Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім министрі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Тарих,ғылыми тарих факультеті. 2 курс.
Семинар
Тақырыбы: Өз өңіріңнің ерекшелігі.
Орындаған:Жәдігерқызы Айна Тексерген:Бейсегулова Айнұр
Алматы, 2022 Өз өңіріңнің ерекшелігі.
Менің туған өлкем Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Онды ауылы. Мен Онды ауылында дүниеге келдім. Бұл біз үшін тау бөктерінде орналасқан ауыл болып табылады. Алматыдағыдай биік биік таулар емес әрине. Бірақ Маңғыстаудың ең биік жері Бесшоқы осы біздің ауыл маңы. Маңғыстау дегенде бәріміздің ойымызға ең алғаш Әбіш Кекілбаев есімізге түседі. Міне сол Әбіш атамыз біздің ауылда яғни Онды ауылында дүниеге келген дейді. Негізі Әбіш атамыз біздің ауылдан 30км дей жерде орналасқан Мырзайыр деген жерде дүниеге келген. Сол Мырзайырдан Ондыға қатынап білім алған. Біз Әбіш туған жерді Мырзайыр құдығы деп немесе Басқұдық деп атаймыз. Ол әлі күнге дейін бар, менің апам сонда әлі күнге дейін өмір сүреді. Мен өзім 3 жыл Ондыдағы Әбіш Кекілбаев атындағы мектепте білім алдым. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық жолы поэзиядан басталды. 1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. Содан бергі уақытта проза, әдеби сын, көркем аударма, көсемсөз, драма, көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ол Қазақстанның Халық жазушысы. Мен әрқашан Маңғыстауда Әбіштің ауылында дүниеге келгеніме мақтан етемін. Жалпы біз Маңғыстаулықтар салт дәстүрді берік ұстанамыз. Ұмыт қалған дәстүрдің барлығы дерлік Маңғыстауда күні бүгінге дейін сақталған. Салт дәстүр қазаққа ортақ құндылық, дегенмен де әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Маңғыстаудағы дәстүр көп соның біріне келін түсіруден бастап тоқталар болсақ. Келін алу бізде маңызды мереке, келін алу арқылы бізде түрлі дәстүрлер бар. Мысалға: Беташарда келінді малдың терісінің үстіне тұрғызып, жанына екі жеңгесін қояды. Екі жеңгесінің рөлі “Қолтық Сүйеу” деп аталады.
Беташарда суреттегідей келіннің артында екі жеңгесі шымылдық ұстап тұрады және келіннің қасында екі жеңгесі қолтық сүйейді. Жігіттің өз жағынан бір жеңгесі, нағашы жағынан бір жеңгесі ұстайды. Ал сабауды бізде жиен ұстайды. Қазақта “жиеннің назарынан” демекші сабау ұстау жиенге беріледі. Сабауға 3 түсті орамал байланады ол орамалдарыд түсінің өз мағынасы бар. Бірінші “қызыл орамал” - қыз кезіндегі орамалы, “ақ орамал” – келін болғандағы орамалы, ал “жасыл орамал” мағынасы жапырағы жайылсын деген мағына береді. Босаға аттаған жас келін оң тізесін сәл бүгіп, оң қолын оң тізесінің үстіне қояды. Алақанын аздап ашып сәл ғана иіледі. Бұл - сәлем салу. Батыстың келіндері оңтүстіктегідей халат пен шалбар кимейді. Мүмкіндігінше, ұлттық нақыштағы көйлек, нымша киеді. Бастарына үлкен орамал орайды. Жас келінді көруге келгендер міндетті түрде сыйлық алып келеді. Айта кететін бір ерекшелігі - жас келін қонаққа келген төркініне шәй құймайды. Бұл міндетті енесі атқарады. Ал басқа қонақтарға тек қана келін шәй құяды. Дәм желініп, дастарханға бата берілген соң келін тағы да сәлем салып, дастарханды жинап алады. Сәлем салу Маңғыстауда өте қатты ұсталады. Сәлем салмау бізде әдепсіздікпен тең десем болады. Келіннің бетін құбылаға қаратып ашады. Сонымен қатар, келіннің бетін ашқан адам мен жаңа түскен келіннің бір рудан болмауын да назарда ұстайды. Маңғыстауда қалыңдықтың ата-аналары үйлену тойына қатыспайды. Ата-анасы қызымен Қыз ұзату тойында қоштасып, тек бірнеше айдан кейін құдалықта көріседі. Тағы бір айта кетер қызықты ырым десекте болады. Егер бір отбасындағы ағайындылар бір жылда үйленсе, онда бір қалыңдық есік арқылы, ал екіншісі терезе арқылы кіреді.
Маңғыстауда отқа табынушылық әлі де бар. Мысалға жаңа түскен келінді отқа табындырады. Ондағы мағына босағаны аттаған келін тазару мақсатында. Тек келінді түскенде ғана емес сонымен қатар отқа табыну әулие басына барғанда да орын алады. Әулие басына барып шырақ жағып, жеті май салып, құран бағыштаймыз. Төмендегі суретте беташар болғанан кейінгі жас келінді отқа табынуы. Келіннің беті ашылған соң, үй ішіне немесе ағаш үйге кіргізіп үлкен кісі жас келінді аластайды. Содан соң келіннің қолынан шәй ішу басталады.
«Маңғыстаулықтар Наурыз мерекесін жылына екі рет (14 мен 22-ші наурыз күндері) тойлайды. 14 наурыз Көрісу яғни “ Амал мерекесі”. Көрісу − ынтымақ пен берекенің, татулық пен тағылымның көрінісі іспетті.Бұл күн − «пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі бар. Көрісу күні бұрын-соңды бір-біріне өкпе-назы бар ағайын-туыс араздастықты жойып, татуласып, табысады. Төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» дейтін баба нақылы осыдан қалса керек. «Көрісу» дәстүрі қазақтың барлық жерінде болған, тек бертін келе отаршыл саясат дәстүрлі салтымызды халық жадынан ұмыттыруға тырысқан. Бірақ батыс аймақтарда бұл дәстүр маңызын жойған емес. Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі.. Бір ерекшелігі — «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Маңғыстауда тіпті ұзаққа жалғасады, мысалы біз Алматыда студентпіз наурызда ауылымызда болмаймыз. Сол себепті ауылға барғанда мейлі жазда болсын көрісе береміз. Қазіргі таңда көрісуді барлық өңірлерде ұстанса жақсы болатын еді. Маңғыстауда ұлттық киім «мода»! Қазақстанның сәлт-дәстүрді берік ұстанған өңірлерінің бірі екендігі киімнен де көрініс тауып тұрады. Кез келген мереке, жиын той, бас қосу қазақы нақыштағы киімсіз өтпейді. Келіндердің оюлы камзол мен қос етек көйлектегі образы қандастарымызда ғана емес, өзге ұлт өкілдерін қызықтырып келеді. Маңғыстау тарихи өлке. Біздегі бір ерекшелік 360 әулие. Осы 360 әулие барлығын таңқалдырады. Қазіргі таңда 360 әулиелер жайлы біздің білетініміз: Қаразым (Хорезм) жерінде «360 әулие» атты көне қорым бар. «Әулие үш жүз алпыс, сен де аман бол» (Сүгір жырау Бегендікұлының «Хорезмнен көшерде айтқаны») «Ер Едіге» жырында Тоқтамыстың елімен қоштасатын тұсы былайша берілген:
Ей, байтағым, байтағым,
Бастап сені алдырттым.
Ал, аман бол менен соң.
Байтағымның ішінде
Он сан елім ноғайлы,
Сені тағы алдырттым.
Он сан ноғай ішінде
ҮШ ЖҮЗ АЛПЫС отау қазағым,
Сені тағы алдырттым,
Осы қасиетті 360 саны адам баласының өмірінде мықтап орын алған. Қазіргі ғылымда сол аталарымыз айтып кеткен қасиетті 360 санынан асып ешқайда кете алған жоқ. Шеңбер 360 градусқа бөлінеді. Жер өз шеңберін (360°) бір тәулікте (24 сағатта) айналып шығады. Осы 360 саны заманауи ең озық технологияда да қолданылады. Бір аптаны жеті күнге бөлу, шеңберді 360 градусқа, сағатты 60 минутқа, минутты 60 секундқа, секундты 60 терцияға бөлу солардан бізге мирас болып қалған делінеді. Жұлдыздарға қарап болашақты болжау, яғни астрология да солардың арқасында туған. Бізде күні бүгінге дейін күй, айтыс ерекше орын алады. Маңғыстау өңірінде күйшілік өнер ерекше дамып, өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан күй өнері Абыл, Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, Картбай, Байшағыр, Шамғүл, Мұұрат сияқты біртуар есімдер арқылы өз жалғасын тауып, рухани қазына ретінде сақталып келеді. Біздің өңірдің күйлері жалпы төкпе дәстүріне жатқанымен, өзіндік нақышты, ерекше сазды, қайталанбас орындалу мәнерімен өз алдына жеке тұрған, күйшілік өнердің өзгеше арналарының бірі. Ел арасында Маңғыстау күйлерін «Адай күйлері» деп те атайды. Оның себебі, күй авторларының басым көпшілігі қазақтың адай руынан шыққандығы. Маңғыстау ежелден әншілер мен күйшілердің отаны болды. Мұндағы халықтық жырлар мен жыраулардың әуені күй өнеріне де зор ықпал жасаған. Маңғыстаудың күйшілері әрі әнші, әрі жыршы болып келетіні сондықтан. Жыр, дастан айту өнері жыр-күй, ән-күй атанып, ел арасына кең тараған. Маңғыстау күйшілерінің ішіндегі ең көрнектілерінің бірі-Абыл Тарақүлы. Маңғыстаудағы күйшілік өнерде «Шоңай мектебі» деп аталатын күй орындау дәстүрі де бар. Бұл дәстүр адайдың шонай руьшан шыққан күйшілерге байланысты аталса керек. Осы мепктептің ең көрнекті өкілі — Есір Айшуақұлы Есірдің күйшілік мұрасы — Манғыстау дәстүрінен өрбіген өзіндік сазды, орындалу мәнері күрделі, саздық тілі бай, асыл қазына. Маңғыстауда тағы бір сақталған нәрсе ол “Тасаттық”. Тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Тасаттықта көпшілік қауым болып жиналып, құрбандық шалып, сауабын аруақтарға бағыштап, құран оқылып, құдайдан жаңбыр жаууын тілеп ниет қылады. Тасаттыққа жиналған қауым діни рәсімдерді атқарумен қатар жиынның соңын мереке сауыққа айналдырады. Осындай шамандық мифологияда көктен жаңбыр тілеп жаудыратын сакралды салттар түркі халықтарында, оның ішінде қазақ халқында әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Тасаттық сөзі араб тілінде құрбандық деген мағынаны білдіреді. Бәріміз білетіндей Маңғыстау шөлейт мекен. Жауын деңгейі өте аз. Сол себептенде тасаттық жиі беріледі. Бәріміз білетіндей жақында мамыр айында тағы өткізілді. Жауын тілеуге Ақтау қаласындағы Амфитеатр алаңына 3 мыңнан астам адам жиналды. Бала кезімнен осы тасаттықты көріп өстім. Ауыл адамдары жиналып құрбандық шалып, ас беретін. Маңғыстау өте бай өлке. Наным сенімдеріне тоқталар болсақ, Маңғыстауда яғни батыста ортақ наным сенімдер көп. Оларға “Тасбақаның дауылы”, “Бесқонақ” “Құралайдың салқыны” және тек қана маңғыстауда бар Итбалықтың қатырмасы. Әр қайсысына қысқаша тооқтала кетсем. Қыс мезгілі аяқталып, халық қалың киімін тастап, күн жылыған көктемде ауа райының қайта суытатыны бар. 14-27 мамырдың аралығына тұспа-тұс келетін бұл кезеңді қазақ "құралайдың салқыны" деп атаған. Құралай - киіктің лағы. Халық ұғымында «Құралайдың салқыны» - мамыр айының екінші жартысынан басталып, он шақты күнге созылатын дауылды қара суық, құбылмалы күндер. Адамға да, малға да жайсыз қара суық түсіп, ызғырық жел соғып, тіпті кей жерде қар жауады. Қазақтың есепшілері текебұрқылдақ амалы – текелердің шағылысатын кезіне қарап, құралайдың салқыны амалының уақытын дәл анықтап отырған. Құралайдың салқыны аталатын себебі бұл кезде киіктер төлдеп, құралайының кіндігі түседі. Әрі киік төлдер кезде желге қарсы жүгіріп, төлдеуге қабілетті болады екен. Бұған табиғаттың тылсым күшімен соққан қатты суық жел жәрдемдеседі. Бір қызығы, даланы кезген барлық киік осы екі-үш күннің ішінде төлдеп үлгереді. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жата береді екен. Үлкендердің айтуынша, аналық киік кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Сондықтан ыстық жаз түскенде құралайдың далада жетім қалмайтыны осыдан. Киік өзінің лағын осы мерзімде өргізеді. Яғни, құралайдың салқынында жел тұрып, жаңа туған лақ желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді. Тасбақаның дауылы. Тағы бір табиғи құбылыс – тасбақаның дауылы. Ол құмды жерлерде байқалатын көктемгі құбылыс. Халық арасындағы әңгімелерге сай, қыс басталарда тасбақа аузына бір шөкім шөп тістеп, ініне кіріп ұйықтайды. Ал көктемде оянған кезде үстіндегі құмды өз күшімен сілкіп түсіре алмайды. Сондай сәтте табиғат-ана оған көмектесу үшін дауыл тудырады. Ел арасында сондай сәтте тасбақаның аузындағы шөпті алған адамның арманы орындалады деген түсінік бар. "Тасбақаның дауылы бірде ерте, бірде кеш келеді. Тасбақа інінде жатады. Тасбақаның дауылы – адам көрмеген жел, шаңды, дауылды өтеді. Сол уақытта тасбақалар шығады. Бұл наурыздың аяғы – сәуірдің басында болады. Тасбақаның шөбі дейтін Әбіщ Кекілбаевтың әңгімесі бар. Қарт Каспийде жүзге жуық арал бар. Соның Маңғыстау бөлігіндегі бес аралдың бірі Құлалы деп аталады. Ол омырауын Жайықтың құламасына төсеп тұр, содан болар қыстың қақаған аязында да қатпайтын Каспийдің осы бөлігі ақпанда мұз құрсауға оранады. Ақпанның оныншы жұлдызы мен он бесі аралығы Құлалыда итбалық күшіктейді. Кей жылдары бұдан сәл ерте не кеш күшіктеуі де мүмкін. Жарық дүниеге шыққан мезет «ақүрпектер» бауырын мұзға төсеп жата қалатын көрінеді. Адайлар «итбалықтың күшіктері» демейді, «ақүрпектері» деп еркелетеді, сондай-ақ итбалық демей, «ескек аяқ» деп ат қойған да сол балықшылар. Сол екі аралықта күн қатты суытады. Әдеттегі аяздан гөрі өткір суық өзгенің өңменінен өтсе де итбалық үшін, оның жаңа туған «ақүрпектері» үшін де жәйлі мезгіл. Жатып-жатып бауырын жерден көтеріп алғанда бағанағы қаны тамшылаған жас кіндік мұзға жабысып, үзіліп түседі. Әрі қарай тастай суға сүңгіп ойнап, өмір айдынына құлаш ұрып жүзіп кете барады. Кіндігі кесілген соң-ақ дереу жер бауырлап жылжып суға ұмтылуын көрудің өзі бір ғанибет. Осы аралықты Маңғыстауда «Итбалықтың қатырмасы» деп атайды. . Батыс аймақта "бесқонақ" 13-18 сәуір аралығында болады. "Бесқонақ" келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған дала борап, жаңбыр мен қар жауады. Күн суытып, қыс қайта басталғандай әсер де болуы мүмкін. "Бесқонақ" күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын "Бесқонақ" халыққа ауыртпалық түсіргенімен, жыл сайын осы мезгілде ауа райының бұзылуын қалайды екен. Себебі "бесқонақ" жауын-шашынсыз, тып-тыныш өтсе, ол жаман ырымға баланады. Демек, жазда жаңбыр аз болып, астық дұрыс шықпайды деп сенген. Осы құбылыстың неге "бесқонақ" деп аталуына қатысты аңыздар бар. "Баяғыда бес адам жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен. Бірақ жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сол кезде жолдағы бес қонақ дүниеден өтіпті. Содан кейін бұл күндерді "бесқонақ" деп атап кеткен", - дейді этнограф Болат Бопайұлы.