Философия семинар
Таным дегеніміз не?
Алдыңғы сабақта болмыс мәселелерін талдап: «Дүние қалай құрылған?» – деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Енді уақыт екінші үлкен сұраққа жауап беруді талап етеді. Осы өзімен-өзі өмір сүріп жатқан дүниені адам танып-біле ала ма?
Таным деп біз адамның айнала қоршаған ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз. Ол әрқашанда даму үдерісінде. Егерде көне замандағы адам найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезде зәресі кетіп, оны аспан Құдайының іс-әрекетіне теңестірген болса, қазіргі уақытта оның физикалық сырын 8-9-сыныптарда оқитын әрбір оқушы айта алады.
Дүниетанудағы негізгі мақсат – зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни оларды білу. Білім – әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені бірдемені білу дегеніміз – сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды күрделі үдеріс, ал білімді белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек.
Жүре келе, ғылыми зерттеудің тақырыбына байланысты білімнің әртүрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп, жара- тылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады.
Дүниетану – өте күрделі құбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалыптасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үдерісінде өз орнын алады.
Ендеше, дүниетану негізінде жатқан негізгі құбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мәнін ашуға болады. Сана, рух болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді: «таным үдерісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі», «шығармашылық ізденіс», «білімге деген құштарлық», «туа біткен табиғи дарын» т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ олардың негізінде толыққанды таным тео- риясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал оның өзі бізді адамның «таза табиғатқа» қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде «практика» дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |