Менің мамандығым – психолог «Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу –үлкен өнер»



Дата06.01.2022
өлшемі36,5 Kb.
#16161
Байланысты:
27 мектеп Эссе


Менің мамандығым – психолог

«Адам жанын түсіне білу,

оны зерттей білу –үлкен өнер» 

З.Фрейд

Адам өмірі тұнып тұрған құпия әлем. Оның сырын ұғынып, құпиясын ашу өте үлкен еңбекті қажет етеді. Адамды тану, оның өмірге деген көзқарасын білу сынды мәселелер тұлғаның бейнесін ашуға мүмкіндік береді. Тұлғаны танудың үлкен бір тармағы ретінде ғылымға сан ғасырлар бұрын енген психология бүгінде өз маңыздылығын жойған жоқ. Түрленген мазмұнмен, тың ізденісрдің арқасында адамдар арасында психология ғылымына деген сұраныс артты. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлы: «Мен бір адаммын оны да ойла» деп ішінде жан сырының барын ұғындырып кеткендей.

Екі ғасырға жуық мезгіл өтсе де Абай Құнанбайұлының адамды тануға деген осы бір сөзі құндылығын жойған жоқ. Қайта күн өткен сайын тұлғаны зерттеудің маңыздылығы арта түскендей. Мен жиырма жыл еңбек өтілі бар педагог-психолог маман ретінде талай оқушымның дүние таным деңгейін қалыптастырып, өмірге деген қызығушылығын оятауда тың ізденістерге жол ашудамын.

Мектепте оқушы өзін дамыған, білімді әрі жан-жақты тұлға ретінде сезінуіне көңіл бөлемін. Әрбір баламен жеке жұмыс жасағанның өзі мені қуаттандырады. Бала – біздің болашағымыз. Жас шыбықты қалай исеңіз, солай қалыптасады. Бала да солай. Егер дұрыс тәлім мен тәрбие берілсе, баланың өмірге деген көзқарасы дұрыс бағытта дамып6 оның тұлғалық қасиеті жақсы қырынан қалыптасады.

Қазіргі заманауи білім беру дағдысында баланың психологиялық мінез-құлқын, әдеттерін, араласатын ортасын танып-білу басты маңызға ие. Мен педагог-психолог ретінде баламен еркін және ашық сұхбат құру арқылы олардың ішкі жан дүниесін ұғынуға тырысамын. Әр бала жеке тұлға ретінде өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіне білуі керек. Сол кезде ғана берілген білім мен тәрбиенің жемісі бала бойында көрініс табады.

Менің жан-жақты тұлға қалыптастырудағы негізгі қағидам – адамды тану арқылы, қоғамдық ортаға бейімдеу. Ол үшін мен оқушылардың қызығушылығы мен танымдық әрекеттерін және бейімділігін анықтай отырып, оларға түрлі ұсыныстар беремін.

Тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың психологиялық тұрғыдан жақсы дамуына ықпал ету, тұлға қызығушылығын арттыру және оның дамуындағы әртүрлі қиындықтарды түзетуге, түзете дамытуға бағытталған сабақтар жүргіземін. Сонымен қатар, олардың бойындағы жағымсыз қылықтарын анықтап, алдын алуға ықпал жасайтын ойын түріндегі сабақтарға басымдық беремін. Психологиялық тренингтер, дөңгелек үстелдер мен пікір алмасу сабақтары баланы психологиялық тұрғыдан дамытудағы негізгі әдіс-тәсілдерім болып табылады. Дана халқымыз жас ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне, өзіндік тұлға болып қалыптасуына аса мән берген. Ұлылар жолына үңілсеңіз, олардың әлемге танымал тұлға болып қалыптасуында мықты мектеп болғанын аңғарамыз. Ол мектеп – отбасындағы ұлттық құндылықтардың берік болуы мен ұстаз тәлімі. Мысал ретінде алып қарасаңыз, Абай Құнанбайұлының әлемге танылуына әжесі Зере мен әкесі Құнанбайдың ықпалы зор болса, білім нәріне сусындатқан ұстаздарының еңбегі ұшан- теңіз. Заманауи білім беру жүйесінде ұлттық тәрбиенің маңыздылығын ескеру арқылы жас буыннның тұлғалық қабілеті ашу қазіргі күні өзекті болып отыр.

Сөз басында адамды тану өте қиын екендігін айттым. Оның ішкі сарайын ашу арқылы белгіленген межеге жетудің өзі оңайлықпен келмейді. Ұзақ жылғы іс-тәжірибемде жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, танымдық процестерін ойын арқылы дамыту басымдыққа ие болуы керек. Бұл психолог мамандардың берік қағидасының бірі. Осы мәселені іске асыру мақсатында бастауыш сынып, орта буын, жоғарғы сынып оқушыларымен рөлдік ойындар ұйымдастырамын. Баланың психологиясы ортамен тығыз байланыста дамып, қалыптасады. Әсіресе, отбасындағы жағдайлар баланың дүние танымына ерекше әсер береді. Сондықтан отбасы жағдайында туындаған мәселелерде баланың жапа шекпей, алаңсыз білім алуына көңіл бөлемін. Олардың ата-анасымен де жұмыстар жүргіземін.

«Өзінің ішкі сарайына көз жүгірте білетін әрбір адам — психологияның дап-дайын тұрған курсы» деген екен Константин Ушинский. Осы бір нақыл сөзден-ақ, адам өмірінде психологияның қандай маңызға ие екендігін аңғару қиын бола қоймас. Зияткерлік қабілетін, ой-өрісін дамыту үшін әуелі балаға психологиялық тұрғыдан дұрыс бағдар берілуі қажет.

Психология – адам жанымен жұмыс, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс.  Бүгінгі біздің қоғамда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр. Мен тәжірибелі маман ретінде ата-аналармен жұмыс жасау барысында баланың психологиясына кері әсер беретін түрлі сыртқы әсерлерден аулақ ұстап, кқызықты кітаптар оқытуға, ой-өрісін дамытуға кеңес беремін. Ата-ана үшін де мұғалім үшін де баланың дұрыс бағытта қалыптасқаны маңызды. Жүйелі білім, нақты бағыт-бағдар қалыптасқан кезде баланың да психологиясы жат дүниелерден ада болады.

Менің мамандығым – психолог. Осы мамандығым арқылы қанша оқушының таным көкжиегін кеңейтіп, өмірлік қағидаттарын қалыптастыруға еңбегімді арнадым. «Бала – бақытың» дейді дана халқымыз. Баланың бақытын көру әрбір ата-ана үшін қуаныш. Бала бақыты мектепте, отбасында қалыптасады. Мектепте тұлға тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше бағамдай отырып, мен әрбір шәкіртімнің бақытқа кенелуі жолында ізденісімді тоқтатпақ емеспін. Өйткені, менің мамандығым ізденіс арқылы бала жүрегіне жол табуды қажет етеді.

Кімде -кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда келтірмек. Менің тапқан пайдам – білімді һәм заманына сай зияткер тұлға болмақ. Ал, сол тұлғаларды қалыптастыру менің басты мақсатым болып қала бермек!


«№27 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ педагог – психологы Алиева Рита Советовна. 8 7774183513

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет