тарихи шындықты халыққа жеткізді. Т.Омарбековтің архив құжаттары негізінде жазылған баспасөз беттерінде «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарымен «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Қазақ неге атқа қонды?» тақырыптарында мақалалары жарияланды.
Академик М.Қ.Қозыбаев ХХ ғасырдағы саясатқа бейімделген тарихи білімнің дамуына мынадай баға берген болатын: «ХХ ғасыр Отандық тарих, қазақ халқының тарихы саясат құрбандығына шалынды. Мифтерге негізделген жалған, жантақ тарих осы тұста іргетасын қалады. Отан тарихын саясатқа бейімдеп «өңдеу», «өзгерту» сол бір аумалы-төкпелі заманда сәнге айналды».
Бүтін елдің мақтанышына айналған хан-cұлтандарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жырау, батырларымыз бен ұлт зиялыларының өкілдері ағартушы-ғалымдарды ұлықтау тарихшыға артылған жүк. Аталған тақырыптарда тарихшыларымыз Ж.Қасымбаевтың «Хан тарихы – Халық тарихы» (Абылай хан туралы), Х.Әбжановтың «Қазақстан интеллигенциясы: тарих пен тағдыр», «Жалған жұмақты әшкерелеген хат», «Ұлттың ұлы ұраншысы» мақалалары, М.Қойгелдиевтің «Алашорда Ұлттық мемлекет құру мақсатының қойылуы: тарихтағы орны мен тарихи маңызы», «Алаштың Әлиханы немесе ол туралы архив материалдарына сөз берсек» атты тағы басқа да осы сияқты тақырыптар төңірегінде көптеген мақалалары жарияланды.
Осылайша халқымыздың қасіреті мен қуанышы қатар өрілген сан ғасырлық тарихын білу біздің борышымыз. Ал біз сол ата тарихымызды насихаттау үшін ең алдымен біржақты көзқарастардан ада болуымыз керек. Кешегі бізді отар елге айналдырған отарлаушы елдердің үстем көзқарасымен бұрмаланған тарих беттеріндегі ақтаңдақтардан арылу жолдарын қарастыруымыз қажет. Осындай ғалымдар мен ұлағатты ұстаздардың артында қалған құнды мұраларының ұрпаққа берер тағылымы орасан зор.
Қазіргі таңда Қазақстан тарихының зерттелуі барысында ұлт баспасөзінің алатын орны өте жоғары. Себебі, баспасөз беттерінде жарияланған тарихи тақырыптарға арналған мақалалар мен арнайы сұхбаттар Қазақ тарихын кәсіби тұрғыда зерттеушілер мен қызығушылық танытушылар арасында екі ұдай пікірлер тудыруда. Ғылыми тұрғыда дәйекті зерттелген кәсіби маманның тұжырымы мен әуесқой тарихшының немесе журналистің ортақ тақырыптағы зерттеуінің мазмұны мен қорытындысы екі түрлі болып жататын тұстары болады.
Жалпы Қазақ тарихын зерттеуде архивтердегі құжаттарға жүгініп тиянақты түрде, қолда бар деректермен салыстыра отырып зерттелген материалдар ғана ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға өз үлесін қоса алады. Сол пікірлерге назар аудару тарихта адасуға жол бермейтіні анық. 
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ЮНЕСКО-ның (БҰҰ-ның білім, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі арнайы ұйымы) «Ұлы Жібек жолы – мәдениеттердің үнқатуы, өзара түсіністігі» және жақындасуы» халықаралық бағдарламасын іске асыру туралы шешімін әлем жұртшылығы жылы қабылдады.
1996 жылғы шілдедегі тарихи-этнографиялық экспедиция жасақталды, оның жүріп өткен жолы Ұлытаудан Үстіртке дейін көш тартты, бұған қоса Жезқазған, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарын қамтыды. Экспедиция өз жеріміздегі ата-бабаларымыздың дәстүрлі мәдениеті мен дүниетанымын насихаттауды, Қазақстан аумағын ежелгі заманнан жаңа заманға дейін мекендеушілер мұрасының әлемдік мәніне жұртшылықтың назарын аударды, еліміздің мәдени өткенінің жетістіктері мен тағылымын игеруге жәрдемдесуді негізгі мақсат етті. Экспедиция мүшелері көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерде болып, іс жүзінде олардың бүгінгі жай-күйімен танысты, олардың арасында Домбауыл, Дүзен, Абат Байтақ, Есет батыр, Исатай, Маханбет, Құрманғазы, Қазанғаптың, Маңғыстаудағы барлық белгілі әулиелер мен батырлардың кесенелері бар. Республика Үкіметі Жошы және Алаша хандардың кесенелерін қалпына келтіруге 60 миллион, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы тарихи жәдігерлерді қалпына келтіруге 40 миллион теңге бөлді. Бүгінгі күні осы қалпына келтіру жұмыстарының көбі ойдағыдай аяқталды.
Қазақ жеріне ежелгі түрік жазулары жәдігерлерінің оралуы тарихи оқиға болды. 2001 жылғы маусымда Астанаға қазақ тарихы мен мемлекеттілігінің бастау көздері туралы баға жетпес ақпараттан тұратын Орхон-Енисей жазуларының көшірмесі келді.
Тарихи мұраны қорғау туралы Заңның негізінде көне дүние жәдігерлері болып табылатын және түбірімен қайта қалпына келтіруге жатпайтын Алматы ғимараттарының тізбесі жасалды.
Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі Қазақстан егемендігінің алғашқы символына айналды.
Жаңа уақыт діни мәдениет жәдігерлерінің мәнін түсінуге де өзінің түзетуін енгізді. 1999 жылғы шілдеде Алматыдағы Орталық мешіттің заңғар үйі пайдалануға берілді. Мешіт бір мезгілде 5 мың адамның кіруіне арналып есептелген. Оның мұнараларының биіктігі әр түрлі, ал басты мұнарасының биіктігі 40 метрге жетеді. Ғибадатханалардың құрылысы басталды, ұлттық діни мәдениет, ағарту, ғибадат орталықтары қайта түледі. Алматыда 25 ұлттық мәдениет орталығы бар. Ислам дінін ұстаушылар 22 мешіт тұрғызды, Ислам университеті құрылды, қасиетті Райымбек қабірі көркейтілді. «Ислам әлемі» журналы және «Нұр Шапағат» газеті басып шығарылды. Жыл сайын Қазақстанның 1500-ге жуық мұсылмандары Меккеге қажылыққа барады. «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдени орталығы ашылды.
Қазіргі кезде өткендегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр, олар: тарихи-археологиялық, тарихи-сәулет бағыттары. Сонымен бірге Қарахан, Айша бибі т.б. кесенелер сияқты жеке алғандағы тарихи-сәулет өнері жәдігерлерін зерттеуге зор көңіл бөлініп отыр. Сондықтан оларды мәдениеттану тұрғысынан, әлемдік мәдениет пен өркениет тұрғысында одан әрі зерделеу қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет