Мектепке дейінгі ұйым жұмысына әдістемелік басшылық



Дата11.08.2023
өлшемі19,94 Kb.
#105175

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ЖҰМЫСЫНА ӘДІСТЕМЕЛІК БАСШЫЛЫҚ
Еліміздің білім беру жүйесі – үлкен жауапкершілік арқалайтын, мемлекет тұғырын биік, келешегін кемел ететін басты сала. Болашақ ұрпақ бойына білім дәнін сіңіріп, ұлттың сапасын арттырып, халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыратын тұғырлы тұлға тәрбиелейді. Бұл ретте білім беру саласының алғашқы баспалдағы – балабақшаға жүктелер міндеттің салмағы ауыр, бәсі биік. Сондықтан да ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектепке дейінгі ұйым жұмысына ерекше тоқталады: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» [1], - дейді.
Мектепке дейінгі мекемедегі жалпы басшылық жұмысын меңгеруші атқарады. Лауазымды тұлға оқу-тәрбие жұмысының өзекті мәселелерін әдістемелік жұмыстарға жауапты әдіскер-тәрбиешімен бірлесе отырып шешеді. Мектепке дейінгі ұйымда жүргізілетін әдістемелік жұмыс түрлерінің мазмұны педагог мамандардың сапалық құрамына, педагогикалық шеберлік деңгейіне, жұмыс тәжірибесіне байланысты болады.
Сондай-ақ, ғалым К.Метербаева өз еңбегінде «Меңгеруші мен әдіскер жұмысының бір бөлігі – тіл дамытуға байланысты» [2,146] дей келіп, мынадай болжалды бағыттарды ұсынады:
- барлық топта тіл дамыту бойынша бағдарламаның орындауын бақылау және қамтамасыз ету;
- топ тәрбиешілері арасында, сол сияқты балабақша мен мектеп арасындағы байланысты жүзеге асыру;
- тәрбиешіге әдістемелік көмек көрсету;
- тіл дамыту бойынша қажетті жағдайлар жасау: әдістемелік кабинетті жабдықтау;
- тіл дамыту бойынша тәрбиешінің біліктілігін жетілдіру.
Әдіскер тәрбиешілер үшін әдістемелік жұмыстың мына түрлеріне жетекшілік жасайды: ұсыныс-кеңестер, тақырыптық әңгімелесу, семинарлар, іскерлік ойындар. Бүгінгі білім саласында тәрбиешіге нақты ұсынылған кеңес беруден гөрі олармен ақылдасып, мәселенің шешімін бірге іздеген тиімдірек. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына да инновация енгізе отырып, кез келген мәселені шешудің жаңа түрлері мен әдістері ұсынылады. Мұның өзі тәрбиешінің кәсіби біліктілігін арттыруға, тұлғалық дамуына, шығармашылық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай әдістемелік көмек моделі мына жүйемен құрылады:
- әдістемелік көмек;
- тәрбиешілердің шығармашылық тобы;
- тәлімгер тәрбиешілер тобы;
- ақпараттық қолдау тобы.
Мектепке дейінгі ұйымда әдістемелік кеңес оқу жылында төрт рет өткізіледі. Әдістемелік кеңес жұмысын әдіскер ұйымдастырады. Әдістемелік кеңес жоспарға сай өткізіліп, онда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың өзекті мәселелері талданады, қажетті іс-әрекеттерді жұмыс тәжірибесіне енгізу жолдары ұсынылады, дәрістер оқылып, танымдық материалдар жинақталады, әдістемелік құралдар дайындалып, мекеменің жұмыс тәжірибесін түрлі байқауларға ұсыну туралы шешім шығарылады.
Тәрбиешілердің шығармашылық топ құрамына бес және одан да жоғары педагогикалық өтілі бар тәрбиешілер жинақталады. Шығармашылық топ оқу үдерісіндегі жаңа бағдарламалар мен оқыту технологияларын педагогикалық қолданысқа енгізу жұмысына жауапты болады. Мұндай топтың педагогикалық ізденіс нәтижесі түрлі семинар, дөңгелек үстел, кеңестер, шеберлік сағаттары мен іскерлік ойындар, пікірталастар ретінде қорытындыланады.
Тәлімгер тәрбиешілер құрамы әр оқу жылының басында жасақталып, жыл бойы жас мамандармен жүргізілетін жұмыс жоспарын талқылайды. Сонымен бірге әр тәлімгер жас маманның жеке ерекшеліктері мен мүмкіндігіне қарай жеке-жеке жұмыс жоспарын дайындайды. Іс-тәжірибелік жұмыстар жоспарға сай жүргізіледі.
Ақпараттық талдау тобына жинақталған компьютерлік технологияны жеткілікті дәрежеде жетік меңгерген мамандар мектепке дейінгі білім беру жүйесін ақпараттандыру үшін ұйым әкімшілігімен және басқа әдістемелік топтармен бірлесе отырып түрлі ақпараттық-коммуникациялық технология көмегімен әдістемелік жұмыстарды сапалы атқаруға қызмет етеді.
Осылайша, бір-бірімен тығыз да жүйелі байланысқан жұмыс тобын жасақтай отырып, мектепке дейінгі мекеменің әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыруда мынадай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
- мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңартып, сапасын арттыру;
- әдістемелік жұмысты ұйымдастыру түрлерін жетілдіру;
- тәрбиешілердің кәсіптік және әдістемелік құзыреттілігі мен инновациялық білім беруге дайындық деңгейін арттырады.
Мектепке дейінгі мекемеде жүргізілетін сан қырлы әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстар оқу ордасындағы білім сапасын арттыру мен тәрбиешілердің тәжірибе алмасып, біліктілігін жоғарылатуға ықпал етеді. Жас мамандардың жаңа заман талабына сай әдістемелік бағдарын қалыптастырып, біліктілігін жоғарылатуға бағытталған мұндай жұмыс түрлері олардың білімін арттырып, баламен жұмыс жүргізуде жаңаша тәсілдер таңдауға, зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін айқындауға мүмкіндік береді. Және ең бастысы, күнделікті жұмыс барысында тәжірибе жинап, кәсібилігін шыңдауға, мамандығына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.


Әдебиеттер:
1 Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 1 қыркүйек 2022 жыл.
2 Метербаева К., Искакова А.: Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту әдістемесі. Оқу құралы. Алматы: Фолиант, 2017 ж., -184 бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет