Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет30/43
Дата15.02.2017
өлшемі3,08 Mb.
#4165
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   43

ЖҰБАНОВТАР ЖҰЛДЫЗЫ 

(Жұбановтар әулеті жайында) 

 

Жұбановтар әулеті бүгінде Қазақ елінде елге танымал адамдар бірден-

бір  көп  шыққан  әулет  болып  табылады.  Алғашқы  Қазақ  Совет 

Энциклопедиясының өзінде қазақ ғылымы мен өнерінде өшпес із қалдырған 

төрт  бірдей  Жұбановтың  есімі  берілген.  Бұл  көштің  басында,  әрине, 

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов тұрады.  

Жұбановтардың үрім-бұтағын Қуанның балаларынан өрбіткеніміз жөн 

болар. Бұл ретте Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың былай дегені бар: «Әкем 

Қуаннан он төрт құрсақ бармыз» деп отыратын. Өзім білетіндерін айтайын. 

Үлкені  –  Аққат  апай.  Одан  кейінгі  менің  әкем  Құдайберген.  Содан  соң  екі 



314 

 

қыз  –  Дәмет  пен  Ағиба.  Сосын  Ахмет.  Кәдімгі  Ахмет  Жұбанов.  Одан  кіші 



Мұхамбеди». 

Жұбанов  Ахмет  Қуанұлы  –  қазақтың  көрнекті  музыка  зерттеушісі, 

композитор, тарихшы, дирижер, Қазақ КСР Халық артисі, Қазақ КСР ғылым 

академиясының академигі, өнертану ғылымының докторы, профессор. Ағасы 

Құдайберген  Жұбановтан  тәлім-тәрбие  алған.  Ол  бар  саналы  өмірін  қазақ 

музыкасының  өсуі  мен  қалыптасуына  арнап,  соңына  өлмейтін,  өшпейтін  із 

қалдырды. Ғасырлар бойы атадан балаға таралып келген салт-дәстүрді, әдет-

ғұрыпты, тіл мен мәдениетті жетік білген Ахмет Қуанұлы музыка жанрының 

барлық саласында жемісті еңбегімен көзге түсіп, қайтпас қажырлық танытты. 

Ахмет  Жұбанов  ғалым-шәкірттер  даярлаумен  қатар  республикада  тұңғыш 

тұсау  кескен  Халық  аспаптар  оркестрін  ұйымдастырды.  Дирижерлығы, 

ешқашан  ұмытылмайтын  нағыз  халықтық  ән  мен  күйлер,  камералық, 

симфониялық,  опералық  шығармалар  жазған  үлкен  композиторлық  дарыны 

тағы  бар.  Осыдан  да  болса  керек,  оның  есімі  туған  халқының  арасында  әр 

кезде зор ілтипат, аса құрметпен аталады. 

Ол  ауыл  мұғалімі  Құсайын  Ашығалиевтен,  Ғалым  күйшіден  біраз 

тәлім-тәрбие  алды.  1919-1928  жылдары  хатшылық,  оқытушылық  қызмет 

атқарды.  Темірде  орыс  халық  аспаптары  әуесқойлары  оркестріне  қатысып, 

скрипкашы П.Черняктан (сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) 

сабақ алды.  

1929  жылы  оны  ағасы  Құдайберген  өзімен  бірге  Ленинградка  ертіп 

барады.  Ахмет  Жұбанов  онда  Ленинградтың  М.И.Глинка  атындағы 

техникумында  Этигонның  скрипка  класы  бойынша  білім  алды.  Содан  соң 

консерваторияда  профессор  Н.А.Ниманның  гобой  класы  бойынша  дәріс 

тыңдады.  Кейіннен  музыканың  теориясы  мен  тарих  факультетінде  оқыды. 

Оның  алғашқы  зерттеу  мақаласы  1930  жылы  Ленинградтың  «Рабочий  и 

театр»  журналында  жарияланды.  Ол  зерттеуші-теоретиктер,  майталман 

мамандар  Б.В.Грубер,  А.В.Островский,  Х.С.Кудшарев,  Ю.Н.Гюлйндерден 

дәріс  алды.  Консерваториядағы  сабақтармен  қатар  Ленинградтың  тарихи-

лингвистикалық 

институтының 

тарих-социология 

факультетінде 

этнографиядан  лекциялар  тыңдап,  музыка  фольклоры  саласында  еңбек  етіп 

жүрген  танымал  ғалымдармен  тығыз  байланыста  болып,  музыкалық  нотаға 

түсіру,  жазып  алу  сырларына  қанығады.  Олардың  ақыл-кеңестерін  көңіліне 

мықтап  тоқиды.  Соның  нәтижесінде  Ахмет  Жұбанов  туған  өлкесі  –  Ақтөбе 

аймағына  барған  экспедицияға  қатысады.  Осы  сапарда  жазып  алған 

«Сараның  әні»  1932  жылы  жарияланған  «Сібір  энциклопедиясында»  жарық 

көрді. 

Отызыншы  жылдары  Ахмет  Жұбановтың  ғылыми-зерттеу  жұмысына 



кең  жол  ашылды.  Ғалым  өз  кезегінде  халықтың  музыка  мұрасын  жинап, 

зерттеу барысында оларды нотаға түсірумен ғана шектелмей, небір ықылым 

замандардан  бізге  жеткен  асыл  қазыналардың  сырын  ашып,  әнші-күйші 

композиторлардың  шығармашылығын  шұқшия  талдады.  «Зерттеушінің  осы 

саладағы  тырнақалды  еңбегі  1936  жылы  жарық  көрген  «Қазақтың  халық 


315 

 

композиторы  Құрманғазы»  атты  очеркі  болатын,  –  деп  жазады  өнертану 



ғылымының  кандидаты  Зейнұр  Қоспақов,  –Мұнда  айтулы  күйші 

шығармаларының  мазмұны  мен  әлеуметтік  астарлары,  көркемдік  қасиеттері 

асқан  білгірлікпен  суреттеліп,  домбырашылық  мәдениетті  дамытудағы 

көрнекті  орны  мен  рөлі  анықталды».  Кейін  бұл  очерк  үлкен  монографияға 

ұласты. 

Ағасы Құдайберген Жұбанов ұсталып кеткеннен кейін Ахмет Жұбанов 

партиядан  қуылып,  жұмыстан  босатылды.  Ахмет  Қуанұлының  ұлы  Болат 

Ахметұлы  Жұбанов  сол  күндер  туралы  былайша  сыр  суыртпақтайды: 

«Әкемнің  сол  өте  қиын  әрі  әділетсіз  кезеңдегі  өмірге  деген  ынтазарлығына 

осы күнге дейін өте қатты таңданамын. Тұтқынға алынуды күтіп, түнімен көз 

ілмейтін  күндердің  өзінде  ол  қазақтың  музыкалық  мәдениетін  ең  жоғары 

ғылыми деңгейге көтере білді. Ол сол  бір 30-жылдардың соңында қазақтың 

халық  композиторларына,  ақындарына,  әншілеріне  ғылым  талдау  жасай 

отырып, өнерді жүйелі түрде зерттеді. Ол достарының өтініші бойынша, яғни 

зерттеу  мен  іздену,  еңбек  ету  негізінде  радиоқойылымдар  дайындайтын, 

содан  түскен  азын-аулақ  қаламақысына  жанұясының  өмір  сүруіне  жағдай 

жасайтын. 

Бұл  жұмыстар  Ахмет  Қуанұлының  өмірінің  бір  сәті  болып  қалмады, 

олар  болашақ  шығармашылық  ізденістің  түп  қазығына  айналды.  Соғыстың 

қиын  жылдарында  халықтың  рухани  мәдениетінің  ең  маңызды  саласы  – 

музыкалық  өнер  туралы  алғашқы  кәсіптік-ғылыми  зерттеулер  жинағын, 

«Қазақ  композиторларының  өмірі  мен  шығармашылығы»  атты  ірі 

монографиясын шығарды. 

Еліміздің ғылыми және музыкалық жұртшылығы бұл жұмысты жоғары 

бағалады,  сондықтан  ВАК-тың  (Жоғары  Аттестациялық  комиссия)  1944 

жылғы  шешімімен  оған  КСРО-ның  азиялық  бөлігі  бойынша  бірінші  рет 

өнертану  ғылымдарының  докторы  дәрежесі  берілді.  А.Қ.Жұбанов  музыка 

мәдениеті  саласында  ірі  ғалым  ретінде  1946  жылы  республика  Ғылым 

академиясының  алғашқы  он  төрт  ұйымдастырушы  академиктерінің 

қатарында болды. 

Ұлы  Отан  соғысының  аяқталар  тұсында  Ахмет  Қуанұлы  өзінің 

композитор  жолдасы  Латиф  Хамидимен  бірігіп,  тағы  бір  үлкен 

шығармашылық  ерлік  жасады,  ол  1946  жылы  Алматы  опера  театрында 

қойылған,  М.Әуезов  либреттосына  жазылған  қазақтың  тұңғыш  кәсіптік 

деңгейдегі «Абай» операсы еді. 

Сол  жылдары  партия  билігінің  жоғарғы  сатысында  отырғандардың 

Кенесары  Қасымов  басқарған  халық  азаттық  қозғалысын  теріс  бағалауына 

орай, ел ішіндегі жаппай қуғындаудың басталуынан республиканың көптеген 

ғалымдары  тұтқындалып,  жер  аударылды.  Бұл  зобалаңға  менің  әкем  де  тап 

болды.  Ол  партиядан  қуылып,  республика  Ғылым  академиясының 

кұрамынан 

шығарылып, 

консерваторияның 

ректоры 


қызметінен 

босатылғандықтан, тағы  да  репрессияға  ұшырамау  мақсатымен  «біліктілігін 

арттыру үшін» Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. 


316 

 

Бұл  оған  және  оның  отбасына  өте  ауыр  соққы  болып  тиді.  Ахмет 



Қуанұлы  энциклопедиялық  білімі  бар,  ой-өрісі  жоғары,  оптимист,  табанды 

күрескер адам болғандықтан, өзінің абыройы мен қадірін сақтай  білді. 1953 

жылдан соң Алматыға қайтып оралған ол республика Ғылым академиясының 

толық  мүшелігіне  қайта  сайланып,  Мәскеуде  сол  жылдары  дәстүрлі  түрде 

өткізіліп  тұрған  бірнеше  Қазақстан  өнерінің  онкүндігіне  музыка  саласы 

бойынша  жетекшілік  етті,  консерваторияның  кафедра  меңгерушісі  болды, 

Ғылым академиясында өнертану секторын басқарды. Оның талантынан туған 

опералар, басқа да ірі музыкалық шығармалар – қазақ халқының музыкалық 

өнері  туралы  «Ғасырлар  пернесі»  және  «Замана  бұлбұлдары»  атты  бірегей 

монографиялары тек музыкатанушылардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының 

қолынан  түспейтін  өміршең  кітаптарға,  біртума  шығармаларға  айналды. 

Жоғарыда  айтылғандай,  өзінің  жолдасы  және  әріптесі,  тамаша  композитор 

Латиф Хамидимен бірге ол 1945 жылы қазақ халқының ұлттық классикалық 

операсына  айналған,  М.Әуезов  либреттосының  негізінде  жазылған  «Абай» 

операсын  дүниеге  әкелді.  Өзінің  осы  замандастарымен  бірігіп,  Ұлы  Отан 

соғысының  батырларына  арналған  «Төлеген  Тоқтаров»  атты  операсын 

шығарды.  Оның  музыка  тақырыбына  жазылған  шығармаларының  саны  101 

десек,  Қазақстанның  музыка  мәдениетіне  байланысты  басылып  шыққан 

еңбектерінің саны 316-ға жетті. 

Ахмет Қуанұлының жетекшілігімен өнертану саласында 7 адам ғылым 

кандидаты  атағын  алу  үшін  диссертация  қорғаса,  соның  ішінде  республика 

Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі   Б.Г.Ерзакович те бар». 

Ахмет  Қуанұлы  Жұбанов  туралы  оның  үлкен  қызы,  әке  жолын  қуған 

халқымызға белгілі композитор Ғазиза Жұбанованың айтары мол. Ол өзінің 

«Мир  мой  –  музыка»  деп  аталатын  кітабында  әкесі  туралы  барынша  жылы 

жазады:  «Алты  жасымда  әкем  мені  музыкалық  техникумның  жанындағы 

музыка  мектебіне  алып  барды,  мен  сонда  мұғаліміміз  Бурдановадан 

фортепиано  класы  бойынша  дәріс  ала  бастадым.  Осылайша,  әліппені 

білместен  бұрын  ноталарды  білгенмін.  Баланың  жадында  бәрі  де  сақталады 

емес пе, кез келген пьесаларды тез жаттап алатын едім, тіпті «көрермендер» 

алдында, мектеп олимпиадасында өнер көрсете бастадым... 

Біздің  әкеміз  балаларға  елжіреп  қарайтын,  олардың  қызығушылығы 

мен  талабына,  әсіресе,  музыкамен  шұғылдануына  айрықша  көңіл  бөлетін. 

Есімде, ол ылғи біздің күнделігімізді тексеретін, егер «үштік» немесе тәртіп 

жөнінде ескерту жазылса, онда ол бізді кәдімгідей «сілкілейтін», келесі күні 

міндетті  түрде  мектепке  соғып,  мұғалімдерімізбен  сөйлесетін.  Содан  да 

болар  оның  барлық  бес  баласы  да  мектепті  табыспен  бітірді,  жоғары  оқу 

орындарына,  аспирантураға  түсті,  өзінің  жұмысында  елеулі  жетістіктерге 

жетті. 

Әлі  күнге  дейін  таң  қалатынымыз:  қолы  жұмыстан  бір  босамайтын 



әкеміз  біздің  күнделігімізді  тексеруге,  мектепке  соғуға  қалай  уақыт  тапқан. 

Ал  үйде  өздерін  түгелімен  отбасы  мен  бала  тәрбиесіне  арнаған  шешем  мен 

әжем де бар еді... 


317 

 

Мен  Мәскеуге,  Гнесиндер  атындағы  музыкалық  училищеге  түсуге 



шешім  қабылдағанда,  әкем  менімен  бірге  барды.  Композиторлық  кәсіп 

бойынша  емтихан  алған  профессор,  белгілі  композитор  М.Ф.Гнесин 

қабылдау  емтиханында  маған  «5»  қойып,  мінездемеге  былай  деп  жазды: 

«Ғазиза  Жұбанова  –  композиторлық  қабілеті  бар  талантты  қыз...».  Әкем 

шексіз  қуанды.  Ол  енді  анама басу  айта  алатын  еді.  Өз  кезегінде  анам орта 

мектепті  алтын  медальмен  бітіріп,  училищеге  түсем  дегені  қалай  деп  қатты 

уайымдаған... 

Әкем өмірдің мәні жоғары оқу орнына тіреліп тұрмағандығын, бәрі де 

мұратқа байланысты екендігін, адам күні мен түні соған қызмет істеп, ләззәт 

алатындығын  жақсы  түсінген  еді.  Осылайша  әкемнің  арқасында  кәсібімді 

дұрыс таңдап, осы салада отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін... 

1954  жылы  Мәскеудің  П.И.Чайковский  атындағы  консерваториясын 

үздік  бітірдім,  1957  жылы  аспирантураны  тәмамдадым.  Өзімнің  дербес 

композиторлық қызметім басталғанда әкеміз екеуміз нағыз дос әрі әріптеске 

айналдық.  Мен  онымен  көп  ақылдастым.  Ол  менің  шығармашылық  тұлға 

ретінде  қалыптасуыма,  композиторлық  еңбекке  деген  көзқарасыма  орасан 

зор үлес қосты.   

Өз  кезегінде  ол  да  менімен  ақылдасып  тұрды,  тек  шығармашылық 

мәселеде  ғана  емес...  Осылайша,  әкем  досыма  айналды,  онымен  ойымда 

жүрген,  толғандыратын  мәселелер  жөнінде,  тіпті  менің  балаларым  –  оның 

немерелері  жөнінде  де  пікірлесуге  болатын  еді.  Ол  немерелерін  жақсы 

көретін, олар да атасының елжіреген ықыласын ұмытпақ емес... Менің үлкен 

қызымды  ұлы  домбырашы  Дина  Нұрпейісованың  құрметіне  Дина  деп 

атады... 

Ол  өмірді  құлай  сүйетін,  адамдар  үшін,  өзінің  балалары  үшін  көп 

шаруа тындырды... Ол – шынайы тұлға, өз халқын қалтқысыз сүйетін үлкен 

суреткер еді. Жүрегі нәзік, қиялы ұшқыр, жігер-күші мол, жеңіл жараланатын 

жан  болатын...  Оған  қызғанышпен  қарайтындар  да  аз  емес-ті.  Таланты  тым 

жарқын  еді,  тұлғасы  да  ерекше  еді.  Ол  музыкалық  білім  алған  (Ленинград 

консерваториясында  музыкатану  мамандығын  алған)  тұңғыш  қазақ 

болатын...». 

Қазақстанның  Халық  әртісі,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,  қазақ 

күй  өнерінің  сандақтарының  бірі  профессор  Қаршыға  Ахмедияров  «Жас 

алаш»  газетінің  1999  жылғы  26  маусымдағы  нөмірінде  газет  тілшісімен 

әңгімесінде былай дейді:  «Дүние жүзінде Құрманғазы  оркестріндей оркестр 

жоқ. Неге? Немен дәлелдей аламыз? Себебі қазақ халқы сияқты күй өнеріне 

бай халық жоқ. Мұны ғылыми түрде дәлелдеген –  Құдайберген Жұбанов. Ол 

халық  жауы  делініп  атылып  кеткесін  бұл  істі  інісі  Ахмет  Жұбанов 

жалғастырды.  Ахаңның  ұлылығы  сол  –  сол  байлықты  қолдана  отырып, 

Құрманғазы  оркестрінің  негізін  қалады.  Кеңес  одағы  кезінде  дүниежүзілік 

фестивальға,  осы  оркестр,  қазақ  оркестрі  барды.  Орыс  емес,  өзбек  емес, 

ұйғыр емес, қазақ оркестрі. Әлемге Кеңес одағын, қазақ халқын Құрманғазы 

оркестрі  танытты.  Және  фестивальдің  бас  бәйгесін  иеленді».  Күйшілік 


318 

 

мектептер туралы айта келіп, Қ.Ахмедияров тағы да былайша ойын өрбітеді: 



«А.Жұбанов барлық күйшілерді зерттеп, күйлерін сараптай келе, Құрманғазы 

мен  Тәттімбетке  тоқтайды.  Неге?  Себебі,  олардың  күйлері  –  таза  аспаптық 

жанр». 

«Ұлттық оркестрді құру тарихи оқиға болды,  – деп еске алады Ғазиза 



Жұбанова,  –Бірінші  концерттен  соң-ақ  халық  оны  жылы  қабылдады, 

сүйіктісіне  айналды.  Әкем  оны  құрушы  ғана  емес,  алғашқы  дирижеры  да 

болды.  Оркестрдің  өнерін  халық  ғажап  оқиға  ретінде  қабылдады.  Ол 

оркестрмен  бірге  республикамыздың  түкпір-түкпірінде,  сондай-ақ  олардың 

сырт жерлерінде де ұзақ сапарларда болды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ 

өнері мен мәдениетінің алғашқы онкүндігінде оркестр керемет табысқа жетті. 

Үлкен  театрдағы  оркестр  концертінің  кинокадрлары  сақталған.  Олардың 

орындауындағы  халық  классиктерінің  күйлері  жәй  кәсіптік  деңгейден  де 

жоғары... Бұл Ахмет Қуанұлының өмірінің «ғажап сәттері» болатын. 

Бұған  бір-екі  жыл  опера  театрында  дирижер  болғанын  қосар  едім.  Ол 

спектакльдерде  мен  де  болғанмын...  Спектакльдер  зор  табыспен  өтті,  ел 

қазақдирижерға да баратын... 

Менің  әкем  өте  еңбекқор  және  мақсатына  жету  жолында  табанды  еді 

(осы  қасиеті  маған  да  жұққан  сияқты).  Қырқыншы  жылдардың  басында  ол 

«Қазақ  халық  композиторларының  өмірі  мен  шығармашылығы»  деген 

кітапты  жазуға  кірісті.  1942  жылы  аталмыш  кітап  жеке  басылып  шықты. 

Кітаптың  табысы  күткендегіден  де  асып  түсті.  Ол  бір  сәтте  сатылды.  Бұл  – 

қазақ  музыкатану  ғылымындағы  алғашқы  монография  еді...  Әкемнің 

өміріндегі  тағы  бір  жарқын  мереке  –  1964  жылы  Мәскеуде  өткен 

антропология  және  этнография  жөніндегі  халықаралық  конгресс,  онда  ол 

баяндама  жасап,  «Ақсақ  Құлан»  күйін  домбырада  керемет  етіп  тартып 

берген... 

1966 жылы әкемнің өмірінде ең үлкен мереке болды. Оның мерейтойы 

–  туғанына  60  жыл  толуы  –  ресми  түрде  алғашқы  және  соңғы  рет  аталып 

өтілді.  Салтанатты  рәсім  Қазақтың  Абай  атындағы  опера  және  балет 

театрында  өткізілді.  Сахнада  анам  да,  біз  –  балалары  да,  немерелері  де 

болдық...  Құттықтау  борап  кетті.  Көрермен  қауым  құттықтауларды  жылы 

қабылдады,  мерейтой  иесінің  жауап  сөзін  ықылас  қойып  тыңдады.  Әкем 

тамаша  және  озық  ойлы  шешен  еді.  Оның  даусы  онша  қатты  шықпайтын, 

сондықтан  да,  ол  сөйлеген  кезде,  консерваторияда  студенттерге  лекция 

оқығанда  да  мүлгіген  тыныштық орнайтын.  Бұл  оның үлкен аудиториядағы 

соңғы сөзі болса керек. Бұдан соң әкемнің шығармаларынан  құрастырылған 

мерекелік  концерт  болды,  онда  жас  өнерпаздар  да,  әртүрлі  театрлар  мен 

концерттік ұйымдардың тәжірибелі әртістері де өнер көрсетті...». 

Ахмет  Жұбанов  халық  музыкасын  асқан  ұқыптылықпен  зерттеп, 

қазақтың  мыңдаған  әндері  мен  күйлерін  нотаға  түсірді.  1958  жылы 

А.Жұбановтың «Ғасырлары пернесі» атты монографиясы әуелі орыс тілінде, 

кейін  қазақ  тілінде  жарық  көрді.  Мұнда  көрнекті  халық  композиторлары 

Дәулеткерей,  Құрманғазы,  Дина,  Сейтен,  Тәттімбет,  Байсерке,  Абыл, 


319 

 

Ықылас, Сармалай және басқалардың өмірі мен шығармашылығына арналған 



монографиялық  очерктер  орын  алған.  Бұл  еңбек  қамтылған  материалдар 

молдығы  жағынан,  қарапайым  тілмен  баяндау  тұрғысынан  жұртшылықтың 

көңілінен шықты. 

1963 жылы Ахмет Жұбановтың тағы бір қомақты зерттеу сипатындағы 

еңбегі  «Замана  бұлбұлдары»  дүниеге  келді.  Онда  қазақтың  аса  көрнекті 

халық  композиторлары  мен  әншілері  Біржан  сал,  Ақан  сері,  Мұхит,  Абай, 

Балуан  Шолақ,  Жаяу  Мұса,  Үкілі  Ыбырай,  Мәди,  Майра,  Әміре  және 

басқаларының өмірі, орындаушылық шеберліктері жайында мол мағлұматтар 

беріледі.  Осы  еңбегі  үшін  Ахмет  Жұбановқа  1968  жылы  Қазақстан  Ғылым 

академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. 

Ахмет  Жұбановтың  композитор  ретіндегі  жеке  шығармашылығы  да 

қазақ  музыкасының  тарихынан  ерекше  орын  алады.  Оның  әндері  мен 

романстары,  камералық  және  аспаптық  шығармалары,  драмалық  пьесалары 

мен кинофильмдерге жазған туындылары – өз алдына бір төбе. 

Қазақ  тілінде  тұңғыш  «Музыкалық  әліппе»  жазған  да  –  Ахмет 

Жұбанов.  Қазақстан  Ғылым  академиясының  М.Әуезов  атындағы  Әдебиет 

және  өнер  институтының  музыка  бөлімін  басқарды.  Оның  шоқтығы  биік 

туындысы  Л.Хамидимен  бірігіп  жазған  «Абай»  операсы  болса  (аталмыш 

шығармасы  үшін  Мемлекеттік  сыйлықты  иеленді),  өзі  бастап  жаза  бастаған 

«Құрманғазы» атты қазақтың тұңғыш радиооперасын қызы Ғазиза Жұбанова 

аяқтады. 

Ахмет  Қуанұлының  қоғамдық  қызметіне  келсек,  ол  Алматы 

мемлекеттік  консерваториясының  ашылуына  айтулы  үлес  қосты,  ректоры 

болды,  осы  консерваторияның  халық  аспаптары  кафедрасын  басқарып,  жас 

музыка  мамандарын  даярлауға  атсалысты.  Жамбыл  атындағы  Мемлекеттік 

филармонияның ұйымдастырылуына ұйытқы болды, осы мекемеге біраз жыл 

директорлық  етті.  Қазақ  музыкасының  қалыптасу  кезеңінен  бастап  күні 

бүгінге  дейінгі  жетістіктерінде  Ахмет  Жұбановтың  орасан  зор  еңбегі  бар. 

Ғалым-академик,  педагог,  композитор,  дирижер,  қоғам  қайраткері  Ахмет 

Жұбановты  өнер  сүйер  қауым  «саз  бен  сөздің  сәулеткері»  деп  орынды 

атайды.  

Қуанның кіші ұлы Мұханбеди 1909 жылы дүниеге келген. Ол Ақтөбе 

педагогикалық  техникумын  бітіріп,  отызыншы  жылдардың  басында 

Алматының маңындағы Шамалған селосында жұмыс істеген. Кейін аудандық 

оқу бөлімін басқарған. Мұханбеди Қуанұлы ертерек қайтыс болған. 

Қ.Қ.Жұбановтың  балаларының  үлкені  –  Жұбанова  Мүслима 



Құдайбергенқызы  Ақтөбе  облысы,  Жұрын  ауданында  1926  жылы  дүниеге 

келген.  2012  жылы  3  маусымда  дүниеден  өтті.  Тіл  білімі  маманы,  ғылым 

кандидаты (1965). 1946 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, 1950 жылы 

Алматы  Мемлекеттік  қыздар  педагогикалық  институтының  филология 

факультетін бітірген. 1950-52 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының оқу 

бөліміне  нұсқаушы,  1953-1959  жылдары  Петропавловск  қазақ  орта 

мектебінде, педагогикалық училищесінде қазақ тілі мен әдебиетінен және сол 


320 

 

пәндердің  әдістемесінен  сабақ  берді.  1959-1961  жылдары  «Қазақстан 



мектебі»  газетінің  редакциясында  әдеби  қызметкер,  1961-1962  жылдары 

Білім 


министрі 

жанындағы 

педагогика 

ғылымдар 

институтының 

аспирантурасында  оқыды.  1964-1974  жылдары  сол  институтта  бастауыш 

кластың  оқу  әдістемесі  бөлімінің  меңгерушісі,  1974-1984  жылдары  Қазақ 

мемлекеттік  қыздар  институтының  педагогика  кафедрасында  доцент  болып 

істеді.  ҚР  ҰҒА  корреспондент  мүшесі,  профессор  А.Ысқақовтың 

жетекшілігімен  «Қазақ  мектептеріндегі  1-класс  оқушыларын  сауаттылыққа 

үйрету»  деген  тақырыпта  кандидаттық  диссертация  қорғады.  КСРО  және 

ҚазКСР  Халық  ағарту  ісінің  озық  қызметкері  деген  атақтармен 

марапатталды.  Ғалым-ұстаздың  «1-класта  сауат  ашу  мәселелері»  (Алматы, 

1967),  «Эксперименттік  әліппе»  (Алматы,  1968),  «Әліппе  оқытуға 

методикалық  нұсқау»  (Алматы,  1968),  «Қазақ  тілінен  3-класқа  арналған 

дидактикалық  материалдар»  (Алматы,  1974).  «Әліппе»  (Алматы,  1992), 

«Қ.Жұбанов  ұлттық  дидактика  проблемалары  хақында»  (Алматы,  2002), 

«Әулет  және  заман  белестері»  (Алматы,  2009),  «Ұлттық  тәрбие  тағылымы» 

(Құдайберген  Жұбановтың  ғылыми  мұрасы  негізінде),  Алматы,  2012)  атты 

еңбектері мен 200-ге жуық мақаласы жарық көрді.  

Мүслима  Жұбанова  әкесі  Құдайберген  Жұбанов  туралы  естелігінде 

былайша  толғанады:  «Папам  үйге  келгенде  біздің  үйге  ерекше  қуаныш, 

шаттық ере келетін еді. Бізбен бірге папамның келгеніне ауылдың үлкені мен 

кішісі  түгел  қуанатын.  Біз  болсақ,  папамды  көргенімізге,  ол  әкелетін 

ойыншықтар  мен  конфеттерге  қуанамыз.  Бізден  басқа  ағайын-туыс, 

ауылдастардың  балалары  да  сол  ойыншықтармен  ойнап,  конфет,  алма  т.б. 

сый  алғанына  куанады.  Оның  үстіне,  папам  балалармен  әңгімелесуді, 

ойнауды  жақсы  көретін  мінезі  бар  еді.  Сондықтан  папам  келгенде  бізге 

ілесіп, ауылдың барлық баласы коса алдынан шығып қарсы алатын». 

Ленинградта  әкесі  Құдайберген  Жұбановпен  бірге  жатақхананың 

төртінші  қабатындағы  кең  бір  бөлмеде  тұрған  Мүслиманың  естелігінің 

тағылымдық тұсы мол. «Мен балабақшаға баратын болдым,– деп еске алады 

Мүслима  Құдайбергенқызы,  –Папам  өзінің  академиясына  кетеді,  таңертең 

екеуміз үйден бірге шығамыз, кешке бірге қайтамыз... Кейде папамның кешкі 

жиналыстары  болады  академияда.  Ондайда  ол  мені  бақшадан  алып, 

академияға  ертіп  келіп,  бір  бұрышқа  отырғызып  қояды.  Соның  арқасында 

мен  кішкентай  кезімде  Ленинград  академиясын,  оның  яфеттік  тіл  ғылымы 

институтын  көрдім.  Жер  жүзіне  атағы  белгілі  үлкен  ғалым  Н.Я.Маррды 

көрдім,  ол  шоқша  сақалды,  арықша  келген  шағын  кісі  еді.  Сақалы  мен 

шашының  ағы  мен  қарасы  тең  болғандықтан  ба,  менің  көзіме  көкке  бояп 

қойғандай  көрінетін.  Түсі  суық,  сөйлегені  кейіп  тұрғандай  болып  көрінетін 

маған.  Содан  болар  папама:  «Сендер  бәрің  жиналып  бір  шалдан  неге 

қорқасыңдар?»  –  дейтінмін.  Папам  маған:  «Сен  біздің  қорқатынымызды 

қайдан білдің десе», мен: «Ол сендерге қатты-қатты ұрсып жатқанда, біреуің 

қарсыласпай, тыныш отырасыңдар, ал ол күлсе, бәрің қосыла күлесіңдер», – 


321 

 

деймін...  Түсі  суық  болғандықтан,  маған  ұнамай  жүрген  Маррдың  бір  күні 



көзінен жас аққанша күлгенін де көрдім. 

Папам мені бақшадан алып, академияға ертіп келді. Қолыма қағаз, бояу 

қарындаштар беріп бұрыштағы терезенің алдына отырғызып, терезенің күрең 

қызыл  қалың  пердесімен  тасалап  қойды.  Мен  сурет  салуға  кірістім. 

Басталайын  деп  жатқан  партияның  жабық  жиналысы  екен.  Партия 

ұйымының  хатшысы  жиналысты  бастай  бергенде,  Марр  тұрып:  «арамызда 

партияда жоқ адам бар, мен бастауға қарсымын»,– десе керек. 

Отырғандар  аң-таң  болып  бір-біріне  қарап,  ол  кім  дегендей  болады. 

Сонда  Марр:  «Әне  терезенің  алдында  отыр»,–  деп  мені  көрсетіпті.  Сөйтіп, 

жиналыстың  алдында  бәрі  мәз  болып  күліп  алыпты.  Мен  болсам, 

отырғандардың,  әсіресе,  Маррдың  қатты  күлгенін  естісем  де,  маған  күліп 

жатқанын сезбей отыра бердім». 

Әкесі ұсталған күн туралы мұңға толы сыры да назар аударуға лайық: « 

...мен  төртінші  класта  оқитынмын.  Ноябрьдің  он  үші  күні  Асқар  туды. 

Папамның  қолы  тимейтін  болғандықтан,  көбіне  мамама  тамақ  таситын 

Ақырап  екеуміз  едік.  Асқарға  қоятын  ат  іздеп  әуреленетін  де  біз  едік. 

Ноябрьдің  он  тоғызы  күні  кешкі  төрт-бестерде  сабақтан  келсем,  мамам 

роддомнан  шығыпты.  Папам  жаңа  туған  Асқар  мен  мамамды  үйге  алып 

келіп,  өзі  ҚазПИ-ге  кешкі  лекциясына  кетіпті.  Әжем  (мамамның  шешесі) 

кухняда  үлкен  самаурынды  қайнатып  қойып,  папамды  күтіп  жүр  екен.  Дәл 

сол  күні бізді бақытсыздық  күтіп  тұрғанын  қайдан  білейік,  папам  келісімен 

үйімізге  толатын  шаттықты,  тойды  ойлап,  қанатымды  қомдап,  шаттығым 

кеудеме  сыймай,  ұшып  кете  жаздап  жүрмін.  Бір  кезде  есік  қағылды.  Мен 

жүгіріп  барып  есік  аштым.  Екі  адам  келіп  папамды  сұрады,  мен  жөнімді 

айттым. Сұр киімді екеу менің сөзіме құлақ асқан да, жауап берген де жоқ. 

Ойымда  ешнәрсе  жоқ,  мамамның  қасына  барып,  інімнің  бетіне  қарап, 

отырып қалдым. Бір кезде басқыштан біреудің көтеріліп келе жатқанын естіп 

жүгіріп  шықтым.  Осы  кезде  папамның  дем  алған  дыбысын  танып,  есіктің 

кілтін  бұрай  беріп  едім,  есік  алдындағы  екі  адам  білегіме  шап  беріп 

жабысып,  мені  кейін  серпіп  тастады.  Тұла  бойым  дірілдеп  кетті.  Бұрын- 

соңды білмеген таныс емес сезім пайда болды маған. Сол кезде папам келді. 

Папам кабинетке кірді, екі адам соңынан ерді. Біраз уақыттан соң папам әуелі 

мамамды,  содан  кейін  бәрімізді  қасына  шақырды.  Әлгі  келгендердің  біреуі 

жазып  отыр,  біреуі  үйді  тіміскілеп  тінтіп  шықты.  Папамның  партбилеті, 

КазЦИК-тің  значогы  столда  жатыр.  Тісіміз-тісімізге  тимей  қалшылдап 

тұрмыз,  бірақ  жылаған  жоқпыз  және  ешнәрсені  түсініп  те  тұрған  жоқпыз. 

Біздің ішімізде Есет қана: «Папа, мыналар саған не деп тұр?»  – деп, даусын 

шығарып  жылап  жіберді.  Папам  Есетке  жауап  беріп:  «Бұлар  мені  жау  деп 

тұр,  кімнің  жау  екенін  көрерміз!»  –  деді,  аналарға  ызғарлана  сөйлеп,  орыс 

тілінде.  «Жау»  деген  сөздің  папама  қандай  қатысы  барын  түсінбесем  де, 

сартылдап  соққан  жүрегім  мен  қалшылдаған  денеме  ие  болар  емеспін. 

Папамды  алып  кетті,  біз  қала  бердік.  «Қарап,  тексеріп  босататын  шығар, 

папаларыңның кінәсі жоқ қой»,– деді мамам. 


322 

 

Біз  үміттенеміз.  Бір  күні  үйімізге  папамыздан  хат  келді.  Онымен 



кездесу  үшін  кімге,  қалай  жолығу  қажет  екенін,  тергеушісінің  аты-жөнін, 

телефонын жазыпты. Қуаныштың шегі жоқ, бұл бір жақсылық деп ойладық. 

Бардық,  папамызды  көрдік,  содан  төрт  ай  бойы  жеті  сайын  көріп  тұратын 

болдық.  «Ендігі  хабар  өзімнен  болады,  бұл  араға  енді  келмеңдер»,–  деді 

папам төрт айдан кейін. Бізге ол сол күні бір түрлі қуанышты болып көрінді. 

Ертеңіне Ақырап екеуміз тергеуші Мавлютовтың кабинетіне телефон соқтық. 

Ол  Ақыраптың  даусын  танып:  «Папаңа  он  жылға  үкім  шығарылды,  бір  ай 

шамасында өзінен хабар келуі мүмкін»,– деді. 

Қуанып үйге келдік, жазықсыз екенін білсек те, он жылға риза болдық. 

Арада  үш  күн  өтті.  Тағы  сөйлесіп  көрейін  деген  ой  келіп,  бұл  жолы 

телефонды мен соқтым. Бұрынғы таныс дауыс емес, басқа дауыс бізге ұрсып: 

«Тергеу  біткен  жоқ,  ендігәрі  телефон  соқпаңдар»,–  деп  жауап  берді.  Бар 

көргеніміз  осы  болып  қала  бердік.  Қайғылы  күндер  басталып  кетті.  Біз 

ешкімнің  үйіне  бұрынғыдай  бармаймыз.  Бізге  көмектескісі  келетін  бірен-

саран адамдар ұрланып түнде келеді». 

Мүслима он төрт жасында «папамды неге жау деді?» – деген сауал маза 

бермей, жыр шумақтарын жазады: 

 

«Бұлқынып, жүрек тулап, көне алмай тұр,  



«Әкең жау» деген сөзге сене алмай тұр.  

Орыны қас пен достың ауысты ма,  

Жауабын бала ақылы бере алмай тұр!  

 

Жау деген болмай ма екен жалмауыздай,  



Қаскүнем, қара ниет, қаны мұздай.  

Адал жанды «жаусың» деп жала жапса,  

Ет-жүрек жарылмай ма, сыздай-сыздай!» 

 

Әкеге  деген  сағыныш  ақ  көңілімен,  балалық  пәк  жүрегімен,  үлкен 



үмітпен, құдіреті күшті Сталиннің өзіне хат жазуға итермелейді: 

«Қымбатты Иосиф Виссарионович! 

Сіздің  балаларды  жақсы  көретініңізді  білгендіктен,  шын  жүрегіммен 

сырымды  ашып,  көмек  күткелі  отырмын.  Менің  әкемді  «жау»  деп  ұстап 

кетті,  бірақ  бұл  –  жала.  Маған  сеніңіз,  мен  –  пионермін,  өтірік  айтпаймын. 

Оны  босату  тек  сіздің  ғана  қолыңыздан  келеді.  Барлық  жақсы  адамдарды 

ұстап тауысты. Қазір сағат он екіден асты, мен болсам ұйықтамай, сізге хат 

жазып  жылап  отырмын,  жолдас  Сталин,  мына  сия  тамшыларының  астында 

менің  көзімнің  жасы  бар,  жас  кеуіп  кететін  болғандықтан,  әдейі  үстіне  сия 

тамыздым». «Менің хатым көсемнің қолына тисе, папамды шығарады ғой»,– 

деп ойлаған Мүслиманың үміті мол еді, бірақ ол үміті ақталмады. 

1998 жылы Ақтөбе университетінің алдында әкесінің әдемі ескерткіші 

бой кетергенде Мүслима «Ескеркіш болып келді әкем» деген өлең жазды: 

 


323 

 

«Қанатым жоқ ұша алмадым, қалайын,  



Тым болмаса қиялыммен шабайын.  

Туған жерге ескерткіш боп келді әкем,  

Сол орынды ой көзіммен табайын.  

 

Ақтөбеде көшелер бар бағы асқан 



Ұл-қызының есімдері жарасқан. 

Ағайынды Жұбановтар көшесі, 

Мейірім төгіп Әлиямен санасқан. 

 

Сол бір жерлер көңілге ыстық, арайлы,  



Биік үйлі, салтанатты сарайлы.  

Менің әкем атындағы ұядан,  

Білім алып күнде шәкірт тарайды. 

 

Көрдім, әне, әкемнің тас денесін,  



Тас деймін-ау, тірі десе сенесің.  

Көпке қарап, шабыттанып сөйлеп тұр,  

Не дер екен тындайықшы кеңесін:  

 

–Армысыздар, аңсап көрген ағайын,  



Кейін туған жас ұрпақ қой маңайым,  

Культке құрбан болып кеткен атаңмын,  

Сол мұңымды өздеріңе шағайын. 

 

Ақкөңілмін, алданып тым қалыппын,  



Көбелек боп отқа түсіп жаныппын.  

Бостандық деп таңдап түскен жолымыз,  

Есігі екен қап-қараңғы тамұқтың.  

 

Шын бостандық енді ғана келіпті,  



Қазақ елі болар деймін көрікті. 

Туар талай Құдайберген бұл елден,  

Көңілім бүгін саған анық сеніп тұр. 

 

Өнер, ғылым, қатар жайсын өркенін,  



Жаңа көштің көрсін елім көркемін.  

Желбіресін көкшіл туы қазақтың,  

Нұрын шашсын шаңырақтан ерке күн». 

 

Мүслима  Құдайбергенқызының  ғұмыры  нақақтан-нақақ  жала  жабылып, 



38-ақ  жасында  өмірі  қиылған  әкесіне  арнаған  өксікке  толы  өлеңдері  2001 

жылы  «Әке-жыр»  атты  кітапқа  айналса,  естеліктері  2009  жылы  «Арыс» 

баспасынан  «Әулет  және  заман  белестері»  атты  эссе-кітап  түрінде  жарық 


324 

 

көрді.  Автордың  қаламы  қолынан  өмірінің  соңына  дейін  түскен  емес.  Өзі 



ауырып,  төсек  тартып  жатса  да,  осы  екі  дүниені  тағы  бір  рет  ой  елегінен 

өткізіп, «Жұбановтар әулеті және заман белестері» атты кітапқа жинақтап 

берді.  Өкініштісі  –  Мүслима  Құдайбергенқызына  бұл  кітаптың  шығуын 

көруге тағдыр жазбапты...  

Кітапта қазақ ғылымы мен өнерінің жарқын жұлдыздары Құдайберген мен 

Ахмет Жұбановтардың өмірбаяны жан-жақты ашылып, біртуар тұлғалардың 

ел  үшін  еткен  еңбектері  нақты  дәйектеледі.  Тектілерден  тараған  тұғырлы 

тұлғалар  тартқан  тауқыметті  тебіренбей  оқу  мүмкін  емес.  Естелік-кітаптан 

бір әулеттің өмір тарихымен танысып қана қоймай, сол дәуірдегі бүкіл қазақ 

елінің басынан өткен қиындыққа куә боласыз. 

Еңбектің  алғы  сөзін  жазған  академик  Рабиға  Сыздық  «Автордың  естелігі 

Құдекең мен Ахаңның қызы, туысы болғандықтан, олар туралы өзгелер көп 

біле  бермейтін  қырлары  мен  сырларын  қалай  жеткізгендігімен, 

шыншылдығымен өте құнды»,  – деп бағалай келе, автор туралы: «Мүслима 

Жұбанова – қаламы бар, яғни жазушылық, ақындық, суреткерлік дарыны бар 

педагог.  Оның  ақындық  таланты  сүйсінуге  тұрарлықтай,  ол  адам  портретін 

таныта  білетін  журналистік  пе,  жазушылық  па,  әйтеуір,  проза  дүниесіне  де 

әдемі бара алатын дарын иесі екен (әрине ғылыми, педагогикалық еңбектері 

мен  оқулықтарын,  әдістемелік  туындыларын  былай  қойғанда)»,  –  деген 

лебізін білдіреді (156, 3-4). Автордың көркемдік шеберлігімен қатар, әкесіне, 

ағасына,  іні-сіңлілері  мен  жақындарына  қатысты  әр  кезеңдегі  оқиғаларды 

есіне  қалтқысыз  сақтап,  шынайы  суреттегендігіне  таңданбасқа  шараңыз 

қалмайды. 

Кітаптың  «Қилы  заман,  қиялы  жолдар»  деп  аталатын  бірінші  бөлімі 

автордың  Құдайберген  Қуанұлы  Жұбановтың  100  жылдық  мерейтойына 

арналған  конференцияда  бір  жағынан  қуана,  бір  жағынан  қамыға  отырып, 

сахна төріне ілінген әке суретімен «іштей тілдесуімен» басталады: «Папа,  – 

дедім мен күбірлеп.  

–  Сен  кеткенде  бәріміз  жас  едік  қой,  балаларыңды  таныдың  ба?...»  –  деп 

езіле  іштей  сұрақ  тастайды  да,  әке  әулетінен  тараған  ұрпақтың  –  балалары 

мен  немере,  шөберелерінің  ғылым,  өнер  жолындағы  жетістіктерін 

мақтанышпен жеткізеді.  

Естеліктің  екінші  бөліміне  топтастырылған  автордың  қаламынан  туған 

жырлардың  негізгі  тақырыбы  –  қуғын-сүргін  құрбаны  болған,  қазақтың 

біртуар  ұлы,  профессор  Құдайберген  Қуанұлы  Жұбановтың  (1899-1938) 

тұлғасын ашар перзенттік сағыныш. 

Еңбектің «Ұшқан ұядан ән-күй сапарына» деп аталатын бөлімі, негізінен, 

академик  Ахмет  Жұбановтың  қазақ  өнеріне  сіңірген  еңбегі  мен  өзіндік 

тұлғасын танытуға арналған. 

Кітаптың  соңғы  сөзі  ретіндегі  «Жапырақ  жайған  бәйшешек»  атты 

бөлімдегі  мына  жолдарға  ой  жүгіртпей  кете  алмайсыз:  «Өнер  –  адам 

баласының  бойындағы  ұлы  қасиет.  Өнерлі  болу  үшін  адамға  табиғаттан 

берілген  дарын  керек.  Дарынды  адамға  дұрыс  бағыт  беріп  тәрбиелесе, 


325 

 

өнерінің  өсіп-өркендеуіне  жағдай  туғызса,  ол  жұлдыздай  жарқырайды. 



Жұлдыз көзге тез шалынады. Оны халық болып құрметке бөлейді» (156, 235). 

Шынында  да,  кітапты  терең  толғаныспен  оқи  отырып,  тамыры  терең 

тектіліктен  нәр  алған  табиғи  дарын  иелері  –  Жұбановтар  әулеті  жұлдыз 

сияқты жарқырай беретініне бек сенесіз. 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет