Реферат орындаған: Мурат Жанель Тексерген: Джакупова Чинара Абдусаматовна Көшпелілер рухани мәдениетінің ерекшелігі



бет1/2
Дата17.10.2023
өлшемі19,71 Kb.
#117619
түріРеферат
  1   2

РЕФЕРАТ


Орындаған: Мурат Жанель
Тексерген: Джакупова Чинара Абдусаматовна

Көшпелілер рухани мәдениетінің ерекшелігі


Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінеді. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күн көрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды. Зиялы қауым арасында, тіпті оқымысты ғалымдар арасында мәдениет және өркениет ұғымдарын шатастырушылық әлі де кездеседі. Осы арада олар шаруашылық жүргізу мәдениетінің, саяси мәдениеттің, экономика мәдениетінің тағы сол сияқты мәдениеттердің болатындығын ескермеді. Осыдан барып, мәселен, көптеген адамдар мәдениетті тек қана өнер туындылары құрайды деп ойлайды да, оны өркениетпен тең қойып, жаңсақ түсініктерге жол береді. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген кеудемсоқтық теория белең алды. Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті. "Мәдениет" деген ұғымның аясы өте кең. Сондықтан да болар, "мәдениет" ұғымының көптеген анықтамасы бар. Адам ой-санасы мен әрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Мәдениетті кейде шартты түрде материалдық және рухани деп екіге бөледі. Қолмен ұстап, көзбен көруге болатын дүниелерді материалдық мәдениет үлгілері дейміз. Ал қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын, тек санамен, түйсікпен қабылданатын мәдениет жетістіктерін біз рухани мәдениет дейміз. Рухани және материалдық мәдениет үлгілерінің арасында тұйық шек жоқ. Кейде материалдық мәдениет үлгілері руханияттың үлгісі болып табылады. Мысалы, сәулет өнері ескерткіші, былай қарағанда, материалдық мәдениет, ал сол сәулет өнерінен халықтың немесе сәулетшінің дүниетанымы, мәдени дәстүрі көрінеді. Оның үстіне, сәулет өнері ескерткішінен көрермен рухани ләззат алады. Бұл жағынан қарағанда сәулет өнері ескерткіші рухани мәдениет үлгісіне де жатады. Кітапты да солай түсінуге болады: әрі материалдық дүние әрі рухани құндылық. Көшпелілердің рухани мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Ол көшпелілердің тіршілік қарекетінің, тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Кейбір батыстық зерттеушілер: "Көшпелілер өз бетінше мәдени құндылықтар жасауға қабілетсіз, олар тек басып алған отырықшы халықтардың мәдениетін қабылдайды. Ал отырықшы халықтардың мәдениеті оларға өгей мәдениет болып қала береді", – дейді. Бұл – мүлде қате пікір. Көшпелілер өз тұрмыс-қарекетіне лайықты мәдениет қалыптастырған. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз.
Киіз үй тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт -дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері — түйелер мен ұшқыр қайық — аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ —шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса (жарық түсетін терезе, түтін шығатын мұржа, таза ауа), екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық, керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы киіз үй құрылысынан өз көрінісін табады. Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты. Мысалы, орманды мекен ететіндер ағаштардың арасынан аспанды төртбұрышты бітімінде көреді, олардың үйлері де төрт қабырғалы, Кавказдың биік тауларындағы үй көшпелі шаруашылық типінде де әрекет етеді. Жазық дала тек көкжиекпен шеңбер тәрізді шектелген. Сондықтан көшпелілердің тұрағы да дөңгелек. Орталық Азиядағы күмбездік архитектураның бір бастауы — көшпелілердің киіз үйі. Бұл тағы да оазистік және көшпелі шаруашылық-мәдени типтердің түрік өркениетіндегі синхроңдығын көрсетеді. Натуралдық шаруашылық жағдайында қазақ халқы қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. «Ағаштан түйін түйген», «Он саусағынан өнер тамған» сияқты шебер ұсталар, тоқымашылар т.б. іскер адамдар халықтың материалдық мәдениетінің тамаша үлгілерін жасаған. Халық өнері әсіресе киіз үй жиһаздары мен ұлттық киімнен айқын көрініс тапты. Қазақ жерінде XIX ғасырда айдауда болған поляк Бронислав Залесский былай суреттейді: «Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш кезінде, мерекедегідей жасана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын зер төгіп тіккен шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы оның соңынан ереді... Атты, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ертұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптатып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің асыл тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйысқан — бәрі де шебер өріліп, Шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі». Көшпелілердің рухани мәдениеті тіптен бай. Мал шаруашылығы — егіншілікке карағанда бұқара халықтың барлығы қамтылмайтын, қамтығанның өзінде көшпелі қауымның бос уақыты көбірек болатын шаруашылық түрі. Сонымен қатар көшпелілер отырықшыларға қарағанда табиғатқа жақынырақ, онымен етене өмір сүрген. Көшпелілерде табиғатқа негізделген дүниетаным, ақынжандылық, қиялшылдық, түптеп келгенде, шығармашылықпен ойлау жүйесі қатты дамыды. Бұдан "Отырықшы халықтарда бұл қасиет болмады, не аз көрініс тапты" деген ой тумауы керек. Тек бұл қасиеттердің қалыптасуына, көрініс тауып, іске асуына көшпелі өмір объективті түрде көбірек жағдай туғызды. Көшпелілерде де, отырықшы елдер сияқты, жазу ерте пайда болды. Біз сақ жазуларының (б.з.д. 1-мыңжылдықтың ортасы), түрік жазуларының (б. з. VII—VIII ғасырлар) болғандығын, одан бергі ортағасырлық түркі тайпаларында жазудың болғандығын білеміз. Бірақ тағы да объективтік себептермен көшпелілерде отырықшыларға қарағанда жазу-сызу кеңінен дами алмады. Олардың рухани мәдениеті — шежіре тарихы, фольклоры, діни ұстаным-қағидалары жадында сақталды. Көшпелілер мәдениетінің тағы бір ерекшелігі — олардың мәдениетінің көбінесе синкретті (біртекті ғана емес, көпқырлы) болып келуінде. Көне заманда қазақ жерінде өмір сүрген тайпалар (сақ, ғұн, үйсін, сармат, т.б.), одан кейін орта ғасырлардағы түркілер бүкіл Еуразиялық көне және ортағасырлық өркениеттер мен әр түрлі себептер арқылы (миграция, жаулап алу, бейбіт көршілік жағдайында) араласты. Сол арқылы көшпелілер өздеріне түрлі халықтардың жақсы мәдени жетістіктерін қабылдады, өздерінің мәдени үлгілерін басқа халықтарға жұғыстырды. Көшпелілер түрлі мәдениеттердің бір-бірімен араласуына, жақындасуына қозғаушы күш болған, дәнекер қызметін атқарған. Қазақ мәдениеті жөнінде мәселе қозғағанда, біз мынаны естен шығармауымыз керек. Рас, қазақ мәдениеті өзінің негізгі тіні, өзегі, тұрпаты жағынан көшпелі мәдениеттің үлгісінде жасалған өркениет. Қазақ мәдениетінде отырықшы өркениеттің үлгілері аз болған жоқ. Отырықшы өркениет үлгілері әсіресе орта ғасырларда, Оңтүстік өңірлер мен Жетісуда отырықшы қала мәдениеті дәуірлеген кезде көбейе түсті. Арабтар жаулап алар тұста көне түркілер мекендеген Тұран жерінде диқаншылықпен, мал өсірумен қатар алтын, күміс, жез, темір, қорғасын өндірген елдің өзіндік мәдениеті болған. Түркі қалаларында тоқымашылық, сауда-саттық пен қолөнер қатар дамыған. Түркілердің Мары (Мерв), Шаш (Ташкент), Шауғар (Түркістан), Сауран, Отырар, Сайрам, Тараз, Баласағұн сияқты қалалары Ұлы Жібек жолының бойына орналасқандықтан, Үндістан, Қытай, Византия мемлекеттерімен сауда-саттық жасап, тікелей дипломатиялық қатынастар орнатуға жол ашқан. Феодалдық мемлекеттерден бізге жеткен материалдық ескерткіштер өте мардымсыз. Негізінен, қыстақтар мен қала жұрттары, обалар (зираттар). Археолог ғалымдар осы аталған ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алынған бұйымдардың қалдықтарына талдау жасай отырып, олардың материалдық жағдайының қандай дәрежеде болғандығын анықтайды. Бірақ ол ескерткіштер де жеткілікті зерттеле қойған жоқ. Түркі дәуірінің алты ғасырға жуық (VI—XII ғасырлар) мерзім ішінде өмір кешкен Түрік, Батыс түрік, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ-қыпшақ және Қарахан қағанаттықтарының әрқайсысының өздеріне тән материалдық мәдениеттерін жеке-жеке талдап көрсету мүмкін болмай отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет