Тақырыбы: «Әз Наурыз-жыл басы » Мақсаты: Әз Наурыз еңсесі биік елдіктің,іргесі сөгілмес бірліктің, ынтымақ пен ырыстың мерекесі екендігін және қазақ халқының шығармашылық дәстүрлері,ауыз әдебиетінің мұраларымен таныстырып, олардың тарихи маңызын түсіндіру. Халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеу арқылы оқушыларды еліне,жеріне деген сүйіспеншілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
1. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету.
2. Ауызекі сөйлеу арқылы оқушылардың дүние танымын кеңейту.
3. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге, бойларына адамгершілік жақсы қасиеттерді сіңіре білуге тәрбиелеу.
Көрнекілік құралдар: плакат, шар, Интербелсенді тақта, Наурыз мерекесі туралы қанатты сөздер.
Пәнаралық байланыс: музыка, еңбек, әдебиет
Сабақтың барысы Мұғалім сөзі: І. Кіріспе сөз:
Құрметті қонақтар және ұландар!
Осы бүгінгі жиналып отырғанымыз көктем мезгіліндегі қазақтың ұлы мейрамы Наурыз - яғни Жаңа жыл! Наурыз айының 22 - інде күн мен түн теңеледі. Адамдар бір - бірін мерекемен құттықтайды. Жеті түрлі тағамнан наурыз көже пісіреді. Үлкен кісілер ақ тілек айтып, бата береді.
Осы қуанышты күн, жаңа жылдарыңыз құтты болсын халайық. Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді, тілектеріңіз қабыл боп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы Ұлыстың Ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе келсін! Барлық жақсы ниет - тілектеріңіз қабыл болсын!
Баяндама " Наурыз мерекесінің қысқаша тарихы" оқитын ұлан Расбаев Жансерік Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған.
«Наурыз» сөзі – біріншіден, «жаңа күн», дегенді білдіреді, екіншіден, аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі, сондықтан жаңа жыл ретінде тойланатын думанды халықтық мейрам, үшіншіден, ай аты.
Барлық бастама, ұлы істі ырымдап халық осы күні бастаған. Сол себепті бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні, яғни Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.
2-ұлан: Наурыз мейрамы негізінен адамдардың көрісуінен басталған. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққан күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен адамдар татуласқан.
«Амал келді. Жыл келді»
Жыл басында Нұр жауған түн – Қызыр түн;
Жыл басының алғашқы суы – Қарғын;
Жыл басының қары – Ақша қар, Құс қанаты;
Жыл басының алғашқы күні – Ұлыстың ұлы күні - Ұлыс күн;
Жыл басының алғашқы желі – Жыл айналып жеткен Алтынкүрек;
Жыл басының алғашқы төлі – Дүбіраяқ;
Жыл басының бірінші сүті – Уыз;
Жыл басының бірінші құсы – Жылқышы торғай, Нәуірзек;
Жыл басының бірінші көгі – Бәйшешек, Наурызшешек;
Жыл басының бірінші асы – Жер асы – Наурыз көже, Көп көже;
Жыл басының бірінші тілегі – “Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақтылы көрсетсін”;
Жыл басының бірінші құттықтау сөзі –“Жасың құтты болсын!”;
Жыл басының бірінші белгісі – Көрісу;
Жыл басының бірінші сәлемі – “Ұлыс бақты болсын!
- Төрт түлік ақты болсын!
- Ұлыс береке берсін!
- Пәле - жала жерге енсін!”;
Жыл басының бірінші нысаны – Самалық айту
Жыл басының бірінші сый тағамы - “Ұйқыашар”
Жыл басының алғашқы сыйлықтары – “Діреткізер”, “Селтеткізер”.
Мұғалім: Бұдан кейін халық мейрамды бастап кеткен екен. Мерекенің берекесі «Ас». Бұл күнгі негізгі тамақ «Наурыз көже» болған. Осы қасиетті тағамымыз жайлы кім айтып береді?
3-ұлан
Жеті түрлі дәмнен: соғымнан қалған ет, қойдың басы, сүт, тұз, сүзілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы наурыз көже пісірілген.
Жеті түрлі дәмнен пісірілген наурыз көже Алланың Көктегі Нұрын кемелдендірген. Жеті дарияның белгісі іспеттес. О бастағы түсінік бойынша наурыз көжеден дәм татқан кісі Көктегі жеті даналықтың дариясынан да сусындайтын секілді. Сол себепті наурыз көжені үйме - үйді аралап жүріп ішкен. Ғарыштағы Жеті дарияны қазақ елі о баста «Жеті қазына» деп атаған болуы керек.
Жеті дарияның таңбасы:
Аспан әлемінде – Жеті қат көк.
Төменгі әлемде – Жеті қат жер.
Ортаңғы әлемде – Жеті түс.
Саз әлемінде – Жеті дыбыс, т. с. с.
Күн мен Түн теңелген сәтте Алланың Нұры Жер әлеміне жеткенше Жеті қат көкті шарлап өтеді.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6 - да себездеп атқан кезде біздің өмірімізде бұл сәт 21 наурыздың түні, 22 наурыздың таңғы сағат 03. 00 - ке тұспа - тұс келген. Сондықтан да қазақ халқы жаңа жылды 22 наурыздың таңғы сағат 03. 00 - де қарсы алған. Ата - бабамыздың нанымы бойынша көктен жауған Нұр жерге Қызыр баба кейпінде түскен. Әдетте халқымыз Қызыр бабаны «Саумалық» айтумен қарсы алған.