Қаратпаларды қазақ тіл білімінде оқшау сөздердің қатарына жатқыза отырып, оларға ең алғаш «бұратана сөздер» деп анықтама берген А. Байтұрсынұлы (Байтұрсынұлы, 2009: 146). Кейін қаратпалар жүйесі синтаксистік тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, едәуір жақсы талданған. Сондай-ақ, Р. Сыздық, Н. Уәлиев, А. Сейсенова, С. Телқозұлы, А. Қобланова, З. Шадкам сынды ғалымдардың еңбектерінде қаратпа сөздер сыпайылық категориясы шеңберінде қарастырылған. Аталған зерттеушілер қаратпалардың этикеттік ерекшеліктеріне тоқталып, оның адамдар арасындағы қарым-қатынаста әдептілікті білдіретінін айтады.
Сөйлеу этикеті – әңгімелесушіге достық ниетті білдіруге, қолайлы қарым-қатынас климатын қалыптастыруға қатысты барлық ұғымдардың жиынтығы
Этикет белгілерінің ішінде маңызды орын алатын қаратпалар айтарлықтай ұтқырлығымен және формаларының сан алуандығымен сипатталады. Бұл ең әуелі қаратпа сөздердің түрлі коммуникациялық ситуацияларға қызмет ететіндігімен, әртүрлі әлеуметтік сипаттағы адамдардың пайдаланылуымен және әртүрлі адресаттарға бағытталуымен байланысты. Қаратпаның коммуникативті-прагматикалық мәні – коммуниканттар арасында болатын қарымқатынасты көрсететін байланыс орнату мен сақтаудың негізгі құралы болуында.
Қаратпалар – сөз этикетінің құраушы бөлігі, себебі аталған бірліктердің көмегі арқылы пікірлесушімен байланыс орнайды, сақталады, қарым-қатынас жағдаяты мен коммуникация барысындағы екі тараптың сөйлеу позициялары және олардың жеке немесе әлеуметтік қарымқатынасының толық көрінісі реттеледі. Қаратпа сөздер – ауызша қарым-қатынастың барлық кезеңдерінде қолданылатын ең кең тараған байланыс құралдарының бірегейі. Мотивациялық мағынаға ие бола отырып, адресаттың назарын өзіне аудара алады (байланысты бастау), оны жауап беруге ынталандырады, сөйлеушінің эмоцияларын білдіру және осы арқылы қарымқатынасты бастау сигналы ретінде қызмет етеді (байланысты орнату құралы).
Сөз этикетінің аппелятивтік қызметін қатысым кезінде алдымен екінші адамның немесе тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылатын тілдік бірліктер атқарады. Екінші адамның назарын аудару үшін қазақ және татар тілдерінде, негізінен, адамның өз аты-жөні, туыстық, әлеуметтік, жыныстық ерекшеліктерін білдіретін номинациялық атаулардан жасалған тілдік бірліктер қолданылады. Түрлі эмоциялық реңкті сөздер де сөз этикетінің аппелятивтік қызметін бірдіруге әбден қауқарлы. Оны төмендегі мысалдармен бекітсек:
– Әй, Сұлтеке, қалай өліп-тірілгеніңді айтшы (Ә.Тарази)
– Күнім-ау, мынау Сәнжан ғой! (Ә.Тарази)
– Апатай-ай, ендігәрі ондай ештеңе істемеймін, кешірші мені (С.Мұратбеков)
– Уа, Анарбай мырза, ағаңның підиясы болсын деп тағы да дұға оқимын (Ш.Мұртаза)
– Шырағым, сен енді ол сөзді қой (Ә.Нұршайықов)
Қазақ тілінде сөз этикетінің бір ерекшелігі ретінде есімнің бірінші буынына немесе басқы әріпіне -ақа, -еке, -қа, -ке, -а, -е қосымшаларын қосып қолдану да кең етек алған. Бұл көбінесе жасы үлкен адамға карата айтқанда, сондай-ақ, сыйластықты, құрмет тұтуды білдіру максатында ежелден қолданылатын амал:
– Ойбай, Бәуке, Кешіріңіз... Сіз екеніңізді байқамай қалдым, – дейді зәресі ұшып кеткен бастық әр сөзін әрең айтып (Ә.Нұршайықов).
– Ал, Мұқа, енді бұл әннің, бұл өлеңнің жөн-жосығын айтсаңшы! – деді (М. Әуезов).
Жасы кішілерге, балаға немесе жақсы көрген адамына қаратыла айтылатын аппелятивтер қазақ тілінде де 1-жақ, жекеше тәуелдік жалғауында тұрып көп кездеседі: қарағым, шырағым, қалқам, ғашығым, сәулем.
Бейтаныс адаммен қарым-қатынас жағдайындағы қаратпалардың қызметі. Бейтаныс адресатпен қарым-қатынас жағдайында адресант әңгімелесушінің ең жалпы белгілеріне ғана назар аударуға мәжбүр болады: оның жынысы, жасы, кейде оның отбасылық жағдайы және ситуациялық немесе әлеуметтік рөлі туралы ақпараттармен толықтырылады. Коммуниканттардың бір-бірімен бейтаныс болуы қарымқатынастың ресми сипатын алдын-ала анықтап, оларды осындай жағдайда белгілі бір қоғамдағы сөйлеу мінез-құлқының ең жалпы нормаларын сақтауға итермелейді.
«Кеңес заманынан бүгінге дейін ресми қарым-катынас кезінде негізінен «жолдас» қаратпасы қолданылды. «Жолдас» қаратпасы жеке тұрып та жалқы есіммен тіркесіп те, адамның атқаратын қызметі, мамандығы, атак, дәрежесімен тіркесіп те, жеке адамға қарата жекеше түрде де, көпшілікке карата көпше түрде де қолданылды. Кісі есіміне тіркесе қолданылған бұл сөз ұзақ уақыт қазақ сөз этикетінде ресми, кейде бейресми жағдайда да кызмет атқарды» (Шадкам, 2015: 81).
– Жолдас Жарасбаев! Мен банкедегі совещаниеге тез баруым керек! – деді (М. Әуезов).
– Жолдас аға лейтенант, сіздің жігіттермен бірге соғысуға құмар-ақ едік, осы сәті түспей- ақ қойды, – деп күле қоштасты ол (Б.Момышұлы)
Қазақ тіл білімінде этикеттік үлгілерді алғаш диссертациялық еңбек ретінде қарастырып, этнолингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеген А.Қобланова мынадай пікір білдіреді: «Сондай-ақ қазақ тілінде қаратпа сөз жасайтын -шек, -қай, -й, -тай тәрізді қосымшалар да бар. Мәселен, інішек, балақай, әкей, ағай, апай, атай, тәтей, жеңгетай т.б. Мұндай қосымшалар сөзге модальдық реңк үстейді» (Қобланова, 2001: 35).
Екі тілде де балаларға арналған қаратпа таңдаудың белгілі бір еркіндігі болады: алтыным, тәттім, айналайын, матурым, ускәнем сияқты сезімге толы сөздер дәл осы жағдайда әбден орынды. Мұндай коммуникацияда эмоционалды реңктегі тілдік бірліктерді қолдануға кедергі келтіретін коммуниканттар арасындағы кез-келген қашықтық еңсеріледі.
– Ал, шырағым, жақындай бере аттан неге түстіңдер? – дейді Төле би қызға (Билер сөзі).
– Жарайсың, Қоңыр қозым! Осы сөздің мағынасын түсініп өскейсің, – деді Абай атасы риза кейіппен (М.Әуезов).