Саяси ғылымның негізін қалаушы - гректің ұлы ойшылы, философ Аристотель болатын.
Мифологиялық саяси идеялардан саяси ғылымға дейін
Жалпы саяси білімдердің дамуы үш кезеңге бөлінеді: мифологиялық, діни және ғылыми.
Мифологиялық кезеңнің өзінде-ақ ежелгі адамдар тайпаның, қауымның, қоғамның дамуы адамдардың қасиеттерімен тікелей байланысты екенін түсінеді. Өзінің қауымына ерекше қызмет еткен тұлғаларды Ежелгі Грекияда құдайларға айналдырды Ол кезде барлық әлеуметтік-саяси құрылыс, мемлекет құдайдың құдіретімен жасалады және дамиды делінді. Ежелгі Грекияда рухани күштердің мүмкіндіктері де қасиетті адам қалыптастыруға бейімделді. Олардың түсінуінше қасиетті адам болудың айғағы – тұлғаның өз қауымының өміріне, өзінің табиғи орталығына бейімделіп қалыптасуы.
Көне египеттіктердің, қытайлықтардың, үнділердің, вавилондықтардың, еврейлердің, парсылардың, гректердің және римдіктердің әлеуметтік-саяси алғашқы түсініктері діни сипатқа көше бастады. Бұнда орын алып отырған билік пен тәртіп құдайдан туындайды деген түсінік басым болды. Сөйтіп, біздің заманға дейінгі І мыңжылдықта мифологиялық идеологияда өзгеше бетбұрыс басталды. Бұл діни кезеңнің басталуы болды.
Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ Қытайда, Парсыда, Грекияда саяси білімдердің дамуындағы мифологиялық-діни көзқарас ғылыми көзқараспен ұштаса бастады. Мысалы, ежелгі Қытайдың саяси ойларында рационалдық тенденцияның көрінісі ретінде легистерді атауға болады. Олар өндіріс пен сауданың бірқатар салаларында мемлекеттік монополияны негіздеу қажеттігін айтты. Легизм өкілдері қоғам өмірі мен жеке адам тіршілігінің барлық жақтарын реттеуге мүмкіндік беретін орталықтандырылған қатаң, авторитарлық мемлекет құру қажет деп санады.