Өмір жайлы
Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесір келін, бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген.
Өмір жайлы не түсінем мен деген...
Өмір жайлы сұрай берме сен менен.
Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,
Өміріне кегі кеткен, өлмеген,
Жалған айып таңылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген.
Содан сұра, содан сұра өмірді,
Нені көрді, нені сезді, не білді.
Heгe ақылды ақымақтан жеңілді,
Біреу жылап, біреу неге көңілді?
Содан сұра, содан сұра өмірді!!!
Өтелер ме?
Аңсамаймын, Алмаймын көп өмірді!
Білемін, көп өмірден көрерімді.
Аларымды алған соң, ақысына
Беріп кетсем болғаны берерімді.
Мынау аспан, Мынау жер мекеніме,
Есеп берер күн туар кетерімде
Тоқсан жасап, жүз жасап неғыламын,
He беремін жүз жылдың өтеуіне.
Өтелер ме жылуы жарық күннің?
Төленер ме қызығы мамық түннің?
Жүз жыл емес, бір жылдың өтеуі жоқ,
Ылаж құрып, мінеки налып тұрмын
Нағып тудың, Анам-ай, нағып тудың?
Күндерімді күйбеңмен жалықтырдым.
Аңсамаймын, Алмаймын көп өмірді!
Көріп жүрмін онсыз да көрерімді...
Күндер батып, таңдарым атқан сайын,
Күдіктенем, біле алмай не дерімді.
Достарыңызбен бөлісу: |