Ұрпақтан-ұрпакқа мұра болған руникалық жазба ескерткіштер (VIII) қазақ және өзге түркі халықтарының көне дәуірде мәдени деңгейінің өте жоғары болғандығын дәлелдейтін баға жетпес асыл қазына. Бүкіл әлемге танылған түркі руникалық жазбалары атақты Египет перғауындарының қорғандарынан табылған шумер жазуларымен дәуірлес болып келеді. Қазақ және өзге де түркі халықтарының этносы мен мемлекеттігін, тілі мен графикалық жүйесін (жазбаларын), тарихи-мәдени және этносаяси жағдайын ғылыми түрде жан-жақты әрі жүйелі зерттеу түркі тілдес халықтар үшін, оның келешек ұрпағы үшін құнды қазына болып табылады.
Қазақстан мен Орталық Азия және Оңтүстік Сібір жерлерін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалар бірігіп, VI ғасырдың, орта шенінде "Түрік қағанаты" деген атпен өз алдына мемлекет құрғаны тарихтан белгілі. Осы қағанаттың құрамына енген тайпалык, одақтар бір кездерде өз елі мен жерінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін алапат қақтығыстар мен жойқын соғыстарды басынан кешті. Тұс-тұстан қаумалаған дұшпандардың шапқыншылығынан қорғанған түркі ру-тайпаларының жорықтары қол бастаған ержүрек, дана іскер басшылардың ерлік істерімен, оған тіреу болар ел бірлігімен жүзеге асты. Ұрпаққа өнеге болар атақты Күлтегін, Тоныкөк, Білге, Бумын қағандар әрі тарихи, әрі әдеби дастан жырлардың кейіпкерлеріне, сомды тұлғаларына айналды. Ардақты есімдерді ел жадында сақтау үшін сол заманның данагөй білімдарлары өркениеттің белгісі болып табылатын түркілік сына жазумен тас бетіне түсірді.
Түркі тайпаларынан қалған бұл ескерткіштер көне дәуірдің қоғамдық-мәдени, әрі әдеби тұрмыс-салт өмірлерінен хабар беретін жәдігер қазына ретінде бүгінгі күні барлық түркі тектес халықтарға ортақ мұраға айналды. Түркінің сар даласының ішкі сырын бойына сіңірген таңбалы тастар қас батырдың ерлігіндей сан ғасырларды аттап, өз заманының шындығы мен қайғы-қасіретін, амал-әрекетін бейнелеп, еш өзгерместен күні бүгінге жетіп отыр.Болашақ ұрпақка мұра етіп қалдырылған көне түркілік жазба ескерткіштер кең байтақ Қазақстанның барлық аймақтарынан табылып, ескерткіштер саны жыл санап өсіп жатыр.