«Музей» және «архив» түсінігі. Архивтік, музейлік негізгі ұғымдар
Мұражай, музей, (грек тілінде musem – муза сарайы) – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Мұражай заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Мұражай ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Мұражай алғашында бағалы бұйымдар мен заттар, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Мұражайдың қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болды. Ежелгі Рим шешені Марк Туллий Цицерон: “коллекция – шашыранды заттарды бір топқа біріктіру” деп түсіндірді. Коллекциялау ісімен Аристотель, Рим патшасы Юлий Цезар, т.б. айналысты. Еуропада тарихи мұражайлар 16 – 18 ғасырларда пайда болды. Мұражайдың қалыптасуы ұлттық сана-сезімді оятуға, мәдени-саяси идеяларды (ой-сезімді) насихаттауға көмектесті. 1820 жылы Германияда өнер мұражайлары құрылды. 1811 жылы Ресейде – Феодосияда, 1825 жылы Одессада, 1828 жылы Керчьте археологиялық бағыттағы және әскери-тарихи мұражайлар құрылды. 19 ғасырда этнографиялық зерттеулердің дамуы нәтижесінде этнографиялық мұражайлар құрылып, олар ғылыми-зерттеу орталықтарына айналды. Олар: Будапешт (1872), Стокгольм (1874), Париж (халықтану мұражайы, 1877), Роттердам (1883) қалаларында құрылған этнографиялық мұражайлар. Ашық аспан астындағы алғашқы этнографиялық мұражайлар Скансенде (Стокгольм, 1891), қасиетті Мартинде (Словакия, 1893), Софияда (1893) Брюссельде (1897), Краковта (1910), Арнхемде (Нидерланд, 1912) құрылып, ірі ғылыми ізденістермен айналысты.
Мұражай негізгі бaғыты тұрғысынан бірнеше топтарға бөлінеді: тарихи мұражайлар (жалпы тарих, археологиялық, антропологиялық, этнографиялық, нумиcматикалық, т.б.), көркемөнер мұражайы (көркемөнер, мүсін, қолөнер, қолдaнбалы өнер, театр, музыка кино, т.б. музейлер), ‘‘жаратылыстану мұражайы’’ (биологиялық, зоологиялық, геологиялық, минералдық, палеонтологиялық, т.б), техникалық мұражайлар (авиация, автокөлік, кеме жасау, тау-кен ісі, өнеркәсіп, өндіріс өнімдері, т.б.), ‘‘кешенді мұражай’’ (тарих, шаруашылық, жаратылыстану, т.б. бағыттарды біріктіріп, жұмыс істейтін кең профильді өлкетанумұражайы), мемориалдық мұражай (мемлекетке, өнерге, әдебиетке ғылымға еңбегі сіңген белгілі адамдардың жеке өнері мен қызметіне арналған мұражай). мұражай ісінің негізгі бағыттары – мұражай мұраларын (жәдігерлерді) жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (рестоврация), консервациялау, зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, мұражайдың кадрлық жүйесін жетілдіру. мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне: көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық дәрістер, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, мұражайлық басылымдар шығару, т.б. жатады. Мысалы, Қазақстандық мұражайларда кейінгі жылдары 20 мыңнан астам көрмелер мен дәрістер өткізілді.
Мұражайлардың қор жинақтау жұмысында далалық экспед., ғылыми институттармен бірлескен жұмыстардың нәтижелері кеңінен қолданылады. Қазақстанда мұражай тарихы 1830 жылдан басталады. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 ж. Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық мұражай ашылды. Бұл мұралар қазіргі таңда ҚР Орталық Мемлекеттік мұражайының негізгі қорын құрауда. Қaзақстанда 1913 ж. – 3, 1927 ж. – 6, 1937 ж. – 19, 1939 ж. – 25, 1970 ж. – 29 мұражай болса, қазіргі таңда мұражай саны 154-ке жетті. Оңтүстік мемлекеттік мұражай (1830), Ә.Қастеев атындағы республикалық өнер мұражайы (1935) Президенттік мәдени орталық (2000), Мемлекеттік алтын және асыл металдар мұражайы (1994), ҚР ҰҒА Археология музейі (1973), Үлттық валюта музейі (1993), Кітап музейі (1978) Ықылас атындағы Республикалық халық саз аспаптар музейі (1980), “М. Әуезов үйі” ғылыми орталық музейі (1962), т.б. Мемориалдық музейлер де Қазақстанның тарихи-мәдени рухани өмірінде маңызды рөл атқаруда. Олардың ірілері: Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Абай-Шәкерім кешені, Д.Қонаевтың, Қ.И. Сәтбаевтың, Ж.Жабаевтың, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің, Ғaзиза және Ахмет Жұбановтардың, Ш.Уәлихановтың (Алтын Емел), т.б. мемориалдық музейлері. 1889 ж. 20 маусымда халықаралық “Музейлер ассоциациясы” құрылды. 1918 ж. Халықаралық музейлер Бюросы құрылып, “Музеон” журналын шығарды. Бұл ЮНЕСКО-ның “Музеум” журналының шығуына негіз болды. 1946 ж. Луврда (Париж) ЮНЕСКО-ның құрамына енген Халықаралық Мұражайлар Кеңесі құрылды. ІCOM-ға 1948 ж. – 29 мемлекет, 1950 ж. – 43 мемлекет, 1977 ж. – 109 мемлекет, 1999 ж. – 135 мемлекет мұражайлары мүше болды. 2002 ж. мамыр айынан бастап “Қазақстан музейлері” журналы шыға бастады.[4] 1977 ж. Халықаралық музейлер Кеңесінің 11-конференциясында 18 мамыр ‘‘Халықаралық мұражай күні’’ болып белгіленді. Қазіргі таңда мұражай қызметі қоғамдық институт ретінде әлеуметтік қоғамдық-экономикалық жағдайға сай жүргізілуде.
Мұрағат немесе Архив (лат. archіvum) – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекет арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да архив делінеді. Жазба деректерді жинастырып сақтау ісі тұңғыш рет Мысырда, Қытайда, Ежелгі Грекияда, Римде, тағы басқа елдерде мемлекет дәрежеде қолға алынды. Қазақстанда дербес архивтің пайда болуы Бөкей ордасы архивімен байланысты (18 ғасыр). Қазақстандағы архив жүйесі (республика, салалық, аймақтық, т.с.с.) негізінен 20-ғасырдың 20–30-жылдары қалыптасты. Ұлттық архив ісінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды мәдениет қайраткерлері тұрды. Мемлекет А. 1921–38 жылы Қазақ АКСР-і Халық ағарту халкоматының, 1938–58 жылы Қазақ КСР-і Ішкі Істер халкоматының қарамағында болды, 1958 жылдан Министрлер кеңесіне бағындырылды. Облысы, ауданы архив жергілікті әкімшіліктерге қарады. Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. КСРО дәуірінде архив социализмді дәріптеудің идеологиялық құралы болды. Республикадағы барлық құжаттар айналымының 10%-ға жуығы коммунистік құндылықтар тұрғысынан мұқият сұрыпталып, мемлекет сақтауға – архивке жинақталды. Құжаттардың біржақты іріктелуінің салдарынан Қазақстанның шынайы тарихын бейнелейтін аса бағалы деректер архивке түспей, біржола жойылып отырды. Ал архив қорындағы құжаттардың басым бөлігі түрлі жасанды шектеулер қою арқылы зерттеушілерге берілмеді. Қазіргі архивтерде дәстүрлі қағаз құжаттардың түпнұсқаларымен және көшірмелерімен қатар фото-киноматериалдар, дыбыстық және бейнежазбалар, ақпараттың барлық жәдігерлер түрлері сақталады. Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар Ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан архивінің қызметіне халықаралық байланыстардың артуы оң ықпалын тигізіп отыр.
Қазақстан архившілері «Ғасыр соңындағы архивтер: өткен жолды бағалау және болашаққа көзқарас» тақырыбымен Архивтердің Халықар. кеңесі өткізген архивтің халықар. 13-конгресіне (Пекин, 2–7.09. 1996 жылы) қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |