Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ


Аштарға көмек және «Қазақ тілі»



Pdf көрінісі
бет6/14
Дата22.12.2016
өлшемі3,94 Mb.
#201
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Аштарға көмек және «Қазақ тілі»
Бұл  кезде  Ресей  федерациясының  құрамындағы  Қазақ 
республикасында үлкен саяси өзгерістер болып жатқан.
Алаш  Орданың  жүректі  сыздатқан  ұлы  арманы 
болған,  енді  советтік  дәуірдің  алғашқы  жылдарын-
да,  Ленин-Сталин  диктатурасы  толық  орнықпай  тұрған 
алас-күлес  кезеңде  Романовтар  заманындағы  империя 
теліміне  түскен  қазақ  жерлерін  қайтару,  советтік  Ресей 
федерациясының  құрамындағы  Қазақ  республикасының 
шекарасын белгілеу секілді ұлы мәселелер күн тәртібінде 
тұрды.  Осындай  ұлы  істі  атқаруды  біраз  уақыт  Қазақ 
Орталық  атқару  комитетінің  (КирЦИК-тің)  мүшесі 
болған  Ахаң  -  Ахмет  Байтұрсынов  өзі  бастап,  Алаш 
Орда  қайраткерлерінің  тәрбиесін  көрген    С.Сәдуақасов, 
Ж.Мыңбаев,  С.Қожанов,  Ғ.Бірімжанов,  Ы.Мұстамбаев, 
Д.Ысқақов  секілді  жастарға  сеніп  тапсырып  отырды. 
Бұл  тарапта  әсіресе,  жас  болса  да,  мемлекет  ісіне  ерте 
араласқан,  білімді  әрі  ұлтшыл,  өжет  әрі  алғыр  Смағұл 
Сәдуақасовқа зор сенім артылған еді.    
1920  жылдың  4–12  ноябрінде  өткен  1-жалпықазақ 
съезінің шешіміне орай Сібірревком Қазақ республикасына 
Ақмола мен Семей губернияларын 1921 жылдың 1-январы-
на шейін қайтаруға тиіс еді, бірақ Сібірревкомның отаршы 
пиғылдарын жасыра алмайтын, шовинизммен уланып мей-
манасы тасыған басшылары болса, бұл іске салғырттық та-
нытып, ыңғайға көне қоймайды.

98
1921  жылғы  2-февральде  Қазақстан  Орталық  атқару 
комитеті  «Семей,  Ақмола,  Торғай  (бұрынғы  Орал) 
губернелерінде  келімсектер  үшін  алынған  бос  жерді 
еңбекші  қазақ  халқына  қайтарып  беру  тақырыпта  Де-
крет»  шығарады.  Сол  жылы  көктемде  КирЦИК  төрағасы 
Сейітқали  Меңдешов  бастаған  ресми  топ  Омбыдағы 
Сібірревкомына  барады.  Оның  орынбасары  Смағұл 
Сәдуақасов  «Семей  губернесін  баурап  алып,  Қазақстанға 
қосу  үшін  бірнеше  кісісімен  20-сыншы  майда  Семейге 
келді» /195/.
Смағұл  Сәдуақасов  төтенше  өкілеттігін  орынды 
қолданып,  бара  салып  Семей  губисполкомын  таратып, 
шұғыл  түрде  губревком  (төңкеріс  комитетін)  құрады. 
Қазақстан  коммунистік  партиясы  Орталық  комитеті  мен 
Орталық  атқару  комитетінің  27-майда  өткен  біріккен 
төралқа мәжілісі өзінің №26 хаттамасында осынау саяси іс-
қимылды заңды деп табады /196/.
Сүйтіп,  Семей  губерниясы  1921  жылдың  май  айын-
да  Қазақ  республикасына  түбегейлі  өтеді.  «1907  жылғы 
майдың 31-інде патша бекіткен жарлық бойынша Сібірдің 
қазақ-орысына беріліп еді, енді осы жер түгелімен еңбекші 
қазақ  халқына  қайтарылады»  деп  жазылды  КирЦИК-
тің  төралқа  мүшесі  Ғабдалкәкім  Бөкейхановтың  қолы 
қойылған Заңда/197/. 
Мұнымен бірге «1-февраль төңкерісіне шейін еңбекшіл 
қазақ  халқының  пайдасында  болған  егіндік,  шабындық, 
суат, көш жолы төңкеріс һәм ішкі ел соғысы кезінде кімде-
кімнің қолына законсыз түсіп кеткені болса, бұл жерлердің 
бәрі  де  еңбекшіл  қазақтың  өзіне  қайтарылады,  деген  Заң 
жобасы да шыға бастайды/198/.
Міне,  автономиялық  болса  да,  жас  республиканың 
осындай  іргелі  іс-қимылдар  жүргізген  мемлекеттік 
қайраткерлері  осы  1920–1922  жылдар  ішінде  Алаш  Орда 

99
көтерген  ұлт  автономиясы  бағытында  жұмыс  істеп  еді, 
үйткені  алты  алаштың  көсемі  Әлихан  Бөкейханов  бағдар 
көрсетіп,  Орынборда  КирЦИК-тегі  басшылық  қызметте, 
кейін халық ағарту комиссариатында Ахмет Байтұрсынов  
отырып,  қазақ  даласында  совет  өкіметі  орнаған  алғашқы 
екі жылда «Алаш Орда  үкіметінің қайраткерлері жауапты 
мемлекеттік  қызметке қойылды, барлық губерниялар мен 
уездің басы-қасында болды» /199/.
1921 жылы күзге салым Семейдегі «Қазақ тілі» газетін 
шығаруға  атсалысқан  Жүсіпбек  Аймауытұлы  осы  іспетті 
саяси өзгерістерге араласқан қайраткерлердің белортасын-
да жүрді.
Автономия,  жер  және  тіл  проблемалары  көкейкесті 
дүниелер  болғандықтан  «Қазақ  тілі»  газеті  бұл 
мәселелерге  баса  назар  аударған.  Мысалы,  1921  жылдың 
жазында  Семей  губерниясының  бастығы  болған  Смағұл 
Сәдуақасов  «Қазақстан  халық  комиссарлар  кеңесі  мемле-
кет  мекемелерінде  қазақ  тілін  қолдану  туралы  шығарған 
декретті  өркендету  үшін»  губернияда  барлық  іс-қағазы 
орыс  тілімен  қатар  қазақ  тілінде  жүргізілсін  деп  өкім 
шығарған болатын /200/.
Міне,  осындай  маңызды  мәселелер  алқымнан  алып 
тұрғанда алаш баласының басына тағы бір зор қайғы ту-
ады. Ол ашаршылық еді. Азамат соғысының кесірінен ба-
сты  күнкөрісі  –  малдан  айырылған,  шаруасы  күйзелген 
қазақ  жерінде,  әсіресе,  бүгінгі  территориялық  өлшеммен 
алғанда,    Батыс  Қазақстанда,  Атырауда,  Ақтөбеде, 
Қостанайда  өршіген,  «1921-22  жылдардағы  ашаршылық 
қоғамды біржола тұралатып кеткен еді» /201/. Егін шықпай, 
қурап  кетіп,  Ресейдің  Еділ-Вятька  ауданында  пайда 
болған  аштықты  жаза  келіп,  «Қазақстанда  Бөкей,  Орал, 
Орынбор  һәм  бұрынғы  Торғай  гүбірналарының  жарты-
сы  ашаршылыққа  ұшырады...  Шаруаны  түзетейін  деп 

100
тұрғанда оба, ашаршылық деген екі үлкен жау келді» деп 
жазады «Қазақ тілі» газеті сол кезде /202/.
«Советтік партия қызметкерлерінің Мәскеуден жасырған 
қылмысын  әшкерелеп,  барлық  қазақ  қайраткерлерін 
аштарға көмек комитетін құруға шақырды. Мұндай хабар-
ды алысымен Ташкентте С.Қожанов, Ғ.Бірімжанов, Семей-
де  М.Дулатов  пен  Ж.Аймауытов  бастаған  зиялылар  «Ақ 
жол», «Қазақ тілі» газеттері арқылы бүкіл қазаққа сауын 
жариялады. Содан кейін барып Орынбордағылар қозғалды» 
/132.Б.125/.
Ақтөбе, Орал, Орынбор губернияларымен қатар Семей 
губкомында 1921 жылдың 13-авгусында Аштарға көмек ко-
миссиясы құрылады /203/. Ашаршылық жайлаған аймаққа 
қолұшын  созып,  үлкен  жәрдем  көрсеткендердің  бірі  Се-
мей  губерниясы  болады.  «Осы  октәбірдің  ішінде  Сібірге, 
Қазақстанның Ақмола, Семей гүбірналарына ашаршылық 
тартып жатқан гүбірналардан аш балалар ағылып келе ба-
стады. ... Әзірге Семейге келіп түскен мың бала, олардың 
көбі (тіпті бәрі) – мұсылман балалары. Бұл балаларға үй, 
тамақ, киім, төсек-орын һәм асыраушылар керек. Олардың 
бәрін тауып ала қою оңай жұмыс емес. Семейдегі үкімет 
кеңселердің  ең  үлкен  жұмысы  осы  кішкентай,  құрметті 
қонақтарды күтіп алып, орналастыру болып тұр» деп жаза-
ды сол уақытта «Қазақ тілі» газеті/204/.
Бұл  ретте  губкомиссия  жақсы  көрсеткішке  қол 
жеткізіп,  2-3  ай  өткен  соң  тағы  1000  адам  қабылдай  ала-
тынын мәлімдейді /205/. Оның 1921 жылдың 13-авгусы мен 
1922  жылдың  1-январы  аралығындағы  жұмысы  туралы 
төрағасының баяндамасында жылқыны сегіз қойға, түйені 
он  екі  қойға  есептегенде,  жүз  қой  ұстайтын  әр  үйден  бір 
қой аштарға деп алынатыны жазылған /206/.
Қазақстанның  күнбатысы  мен  күнбатыс-терістігіндегі 
бес  губерниядағы  он  бес  уезді  қамтыған  осынау  алапат 

101
жұт аз шығын әкелмеген. Архив деректерінің көрсетуінше, 
мәселен, 1922 жылдьщ 1-мартына шейінгі мәлімет бойынша 
Бөкей  гүберниясында  100  мың,  Қостанай  гүберниясында 
354 мың 350 адам аштыққа ұшыраған. Осы аймақтардағы 
жалпы халықтың 75%-ы ашыққан /207/.
Бұл  жылдары  Жүсіпбек  Аймауытұлы  «Қазақ  тілі» 
газетінің  шығарушысы  еді.  Осы  мәліметті  Қазақстан 
Орталық  атқару  комитетінің  сұрауына  орай  Оқу  комис-
сариаты әкімшілік басқармасының 1922 жылы 24-январь-
да жазған жауабы айғақтай алады. Онда «жолдас Аймау-
ытов  Семейде  «Қазақ  тілі»  газетінің  жауапты  редакторы 
қызметін атқарып жүр» /194.4 п. / деп жазылған.
Көп  ұзамай  Қазақстанның  күнбатыс-терістігінен  және 
көбіне ішкі Ресейден келген 14 506 адамды Семей губкомис-
сиясы  тағы  қабылдайды  /208/.  Аймауытұлы  редакторлық 
еткен «Қазақ тілі» газеті осы кезде: «Жалғыз үкімет тара-
пынан  көрсетілген  жәрдемге  ғана  сүйеніп  отырсақ,  елдің 
көбін қырып аламыз. Үкімет жәрдемін көрсете берсін, ол өз 
алдына, біз өзіміз жұрттың қамын ойлауымыз керек... Елді 
ел қылу үшін, қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа 
мінуі керек»/209/ деп алашқа сауын айтты.
«Марттың тоғызы күні, – деп жазды төрт жыл өткен соң 
«Еңбекшіл қазақ» газеті осы уақиға жөнінде, – Семейдегі 
қазақ  азаматтары  жиылыс  жасап,  (мәжіліс  бастығы 
Аймауытұлы Жүсіпбек) ашыққан елдерге Семей губерни-
ясынан  жылу  жинау  мәселесін  тексеріп,  бір  қаулыға  кел-
геннен  кейін  марттың  15-і  күні  Қазақстан  кіндік  атқару 
комитетіне телеграмма берді» /210/. Мұны архив деректері 
де растайды /211/.
1922 жылдың 1-июнінде Орынбордағы халық ағарту 
комиссариаты  жазушылар  съезін  шақырмақ  болады. 
Мұны ел ашығып жатқанда «құрбақа ойнайдының» керін 
келтірген нәрсе деп Жүсіпбек «Топалаң уағындағы той» де-

102
ген мақала жазады /212/. «Жолдастар-ау! Ойласаңдаршы! 
Қазақстанның  басына  қандай  ауыртпалық  түсіп  отыр. 
Осы күнде съез жасайтын, сейіл құратын, әңгіме соғатын 
заман  ба?..  –  деп  жазады  қаламгер,  –  Қазақстанның 
үштен  екі  есебі  жоғалғалы  тұрғанда  не  бетімізбен  жа-
саймыз,  әдебиетті  гүлдендіреміз  деп  аузымыз  барып 
қалай сөйлейміз».
Ұлт  қайраткері  Аймауытұлы  өзінің  ашынғанын  ғана 
білдірмей, «өзгені тастап, мезгілсіз ажалмен алысуға атқа 
міну керек» деп ұсыныс айтады. «Съез құрамыз деу – елдің 
бір  жағына  топалаң  келе  жатқанда  бір  жағы  той  қылып 
жатқанымен бір есеп» дейді.
Сүйтіп,  1922  жылы  әуелгі  кезекте  жиналған  4–5  мың 
малды айдап жаз ішінде шыққан, бетегелі Сары-Арқаның 
күншығысынан күнбатысына, Торғай төңірегіне қара күзде 
әрең  жеткен  мал  жеткізуші  топтың  басшысы  да  қалам 
қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлы болған.
«Басшы түгіл жай бақташының да табылуы оңай болған 
жоқ... Қиын жұмысқа жансебілдік қылып, әлеумет алдын-
да азаматтық борышын өтеуге белсеніп шыққан Жүсіпбек 
еді» деп замандастары да жоғары бағалаған /210/. 
Бірақ қайраткер-қаламгердің бұл еңбегін күндеушілер 
де табылмай қалған жоқ. Көре алмайтын замандастары 
ұйымдастырып, «Еңбекшіл қазақ» газетінің №69 санында 
Файзолла Ишанұлы деген біреу Жүсіпбекті мал жинаған 
кезде  арасынан  айып  алды  деп  айыптап,  жала  жабады. 
Оған жауап ретінде қаламгер «Қазақ тілі» газетінің 1923 
жылғы  №42  санында  «Жауап»  деп  тақырып  қойып  ар-
найы  мақала  жазған.  Міне,  осы  мақаласында  Жүсекең 
көп дүниенің басын ашады:
«...Қазақстанның  бес  губернасы  аштыққа  ұшырағаны, 
көп  жанның  мезгілсіз  қырғын  табуы,  сан  алуан,  бар 
азаматтың  жүрегіне  ауыр  қайғы  болды.  «Қырылды», 

103
«жоғалды...»,  «жәрдем»  деген  сөздерді  топ  біткен,  газет 
біткен  қақсады.  Жәрдем  берудің  бір  шарасы  аман  елден 
мал жинап, төтесімен аш елге жеткізу керек делінді. Аза-
мат атқа мінді. Газет бетінде зарлаушы, мал жинаушының 
бірі мен екенімді ел де, үкімет те біледі. Семей губернасы-
нан мал жиналды. Ол малды аш елге жеткізу оңай жұмыс 
болмады,  себебі:  итөлген  жер  (мың  шақырымнан  артық), 
жолдағы Ақмола губернасы қирай оба, арғы жерде банды, 
оның үстіне ашыққан ел «барған кісіні жеп қояды» деген 
лақап жайылды. Бұған көзі ашық кісі сенбесе де, қарапайым 
кісі  жүрегі  тұрды.  Мал  айдауға  кісі  шығуы  қиын  болды. 
Жалданып  қойып,  айнығандар  да  көбейді.  Бұл  міндетті 
мойынға алып, малға басшы болып баратын азамат аз та-
былды.  Қауіп-қатерді,  бейнетті,  ауыр  міндетті  білсек  те, 
бас  тартуды  лайық  көрмедік.  Алдымен  баруға  разылық 
білдіргеннің  бірі  мен  едім.  Көп  қиындықпен  ай  жарым 
жүріп, малды аш елге жеткіздік. Таратып бердік.
Семейдің  губерналық  аштар  комиссиясының  айтуы 
бойынша  біздің  малымызды  Ақмола  азаматтары  алып 
жеткізсе  керек  еді.  Торғай,  Қостанайдан  алдымыздан  кісі 
шығып, малды қабыл алса керек еді. Мұның бірі болмады. 
Аш ел хабарланбапты. Хабарланса да, қам кеш істеліпті.
Сондықтан Атбасар уйезіне кірген соң маған Торғай 
қаласына  бару,  малдың  алдынан  кісі  шығару  қажет 
болды.  3-4  жолдаспен  500  шақырымдай  салт  жүріп 
Торғай (Таңқайма) қаласына келдім. Торғай халқы мал 
келеді деп күтпеген екен. Біздің тұтқиылдан мал айдап 
келуіміз аспаннан құймақ жауғандай қуандырды. Елдің 
есі шықты.
«Ашыққан бауырға мал айдап әкеліп беру – тарихта 
болмаған іс» деп шын жүрегімен елжіреп Семей халқына 
алғысты  берді.  Жалдама  өзенінде  малды  үлестірдік. 
Тегін берілген көп мал (4 мың 250 қара) аз олжа көрінбеді. 

104
Малды  көрген  соң,  алған  соң  тіпті  разы  болды.  Ту  бие 
сойып құрмалдык берді. Бізге де құрмет керсетті. Мал-
жанын  ортаға  салып,  жерден  мал  әкеліп  беріп  отырған 
кісіге қандай қазақ разылық білдірмесін?!
Бақташылардың  мұқтажына  көмек-сый  ретінде  киім, 
азық жинап берді. Басшы деп бізге сондай құрмет істеді: 
ішік, ат берді. Жалғыз біз емес, бізден кейін барған екінші 
партия  мал  басшылары  Ғайса  Тоқтарбековке  де  ат,  ішік 
беріпті. Павлодар жігіттеріне де осындай көмек, құрмет кер-
сеткен. Бұл жігіттер өздері де жазады. Риза болғандығын 
Торғай  азаматтары  газетке  де  жазып  білдірді.  Міне,  ол 
уақыттағы Торғай халқының рухы осындай еді».
Ал Файзолла Ишанов дегеннің жаптым жала, жақтым 
күйе деп дәлелсіз айыптауына былай деп жауап береді:
«Мен  Файзолланың  газетке  басқанымен  қараланып, 
әлеумет көзінде азаматтығым жойылады деп ойламаймын. 
Кімнің  кім  екенін,  бар  болсақ,  уақыт  көрсетер.  Жалғыз 
қынжылататын  нәрсе:  ауыр  қызмет,  ақ  ниет  зая  кеткен 
сықылды, «еңбегің еш, тұзың сор» деген мақалдың тап бо-
луы. Не жақсылыққа жамандық қайту – табиғат заңы, бол-
маса өмір көрсетер. Тыныш жатып біреуді мінеуден, сөгуден 
оңай қызмет жоқ. Іске келгенде байқалар «білгіштер!»
Торғай  төңірегіне  мал  айдап  апарған  Баян-Аула 
жылқышыларының Жүсіпбектің мал айдап апара жатқанда 
қандай қайрат көрсетіп, қандай талапшыл басшы болғанын, 
ашыққан  елге  малды  шашау  шығармай  қалай  аман-есен 
жеткізгендерін айтып, әңгімелегенін еске алады 1990 жыл-
дары, сол кездегі жасөспірім, кейінгі белгілі ақын Д.Әбілев 
«Есімдегілер» деген кітабында (Алматы, «Жазушы» баспа-
сы, 1993 жыл). 
Кейін,  төрт  жыл  өткен  соң  дарынды  қаламгерді 
күндейтін  замандастарының  тарапынан  әлгі  жала  қайта 
қозғалып,  мәселе  тағы  көтеріліп,  мал  алды  деген  айып 

105
тағылып,  Аймауытұлының  үстінен  «Торғай  ісі»  деген 
қылмыстық  іс  қозғалып,  сот  процесі  жүреді/213/.  Білімді, 
зерделі, сөзге шешен Жүсіпбек Қызылорда қаласында өткен 
сол бір сот ісінде өзін-өзі толық ақтап шығады /213/. 
Әсілі,  1921  –  1922  жылдардағы  ашаршылық  ауыртпа-
лығын  жою  жолында  Аймауытұлының  көрсеткен  қай-
раткерлігі,  кейін  Филип  Голощекин  Қазақ  республикасы-
на  басшы  болып  келгенде  Аймауытұлының  басына  бұлт 
үйіріліп,    1926  жылы  оның  үстінен  ашық  сот  процесінің 
өткізілуі,  қаламгердің  соттағы  сөйлеген  сөзі,  сол  кездегі 
қазақ қоғамының осы сот процесіне көзқарасы – жеке бір 
кітапқа жүк болатын тақырып. Ол тақырыпқа кейін арнайы 
тоқталармын  деген  үмітпен  Жүсекеңнің  бұл  төңіректегі 
үлкен  еңбегіне  қысқа  шолу  жасап,  осымен  доғара 
тұрамын.  Тек  1921–22  жылдардағы  ашаршылык  жайын-
да  эмиграциядағы  Мұстафа  Шоқайдың  «ол  –  революция 
әкелген  апат,  большевиктік  саясаттың  кесірі,  алтыатарды 
кезеніп тұрып халықтың малын тартып алудың салдары» 
/214/ деп шындықты жазған бір сөзін келтіре кеткен артық 
болмас.
Осы  кезеңдегі  іс-қимылынан-ақ  Жүсіпбектің  жай  ғана 
көсемсөзші емес, ұлтын жан-тәнімен сүйген асыл азамат, 
қоғам қайраткері екенін анық байқауға болады.
1922  жылдың  ала  жазынан  қара  күзіне  шейін  Семей 
губерниялық  Аштарға  көмек  комиссиясының  уәкілі  бо-
лып  қоғам  қызметін  атқарып  жүрген  Аймауытұлын  сол 
кезде  сыртынан  Семей  губаткомы  өзінің  мүшелігіне  кан-
дидат  етіп  тағайындапты/215/.  Мұның  өзі  оның  губатком 
мүшелері  Х.Ғаббасов,  Ә.Досов,  Ғ.Бөкейханов,  Ж.Шанин, 
М.Тұрғанбаев  секілді  азаматтармен  бірге  губерния 
басшылығы ішінде беделді болғанын аңғартады /215/.
Бірақ  сол  жылдың  октябрь  айында  Жүсіпбек 
Қарқаралыдағы  I  сатылы,  №2  совет  мектебіне  меңгеруші 

106
болып барыпты /216/. Бұл кезде танымал қаламгердің қырға 
шығып кетуі, қиырдағы шағын мектепке директор болып 
баруы  себебін  денсаулығы  мен  отбасы  жағдайына  байла-
нысты болса керек деп жорамалдаймын.
Осы қызметте жүріп ол губерния орталығы – Семейдегі 
«Қазақ тілі» газеті редакциясының алқа мүшесі де болған 
/216/.  Оған  хабар,  корреспонденция,  мақала,  фельетонда-
рын жолдап, үзбей байланыс жасап тұрған.
«Қазақ  тілі»  газеті  Семей  губерниясының  (сол  кездегі 
әкімшілік  территориялық  бөліністер  бойынша  оған  Пав-
лодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Бұқтырма және Қарқаралы 
уездері  кірген,  бүгінгі  бөлініс  бойынша  үш  облыстың 
аумағы) атқару комитетінің органы ретінде 1919–1926 жыл-
дар аралығында шығып түрған.
1923 жылдан Шаймерден Тоқжігітов басшылық жасаған, 
ара-тұра  Әбілқайыр  Досов  та  редакторлық  еткен  бұл  ба-
сылымда  Мәнен  Тұрғанбаев,  Сәбит  Дөнентаев  қызмет 
атқарған.  Шәкерімнің,  Қошке  Кемеңгерұлының,  Жұмат 
Шаниннің,  Қаныш  Сәтбаевтың,  Әлкей  Марғұланның 
мақалалары  жарық  көрген.  1923  жылы  газеттің  таралым 
данасы 1200 – 1500 аралығында болды.
Басылымның осал болмағанын сол жылы газеттің төрт 
жылға толғаны құрметіне «Бесінші жылда бес мыңнан ас-
сын» деген тақырыппен жарияланған бас мақала да рас-
тайды  (соңына  автор  «Қазақ  тілінің»  кәрі  жолдасы»  деп 
қол  қойған  екен,  өкінішке  қарай,  кім  екенін  анықтау 
мүмкін  болмады).  «Дүниеге  бұрын  шыққанына  қарап 
алса, – деп жазады бас мақаланың авторы, – бұл газеттің 
осы  күндегі  Қазақстан,  Түркстан  өлкелеріндегі  шығып 
тұрған қазақ баспасөзінің бәріне де аға есебінде санала-
ды.  Аласапыранмен  қазақ  сақарасы  қан  астында  жатқан 
уақытта  шықты»  /217/.  Бұл  көрсетілген  жолдар  –  газет 
тарихы  үшін  керек  мәлімет.  Мұнымен  бірге:  «1922-інші 

107
жылға шейін кеңес хүкіметінің өлкесінде шығып тұрған 
газеттердің бәрі де тегін таратылды. Тегін таратылғанда 
газет ылғи ұйымдарға ғана берілетін болды. Ұйымдардың, 
кеңселердің бірінде болмаған жай кісілер газета оқығысы 
келсе де, қалай алуды білмей сандалды. Бүтін Қазақстан 
һәм Түркстан өлкелерінің басқы бұрыштарында да «Қазақ 
тілі» газетасы өзіне әдәуір оқушы таба алады деп басқарма 
сенім көрсетеді /217/» деген мәлімет те қажет деуге бола-
ды.
Келесі  санында  осы  автор  қазақ  баспасөзінің  қазіргі 
күнімен  өте  ұқсас,  сол  тұстағы  мынадай  әлеуметтік 
мәселені көтеріпті: «Ақшалы жарнамалар тауып жіберумен 
қаражат  жиналады.  Біздің  «Қазақ  тілі»  газетіне  жарна-
малар, білдірулер өте аз түседі. Оның себебі орыстардың 
қазақша  білмей  отырғандығынан,  қазақ  азаматтарының 
салақтығынан. 
Мысал 
үшін 
айтайын, 
қауым-
ұйымдарының,  сауда  кеңестерінің  ішінде  қызмет  етіп 
отырған азаматтар бар. Өздерінің отырған кеңестері орыс 
тілінде шығатын газеталарға жарнамаларын, білдірулерін 
жіберіп бастырып, ақша төлеп отырады. «Қазақ тілі» газе-
тасына жібермейді» /218/. Дәл бүгін қазақ басылымдарында 
осындай проблеманың бар екені жасырын емес.Газет өзінің 
бес  жылға  толғанын  атап  өткен  санындағы  бас  мақалада 
(авторы көрсетілмеген): «...Қазақ тілін» жетектеп жүргізіп, 
ел  қатарына  қосқан  азаматтардың  бірі  –  Жүсіпбек»  деп 
айрықша баға берген/219/.
Басылым  бетінде  қаламгер  өзінің  ұлт  баспасөзі 
жайындағы  ойларын,  қазақ  газеттерінің  жақсара  түсуі 
үшін тілшілер қызметін дұрыс жолға қою керек екендігін, 
олардың не жайында, қалай жазғаны жөн болатынын ай-
тып,  ой-пікірін  білдіріп  отырған.  Мысалы,  «Тілшілерге» 
деген мақаласында Жүсіпбек газетке атсалысып отырған 
алыстағы  кейбір  тілшілердің  жазған  хабар-ошарларына 

108
сын көзбен қарай отыра, баспасөздің абырой, беделінің 
ел  ішінде  қандай  екенін  жазады.  «Газеттің  бетінде 
«Ел  хабарлары»  деген  бөлім  бар.  Ел  хабары  не  болып 
қалды?  Көремін:  үнемі  біреуді  жамандау,  қаралау,  жау-
ап  беру,  тайталас.  Бұл  қалай?  Ел  деп  жазатын  өзге  ха-
бар жоқ па? Қазақтың қай елін алсаң, партия, ерегес яки 
күндестіктен сау емес, өтірікті, өсекті, шағымды сабау... 
Ел  ішінде  жүріп,  елдің  сырын  алғандай  болдым.  Ел-
ден жіберген хабарлардың оннан бірі шын болса, қуанар 
едік. Оның өзі шын болмайды. ЬІлғи өтірікті, өсекті ба-
сты деп, газетке бос сөз басатын өсекші көріп, халықтың 
газет оқудан коңілі де қалады» дейді.
«Өткен  қыс  газетке  тұрғанымда,  –  деп  жазады  ол, 
–  талай  ел  хабарларында  қараланған  кісілерді  елге  ба-
рып  көрсем,  бірі  жаза  тартып,  яки  дұрыс  тергелгені  жоқ. 
Газетті қолына алып, тергеушіні, сотты жағалап, ажар са-
лып өзін ақтауға тырысатын көрінеді... Егер хәкімшілік сот 
мекемелері жауыздық тыюға бет алған болса, газетке ба-
сылмаса  да,  өз  бетімен  тыяр  еді.  Газеттегі  хабар  тұрсын, 
көзі  көріп,  көзі  жетіп  отырган  қылмыстарды  да  тексеруі 
екіталай /220/».
Бұл тұрғыда қаламгер, біріншіден, баспасөзде басыл-
ған қылмыс жайындағы өткір хабарларды әкімшілік сот 
шыбын  шаққан  құрлы  көрмейтінін,  олардың  тіпті  өзі 
айтқандай, «газеттегі хабар тұрсын, көзі көріп, көзі жетіп 
отырған  қылмыстарды  да  тексеруі  екіталай»  екенін  жа-
зып,  алаңдаушылық  білдіреді.  Екіншіден,  газетке  ха-
бар  жазатын  ел  ішіндегі  кейбір  адамдардың  бірін-бірі 
сөгіп, қаралап жататынын айта келіп, олардан от басын-
да өсек қуғанды қойып, жөні түзу, елге пайда, жасқа өнеге 
болатұғын нәрселерді жазуын сұрайды. Тілшілерге не ту-
ралы жазу керегін де (мысалы, елдің шаруасы, малдың күйі, 
салық жұмысы, әкімшілік хәлі, кәсіпсіздік, жұмыссыздық 

109
жайы, оқу жағдайы, жастар ұйымы, әйел теңдігі, т.с.с. аса 
көп әлеуметтік мәні бар мәселелерді) жүйелеп, тәптіштеп 
көрсетіп отырған.
Бұл  ыңғайда  көсемсөзшінің  ыждаһаттылығын, 
«көсемсөз  әлеуметке  басшылық  есебінде  айтылатын  сөз 
болғандықтан жұрт ісіне мәні зор болатындығын» (Ахмет 
Байтұрсынов)  бір  сәт  те  ұмытпағанын,  баспасөзге  жаны 
шын ашитынын аңдауға болады.
«Қазақ тілі» газетінде Аймауытұлының «Театр кітабы 
туралы»  сын-рецензиясы,  «Тілшілерге»,  «Төңкеріс  жемісі 
һәм әлеумет қызметкері», «Тәлкөшке шешендері», «Қазақ 
партиясы  туралы»,  «Сауатсыздықты  қалай  жою?»,  «Мал 
бас садақасы ма, бас мал садақасы ма?» «Емлені өзгертуге 
жоба»,  «Ауылдарда».  «Қызыл  әскер  жайынан»  атты 
мақалалары  және  «Күдіріс»,  «Мысыққа  ойын,  тышқанға 
өлім» деген шағын әңгімелері, «Кеп қолғашта» фельетоны 
жарық  көрген.  Қаламгердің  қоғамдық-саяси,  тұрмыстық-
әлеуметтік,  шаруашылық  және  оқу-білім  жайынан 
жазылған  мақалалары  сол  кездегі  қазақ  өмірінің  тыныс-
тіршілігінен мол мағлұмат береді.
Алдымен «Төртуыл» бүркеншік есімімен жарияланған 
«Театр  кітабы  туралы»  сын-рецензиясына  тоқталсақ 
/103.Б.140-144/. Өзі де бұл уақытта танымал драматург, 1916-
17 жылдары-ақ «Рәбиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар»), 
«Қанапия – Шарбану» сияқты пьесалардың авторы болған, 
олардың бір-екеуін өзі сахнаға дайындаған, режиссерлікті 
де  бір  кісідей  білетін/20.Б.16/  Жүсекең  осы  бір  сын 
мақаласында  драматургиялық  шығармалардың  және 
театрдың  не  екенін,  драматургияның  қандай  түрлері  бо-
латынын, пьесаның басты шарттарын жаза отырып, театр 
қисынының білгірі ретінде оқушыға біршама жайттан ха-
бар береді.
Көлемдірек мақаланың келесі бір бөлігінде «іліп алуға 

110
тұрмайтын пьесаларды жауып қойып», «...ойналып, жарам-
ды болып жүрген» «Алтын сақина» драмасының жетістігі 
мен кемшілігіне тоқталады. Төрт перделі «Алтын сақина» 
пьесасының  авторы  қазақ  әдебиетіне  өзіндік  үлес  қосқан 
тағы  бір  дарынды  әдебиетші,  алаштың  қалам  қайраткері 
Қошке Кемеңгерұлы екені мәлім /140/. Бірақ Жүсекең өзінің 
мақаласында  оның  есімін  атамайды.  Бұған  қоса  айтары-
мыз, «Алтын сақина» пьесасы – 1923 жылы Орынборда бас-
па бетін көрген, 1926 жылдың 13-январында Қызылордада 
Қазақ мемлекеттік театрының сахнасының шымылдығын 
тұңғыш ашқан шығарма /253/.
Десе де, 1923 жылға дейін жеке кітап болып шыққанша 
аталған пьеса, Аймауытұлының сын мақаласынан байқап 
отырғанымыздай,  сахнаға  жарамды  болып,  қойылып 
жүрген. Бұл рецензия 1922 жылдың 22-январында жарық 
көрсе, онда «Алтын сақинаның» одан ілгеріректе-ақ сахна-
ларда қойылғанына көз жеткізуге болады. Ал пьесаның сол 
уақытта баспасөз жүзін көргені (немесе көрмегені) туралы 
қаламгер мәлімет бермейді. Аймауытұлы драматургияның 
басты  шарттарына  жеке  аялдап,  шығарманың  ішкі  сы-
рын  ашады:  «Драма  екі  нәрсенің  тартыс  күресі:  тағдыр 
мен адамның, ар мен міндеттің, табиғат пен мәдениеттің, 
жақсылық пен жамандықтың, тағы сол сықылды. Драма-
да  бір  уақиғадан  екінші  уақиға,  бір  себептен  екінші  бір 
себеп туып отыратын, бірін-бірі күшейтетін белгілі бай-
ланыс болмақ, сондықтан байланыс, күшейіс, айырылыс 
деген жікке бөлінбек». Бұл тұрғыда мақаланың ғылыми-
теориялық, зерттеу сыпатын да аңдауға болады.
«Театр кітабы туралы» рецензиясы XX ғасыр басындағы 
драматургиялық  шығармаларға  арналып  жазылған  қазақ 
әдебиеті  мен  театртануындағы  алғашқы  сындардың  бірі 
болғандығымен және толымды, ойлы көсемсөз шығармасы 
екендігімен ерекшеленеді.

111
Аймауытұлының театртануға арналған мұнымен қатар 
«Зұлхбире»,  «Тәшкентте  сауық  кеші»,  «Театр  кітаптарын 
қалай  көбейтеміз»,  «Бардың  жоғы  болмайық»  сияқты 
әлденеше мақалалары болған. Оларға кейінірек аялдаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет