Тақырыбы: Әл-Фарабидың «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету туралы кітап», «Бақытқа жол сілтеу» еңбектерінің негізінде бақыт жайлы эссе дайындау



Дата18.02.2023
өлшемі26,12 Kb.
#68997

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті


СӨЖ

Тақырыбы: Әл-Фарабидың «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету туралы кітап», «Бақытқа жол сілтеу» еңбектерінің негізінде бақыт жайлы эссе дайындау.


Факультеті: Биология
Мамандығы: Ғылыми Биология
Орындаған: Оразбаева А.
Тексерген: Хумархан Ж.
Топ: ББ 21-06

Алматы 2023

Әл-Фарабидің бақыт жайлы трактаты
Әл-Фараби – ғылымның барлық саласымен дерлік, айналысып, 150-дей ғылыми трактат жазып, артына өшпес мұра қалдырған энциклопедист ғұлама. Оның есімі әлемдік өркениеттің тарихында әйгілі ойшыл, философ, математик, физик, астроном, әлеуметтанушы, тілді, сөз өнерін, саз өнерін зерттеуші ретінде кеңінен танымал болды.
Ол «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты еңбегінде ғылымды бес салаға бөліп жіктейді:
«біріншісі – тіл білімі және оның бөлімдері;
Екіншісі – логика және оның бөлімдері;
Үшіншісі – математикалық ғылымдар. Бұлар : арифметика, геометрия, оптика, тәлімдік астрономия, музыка ғылымы, ауырлық туралы ғылым, механика;
Төртіншісі – физика және оның бөліктері, діни ілім және оның бөлімдері;
Бесіншісі – азаматтық ғылым және оның бөлімдері, діни ілім және оның бөлімдері».
Орта ғасырлардағы ғылым біртұтас, әлі іштей жіктелініп, жеке сала болып қалыптаса қоймаған шақта ғалымдар өмірдің, барлық ғылым салаларының ортақ әмбебап заңдылықтарын зерттейтін философ Әл-Фараби еңбектерінің салмақты жағы ғылымның философиялық мәселелерін зерделеуге арналған еңбектерінде ғылымның аса маңызды проблемалары көтеріліп, ғұламаны асқан ойшыл, кемеңгер философ ретінде әлемге танытты десекте болады.
Ғалымның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Бақытқа жету жайында», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Соғыс пен бейбіт өмір туралы кітап», «Қоғамды зерттеу кітабы» еңбектерінде адам қайтсе, бақытты болады, адамдар бақытты өмір сүре алатын қоғамдық құрылыс қандай болуы керек деген ой келеді.
Әл-Фараби қоғам дұрыс болу үшін онда өмір сүретін адамдар дұрыс болу керек деп біледі. Ал адамдардың алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету үшін барынша ұмтылатыны белгілі. Сонда адам тіршілігінің бар мәні бақытты болуға саяды. «Екінші ұстаз» адам өмірінің ең жоғары сатысы саналатын «бақыт» категориясына тоқталып, оған философиялық тұрғыдан сыпаттама, терең талдаулар жасады. Ол «Адамзат кемелдігінің ең биік дәрежесіне жеткен» адамды бақытты адам санайды. Адам бақытты болу үшін ол өмір сүріп отырған елдің басшысы да кемел адам болуы керек», «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс» деп біледі. Осындай оймен басшыға қойылатын алты талапты атайды:
«Бірінші шарт – дана болу.
Екінші шарт – қалаға арнап бірінші имамдар (басшы, Д. Ы.) белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.
Үшінші – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші адамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.
Төртінші – бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс-әректінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.
Бесінші – бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін, олардың үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу.
Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде біліп алу».
Әл-Фараби өмірге келген әрбір адам бақытты болу үшін өмір сүреді дейді. Мұны: «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат…» , «Жан біткеннің бәрі ең биік кәмелеттікке жету үшін жаралған, ол бұған өзіне тән болмыс сатысына сәйкес жете алады» деген сөздерінен аңғара аламыз.
Адамның бақытқа жету жолындағы күресінде үш түрлі жағдайды басынан өткереді. Олар: «1. Бұл – әрекеттер, адам өзінің дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы, орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер. 2. Жан эффектілері. Мысалы, құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар. 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды».
Осы үшеудің ішіндегі ақыл-парасат – адамдардың бақытты болуы үшін Алланың сыйлаған сыйы. «Адам нақ осы ақыл арқылы адам болған…»; «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деп ойлаймын.
Ақылды, парасатты болу үшін адам өмір бойы оқумен, оқығандарын бойына тоқумен, жақсылардан үйренумен өтеді: «Үйрету дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз». Жақсы тәрбиемен дұрыс бағытта берілген білім адамды кемелдікке, даналыққа қарай бастады. «Даналықтың ерекшелігі – әрбір түпкі нәрсенің шекті себептерінің оған мәлімділігі болса және адам өмірінің мақсаты бақыт болса, ал мақсат сол себептердің бірі болса, онда, даналық дегеніміз, шын бақыт болып табылатын зат туралы білімнің бізге беретіні болып шығады. Даналық дегеніміз – шын бақыт туралы білім беретін нәрсе, ал пайымдағыштық – бақытқа жету үшін орындау керек болатын әрекеттер туралы білімнің беретін дүниесі».
Бақыт дегеннің не нәрсе екендігін жан-жақты білімдарлығының, ойшылдығының арқасында жан-жақты түсіндіреді; әр түрлі қырынан сыпаттайды:
«Кейбіреулер ләззат алуды ең жоғары бақыт деп, есептейді. Енді біреулер байлықты бақыт деп, санайды. Үшінші біреулер бақытты сол екеуінің ұштасуы деп біледі»;
«Бақыт дегеніміз - игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені…»;
«…біз философияның арқасында бақытқа жетеміз. Ал оны біз жақсы ақыл-парасат арқылы меңгереміз»;
«Ең дұрысы, бақыт – оқығанда, сабақ алғанда, білімді игеру, әртүрлі өнерлерді үйренгенде, оларды игеру, жұмыстарды орындау сияқты игілікті істер арқылы қол жететін мақсат»;
«Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік; бұған ешбір жағдайда және ешқашанда басқа нәрсеге бола талпынбайды, өйткені бақыттың аржағында адамның қолы жете алмайтын бұдан артық нәрсе жоқ. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әреекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз, оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық. Бақытқа (жетуге) бөгет жасайтын әрекет жаман немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұрып – кемшілік, кесепат, пасықтық».
Әл-Фарабидің пікірінше, адам өмірінің мәні мен сәні, ең жоғарғы шыңы болып саналатын бақыт жанның байлығына, адамгершілікке негізделеді. «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады». Жаны жайсаң, адамгершілігі мол адамдардың мінез-құлқы да жақсы келеді. Жақсы мінез-құлық білім алу, үйрену барысында көбіне тәрбиемен қалыптасады.
«Адамның бойына дарыған, халықтар мен қала тұрғындарына тән және бұл дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан рахатқа кенелуіне септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар, бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер».
«Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекеттерін жасауға көмектесетін жан қасиеттері – ізгілікті қасиеттер, ал адамның пасық істер мен оңбаған әрекеттер жасауына себепші болатындары – сұрқиялық, кемшілік немесе опасыздық болып табылады»
Адамның саналы өмірін қамтамасыз ететін – денінің саулығы мен жан саулығы. Осы екеуі бір-біріне сай, үйлесім тапқанда ғана адам бақытты бола алады. Денсаулықты дәрігер қадағаласа, жан саулығы – аса күрделі; ол адамның өзінің дүниеге көқарасынан бастап, алған біліміне, тәрбиесіне, өмірлік мақсатына, мамандығына, қоршаған әлеуметтік ортасына сияқты көптеген факторларға байланысты.
«Дене сияқты жанда да өзіне тән денсаулығы және науқасы болады. Жанның саулығы сол, оның өзінің және бөлшектерінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдәйім ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады. Ал жанның науқастығы сол, оның өзінің және оның бөлшектерінің жайы нашар халде болуының әсерінен әрдәйім жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі және сорақы әрекеттер жасалады». «Жаман мінез-құлық – рухани кесел». Жан сұлулығы, жақсы мінез адамды қайырымды етеді. «Қайырымдылық адамдар жанынан берік орын алғанда, не адамдар ұстамды болғанда, қалаларда теріс қылықтар жойылады».
Әл-Фараби адамдарға өмірдің небір қиын-қыстау сәттерінде біржақтылықтан, ұшқарылықтан сақтандырып, тең орта шамасын ұстауды ұсынады. Ортадан ауытқаушылық жақсылыққа апара бермейді деп, ескертеді. «Біз қандай әрекет, қандай іс істесек те содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болады» дей келіп, «Сезімдік рахат бізді жақсы жасауға итеретінін көрсек, біз соны істеуге бейім тұрамыз. Адам осы рахаттардан бас тартуға немесе белгілі бір мөлшерде соларды азайтуға қабілеті болса, мұның өзі оны мадақтайтын мінез-құлықтарға бір табан жақындатады».
Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудың өзі қиын. Байқамаса, жақсы деп, істеген ісіңнің жаманға, жақсылық жасадым дегеніңнің жаманшылыққа айналып кетуі әбден мүмкін. «Артынша жан азабына соқтыратын абзал істер белгілі бір уақыттан кейін рахатқа жеткізбей қоймайды. Және артынша рахатқа бөлейтін жаман істер белгілі бір уақыттан кейін қайткенде де азапқа апарып соқтыруға тиісті».
Өмірдегі адамдардың білім деңгейі оқыған, оқымаған, жоғары білімді дегендей, түрліше болуы – заңды. Осындай адамдар туралы «Ақыл-естің тілегенін парасаты және батылдығы жететін есті адамдар болады. Мұндай біз әдетте, өзінің лайығынша, ерікті адам деп атаймыз, ал енді өз бойында осы екі жоқ адамдарды хайуан тәріздес адамдар деп атаймыз, ал тек ақыл-есі ғана жетіп, батылы бармайтындарды жаратылысынан құл адамдар дейміз» -деген сыпаттамалар беріліпті. Ары қарай ойын «Бұлардың ішінде батыл бола тұрса да, ақыл-есі кем түсетіндер бар. Бұлар үшін басқалар ақылға салып, пайымдайтын болады. Бұл жағдайда мұның өзінің қамын жеуші басқа адамдарға бұл не бағынып, не бағынбайды. Егер бағынбаса, онда бұл да хайуан тәріздес, ал егер бағынса, ол көп істерінде табысқа жетеді және осының арқасында құлдар шығып, еріктілер қатарына қосылады» -деп, жалғастырған.
«Сөз – ғылымдардың классификациясы туралы» еңбегінде «Азаматтық ғылым» туралы айта келіп, «Бұл ғылым осылардың қандайы шын бақыт болып табылады, ал қандайы шындығында осындай болмаса да, қиялдағы бақыт болып табылады. Шын бақыттың бұл өмірде болуы мүмкін емес, осы өмірден соң келетін басқа өмірде ғана болады, ал бұл айтып отырғанымыз – о дүние. Қиялдағы бақытқа келсек – бұл мысалы, байлық, дәреже, рахат – бұлардың барлығы да осы өмірдегі мақсат» (сонда, 191-бет)-деп, мәселеге діни тұрғыдан келеді.
Бақытты болу кез келген адамның қолынан келе берер оңай шаруа емес. Оған өмірді сүре білуге қажетті жан-жақты білімі бар, жаны бай, адамгершілігі, рухы жоғары, мақсатына жету үшін қиындықтарға шыдап, күресе білетін адамдар ғана қол жеткізе алады. «Егер адамның өмір сүруінің мақсаты – ең жоғары кәмелетке жету болса, онда адамның осы бақытқа жетуін көрсету үшін оны меңгеруге қабілетті нәрселердің бәрін алу керек». «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек».
Әл-Фарабидің адам концепциясында жүрек аса маңызды орынға ие. Өйткені, адамның бақытты болу жолындағы өмірінің барлығы осы жүрек арқылы басқарылады. Жүрегі таза, жылы адамдар ғана бақытты өмір сүре алады. Оған себеп, жүрек – адамның денесіндегі ең басты орган; адам ананың құрсағында жаратыла бастағанда, ең алдымен жүрек жаратылады; адамның басқа дене мүшелерінің барлығы ми арқылы жүрекке қызмет етеді:
«Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше; бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді. Бірақ бұл тек жүрекке қызмет етеді және жүректің табиғи ниетіне қарай, бұған басқа мүшелер қызмет етеді..

Ми жүректен кейінгі мүше ретінде, басты бейімделе алмаған жерде оның орнын басады, оның өкілі болады, әр іске бейімделіп отырады; жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет.


Мәселен, жүрек - ішкі табиғи жылылықтың көзі…
Ми жүрекке қызмет етеді, сезімдік жүйке тамырларға өз күшін бойында сақтайтын қуат бітіреді, бұл қуат коректендіруші сезімтал болуына мүмкіндік береді…
Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болады, бұдан кейін ми, одан соң бауыр, одан кейін көбауыр, сонсоң басқалары пайда болады. Бәрінен соң барып, қимылға келетіні – жыныс мүшелері…
Үстем күштің мекені – жүректе».
Ұлы Абай да адамның өміріндегі жүректің атқарар қызметіне ерекше мән берген. Мида қорытылған ой жүректің сарабынан өтіп барып, сөзге айналып, сыртқа шығады. Ақынның айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»; «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз; ондайларға сенбе. Өмірдің әділетсіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көп көрген, барынша сезінген халқының көзі, сезімі, жыршысы атанған ақынның жүрегі - «қырық жамау».
Бұл жерде қазақ топырағынан шыққан екі ұлы айтқан ой-пікірлерінің арада мыңнан астам жыл уақыт өтсе де бір арнадан шығып жатқаны көрінеді. Ұлы философ Әл-Фараби адам бақытты болуы үшін ол ақыл-парасаттың иесі, жүрегі таза, жылы болуы керек десе, ақын Абай ең алдына оның ойының дұрыс болуын, яғни мидың қызметін қояды. Екі ұлы да адам өміріндегі сандаған ойларды қорытып, ой ойлап, даналыққа, парасаттылыққа жетелейтін, дұрыс жолды табатын мидың, сол мидың қорытып ұсынған «ақылдарының» ішінен дұрысын қабыл алып, «жылылыққа орап», сөз арқылы сыртқа шығаратын жүректің қызметтерін аса жоғары бағалағандықтары, бірін бірі толықтыра түскендіктері көрініп тұр. Ұлылардың ұлылығы, ұлылардың үндестіктері осылай болса керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет