1.Кіріспе
Экономикалық теорияның құрылымында бұл тақырыптың алатын орны ерекше. Өйткені бұл тақырып біз зерттеп танысатын курс үшін ерекше методологиялық кіріспе болып табылады. Мұнда экономикалық теория нені зерттеп талдайды, бұл үшін қандай әдістер пайдаланылады, оның қоғам дамуында атқаратын рөлі қандай және т.б. маңызды мәселелер анықталады.
Бүгінгі адам, егер ол қоғамдық дамудың заңдарын зерттеп түсінбесе, экономикалық теорияны меңгермесе, ол адам өзін білім мен мәдениетке қол жеткіздім деп айта алмайды. Қандай ғылым болмасын, ол адамдардың табиғатпен, қоғаммен, бұлардың өзара әсер етуімен байланысты мәселелерді шешуге бейімделген мақсатты талаптарының (әрекеттерінің) нәтижесінде пайда болады. Бұны толығынан экономиканы зерттейтін ғылым кешеніне жатқызуға болады. Адамдар көне заманнан бастап адамзат қоғамының дамуы немен байланысты, экономика қандай заңдармен дамиды деген сұрақтарға жауап іздеген.
Адамдар өмірі құбылмалы, күрделі және қайшылығы мол өмір. Бұл өмір экономиканы, саясатты, мәдениетті және т.б. қамтиды. Қоғам өмірінің әр салаларын жекелеген ғылымдар зерттейді. Экономикалық ғылым осылардың біреуі болып табылады. Тұңғыш экономикалық ой-пікірлер көне заманда пайда болған. Ертедегі Грекия, Рим, Қытай, Үндістан ғалым-философтары экономиканың жекелеген мәселелерін: бағанын негізінде не жатады, байлық қалай көбейеді, т.б. шешуге талаптанған. Ксенофонт (б.д.д. 430—354 жж.), Платон (б.д.д. 427—347 жж.), Аристотель (б.д.д. 384—322 жж.) пайдалылық туралы экономикалық теорияның бастапқы принциптерін анықтаумен айналысқан.
Көне Рим ойшылдары Сенека (4—65 б.д.д. жж.), Лукреций Кар (39~55 б.д.д. жж.) құлиеленушіліктің құлдырап күйреуінің экономикалық себептерін зерттеген. Осының басты себебі материалдық ынтаның болмауы, дейді олар Сенеканың көзқарастары христианствоның экономикалық концепцияларының қалыптасуына ықпал еткен. Осы концепциялар соңынан адамзат дамуының тарихи процесінде шаруашылық өмірге көзқарасты мүлде өзгертеді. "Егер кімде-кім еңбек еткісі келмесе, ол тамақ жемесін" деп, христиандық ойшылдар және уағызшылар жабайы шаруашылық еңбекті қажетті және киелі іс деп жариялаған. Христиандық ілім әділетті баға белгілеу принципін дәлелдейді, еңбек шығындарымен есептесе отырып, мүліктер индивидуалдық емес, әлеуметтік бағаланғаны жөн дейді.
Бірақ ерте дүниеде, орта ғасырларда экономикалық ой-пікірлер ғылым болып қалыптаспаған болатын. Сол замандардың ойшылдары экономикалық құбылыстарды жалпы қоғам өмірінің процестерінен бөліп алып жеке талдаған жоқ, экономика туралы ілімді жүйеге келтіріп қалыптастыра алмаған. Экономикалық теория қолданбалы ғылым болып шаруашылық жүргізуде құлиемдену құрылыста пайда болды. Экономикалық теория ғылым болып тек ХVІ-ХVІІ ғасырларда ғана қалыптасады. Алғаш бұл теория "саяси экономия" деген атқа ие болды (грекше: "политейя"— қоғам, "ойкос"— үй, шаруашылық, "номос" — заң). Сонымен. саяси экономия — қоғамдық шаруашылықтың заңдары туралы ғылым болып табылады. XVII ғ. басында саяси экономия дербес ғылымға айналды.
Экономикалық ғылымның ұзақ және аса бай тарихы бар. Экономикалық ілімдерді жүйелеудің ең алғашқы белгілі талпыныстары Аристотель (б.з.д. 364-322) мен Платон (б.з.д. 428-348) сияқты ежелгі грек ойшылдарымен байланысты. Олар өз зерттеулерінде экономикалық өмірдің негізгі мәселелерін қарастырған. Аристотель экономиканы байлық туралы ғылым ретінде анықтап, құн, баға және ақша теориясына өте көп үлес қосты.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «экономика» термині ежелгі грек сөзі, оны алғаш рет грек жазушысы және тарихшы Ксенофонт (б.з.д. 430- 355) қолданған. Шын мәнінде, бастапқы мағынасында «экономия» сөзі орын алған, ол үй шаруашылығын жүргізудің өнері туралы ғылым ретінде сипатталды. Алайда, уақыттың өзгеруіне байланысты экономикада жаңа ұғымдар пайда болды. Мемлекеттер қалыптасып, қоғамдық еңбек бөлінісі мен айырбас қатынастары дами бастады. Осыған орай, біртұтас мемлекеттің халық шаруашылығын басқару қажеттілігі туындады. Осы кезде француз экономисі Антуан де Монкретьен (1575-1621) 1615 жылы «Саяси экономия трактаты» атты еңбегін жариялайды. Онда ол сауда қатынастарын жан-жақты дамыту арқылы экономикалық саясатты жүргізуді ұсынады. Сөйтіп, экономия сөзі саяси экономия деп аталатын сөз тіркесіне айналды. «Саяси экономия» – бұл кең мағынасында халық шаруашылығын мемлекет тұрғысынан басқару туралы ғылым. Сол уақыттағы осы ғылым тұрғысында экономистер мемлекеттің ұлттық табысын арттыратын шешімдерді және шаруашылық жүргізудің негізгі мәселелерін алға тартты.