Байланысты: Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі түрлері
Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі түрлері. Сыныптан тыс жұмыстың көпшілік және жалпы түрлерін бөліп қарайды. Тәрбиенің міндеттерін шешу үшін сыныптан тыс жұмыстың жалпы түрлерін пайдаланады. Тәрбиенің белгілі бір бағытының өзіндік ерекшелігін бейнелейтін сыныптан тыс жұмыстың арнайы түрін анықтайды. Педагогика ғылымында сыныптан тыс жұмыстардың түрлерін топқа бөлу айқын қалыптасқан жоқ. Дегенмен, мектеп тәжірибесінде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру түрлерінің жүйесі айқын көрінеді.
Бастауыш мектеп жасындағы балалармен сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырып, өткізуге жетекшілік рөл – мұғалімдікі. Ол ата-аналардың, жұртшылықтың, еңбек ұжымдарының, қамқоршы оқушылардың күшін біріктіреді. Сыныптан тыс жұмыстар бұл кезде оқушылар ұйымдарының іс-әрекетімен тығыз бірлікте жүргізіледі. Оқушылардың қоғамдық мәнінің әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға, жасампаздық қабілеттері мен дарындарының дамуына мүмкіндік береді.
Сыныптан тыс жұмыстардың жалпы түріне үйірме жұмысы жатады. Үйірме жұмысы балаларды пәндік, техникалық, спорттық секцияларға біріктіреді. Бастауыш сыныптардағы үйірме жұмыстарының мақсаты – оқушыны ғылым мен техника әлеміне енгізу, жасампаздық қабілеттері мен дарындарын дамыту, оқушылардың тәжірибелік білігі мен дағдыларын қалыптастыру, үйірме жұмыстарында алған білімдерін сабақтарда пайдалануға үйрету. Бастауыш сыныптарда балалардың іске қызығуы тұрақты болмайды. Үйірме жұмыстары оқушылардың әр түрлі және кездейсоқ қызығуына да жауап беруі керек. Үйірме жұмысы жеке пән негізіндегі білім ғана емес, білімнің сан алуан аясын қамтиды.
Барлық үйірмелерде де балалардың белсенді тобы, бастаушылары болады. Үйірме арнайы жоспармен жұмыс істейді.Ол жоспарда I-IV сыныптардың оқу бағдарламалары, балалардың қызығуы, жалпы дамуы еске алынады. Үйірме жұмысының ұзақтығы 30-40 минуттай болғаны, ең кемінде айына бір рет өткені жөн. Нәтижеге жету үшін жұмысты мұқият дайындау керек.Әдетте бастауыш сынып оқушыларының бәрі үйірме жұмысына қатынасқылары келеді. Мұғалім әрқайсысына тапсырма тауып беріп, ұжымдық іске, қызығуына қарай балалар тобына қосуы керек. Мысалы, «Табиғат және қиал- ғажайыптары» деген үйірменің жоспарына «Алтын күз байлығы » атты мәжіліс өткізу кірді делік.Оқушылар күз туралы өлеңдерді жаттап алу, үйрену, музыкалық шығармаларды орындау, егінжай, бау-бақша өнімдерінен көрме ұйымдастыру, адамдардың күзгі еңбегі түрлері жөнінде әңгіме дайындау, осы жыл мерзіміндегі жануарлар өміріндегі ерекшеліктер туралы, күз туралы балалар әдебиеті көрмесін, балалар салған суреттер көрмесін ұйымдастыру сияқты тапсырмалар алады.Үйірме отырысын өткізуге дайындық барысында тек әр оқушының қоғамдық мәнін ғана емес, сыныптың оқушылар ұжымын қалыптастыруға ықпал жасайтын барлық балаларын түрлі іс-әрекетке қатынастыруға болады.