Қазақ тарихын баяндауда шежірелік дерекке молырақ назар аударып, оның мәліметтерін талдап зерттеу – тарихи ізденіс үшін көкейкесті, ғылыми таным үшін маңызды, әрі ұлттық тарихнама тиімділігін арттыратын өзекті сала. Шежіре тақырыбы зерттеушілер үшін жабық болуы, «деректемелік ізденістері шеңберінен тыс қалып» келуі, шежіреге сенімсіздікпен қарау әдетінен, таптық теория ұстанымдары салдарынан болған. Шежірелер аз зерттелген дерек түрі және тарих, деректану ғылымдарының дамуына оң ықпал ететін мәселе. Деректерді терең зерттеген ғалым М. Әбусейітова, Қазақстан деректемелерін сыртқы және ішкі деректер деп үлкен екі топқа бөліп қарастырады. Онда «Қазақстан тарихын көрсетуде осы аймақты мекендеген халықтық төлтума деректемелері құнды болып келеді», – деп көрсетілген. Қазақтың өткен тарихы, тарихи шындығы этнографиялық мектеп қалыптастырған сипаттамалық еңбектер негізінде қарастырылуы, ғылыми дәстүрге айналғандығының айғағы болады. Алайда, кейбір ХІХ-ХХ ғасырдағы халықтың тұрмысы, шаруашылық-мәдени өмірі туралы жазылған саяхатшылардың этнографиялық сипаттамалық деректері ерте ғасырлардағы тарихи жағдайларды суреттеп жазуға әрі ақиқатты айтуға негіз бола алмайды. Өйткені, жазба деректердің басым бөлігі сырткөз болып келеді. Сырттан жазылған дерек көздерінде қазақтың ішкі өмірі, рухани құндылықтары туралы тиянақты айтатын мәліметтер жоқ. Ал, қазақта өзінің үлкен тарихи көзқарасы, тарихи дәстүр, тарихи әдебиеті, тарихи ой жүйесі бар. Оны сақтаған дерек қабаттарын көтеру және оны тек жариялау ғана емес, сол ішкі дерек топтамалары жеткізіп отырған тарихи фактілерді интерпретациялау мәселесі өзекті болып тұр. ХVІІІ-ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелері өз ынталылығын танытты, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде әр түрлі халықтардың әсіресе қазақтардың этнографиясына байланысты ғылыми мұра мол болды. А. Левшин және тағы да басқа белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған.
Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына орай олар қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. Бұл туралы Ә.Марғұлан: «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған», – деп көрсетті. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев сияқты ғалымдардың шежіре топтамалары мұрағатта сақталған. Тарихи фольклор деректерін жинаған авторлар ортақ көзқараста болмағанымен, бұл мәліметтерді айналып өте алмады. «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат етті. Кейін, бұл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланды. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми мағынасын жоғалтқан жоқ.
Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі көптеген ресейлік зерттеушілер шежірені, тарихты терең түсінбек түгіл қазақ, қырғыз елдеріне бір этнос ретінде қараған. Тек А.И. Левшиннен бастап қана орыстар қазақ пен қырғыз өз алдарына жеке-жеке этнос екенін айтады. Қ. ш-н зерттеуге ресейлік ғалымдардан Н.А. Аристов, П.И. Рычков, А.И. Тевкелев, Г.Е. Грумм-Гржимайло, В.И. Даль, В.В. Бартольд, т.б. көп үлес қосты. 19 ғ. мен 20 ғ-дың басында Қ. ш-н жасауға Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.Сералин, М.Тынышбаев, Н.Наушабаев, т.б. көп еңбек сіңірді. Кеңес заманында шежіре ескінің қалдығы есебінде танылды, оның дамуына тосқауыл қойылды. Алайда, ғасырлар бойы қалыптасқан шежірешілік дәстүрді Х.Арғынбаев, С.Толыбеков, С.Мұқанов, В.Востров, М.Мұқанов, т.б. ғалымдар жалғастырды. 19 ғ-дың соңында қазақ шежірешілері бірнеше бағытты ұстанды және ел аузында сақталған, не хатқа түскен мұраларды өңдеп бір ізге түсірді. Құдайбердіұлы батыстық зерттеушілерге бағыт ұстанса, Халид шығысқа еліктеді. Көпеев қазақ ауыз әдебиетіне сүйенді. “М.Ж. Көпеев шежіресінің өзге шежірелерден өзгешелігі, ол әрбір аталарды баяндағанда, сол аталардың тұсында болған оқиғалар туралы ел аузында қалған ертегі-аңыздарды қоса айтады” деп жазады С.Мұқанов. Бұл жолды жалғастыру терең білімді, тілді, өнерді, әдебиетті, еур. гуманитарлық ғылымдарда қарастырылып жүрген ғыл.-зерт. әдістерін, еураз. дүниетанымды қажет етеді. Шежіремен жұмыс істеудің басты қиындығы – бірнеше дәуірдің тарихы бір-бірімен астасып жататындығында. Мыс., 15 – 17 ғ. тарихы Көпеев шежіресінде тікелей хандарға қатысты сипатталады. Ал, шын мәнінде ол жерде әңгіме Қазақ хандығының 15 – 17 ғ. тарихы туралы да болып отыр. Сол сияқты Құдайбердіұлы шежіресінде Қазақ мемлекетінің тарихы мен құрылымы жөніндегі мәліметтер ғыл. тұрғыдан түсіндіруді қажет етеді. Қ. ш-нен кісінің тегі, ата қонысы, қауымға қосқан үлесі, Отан қорғаудағы орны, меншігі, адами құқығы байқалады. Ру, бау, сан, тайпа, тұқым, тек, арыс, жүз, жұрт, ел, отан сияқты халықтың тарихын көрсететін мағлұматтар – шежіренің негізгі өлшемдері, тұтас этнос, халық тарихының сырын ашуға бірден-бір қажет деректер. Қазақ халқының ата шежіресі ерте кезден сақталған. Оған “Жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ер – жеті рулы елдің қамын жер, Жалғыз өзін білген ұл – құлағы мен жағын жер” деген аталы сөздер дәлел бола алады. Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы әркімнің ата жағынан тегін таратудың нақтылы жүйесі. Қазақ баласы өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақты есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Әр ұрпақты шартты түрде 25 жастан есептесек, ол 175 жылды қамтиды. Сөйтіп, адамның жеке басының тағдыры арқылы, ата тегінің терең тамырларынан мағлұмат береді. Шежіре зерттеушілер: туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтау болса – жерлес. Жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тарағандар) – қандас; бір ата 13 атадан асса – ру; бірнеше ру қандастықпен, не ортақ мүддемен біріксе – тайпа; өзара қоғамдасып, жүз болып қауымдасқан тайпалар біріксе – халық немесе ел, оның ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси теңдігі болса – ұлыс, дербес шекара, саяси-экон. тәуелсіздікке қолы жетсе – мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, жері, әлеум. рух, жігері, этн. ерекшелігі ортақтасып, дараланса – ұлт болады деген тұжырымға тоқтаған. Сол сияқты “жеті ата”, “ата-бабалар”, “немере ағайын”, “жамағайын”, “қалыс ағайын” деген атаулардың да нақты анықтамасы бар. Жеті ата: әке, ата, әз ата (бұл үшеуі аталар), баба, тектік, төркін, тұқиян (бұл төртеуі бабалар). Осы жетеуі бірігіп “Ата-бабалар” аталады. Ал 3 ағайын, 15 ұрпақ былайша жіктеледі: а) Немере ағайын: бала, немере, шөбере, шөпшек, өбере; ә) Жамағайын: туажат, жүрежат, жекжат, жұрағат, жамағат; б) Қалыс ағайын: өркен, әулет, зәузат, жаран, қалыс. 15 буынды бұлайша бөлу қазақтардың өзін, ата-бабасын, өткен күнін, болашағын өмір бойы қадағалап, анықтап отыратынын көрсетеді. Қ. ш-нде рулар жүзге барып тіреледі. Жүз – тарихи-әлеум. категория. Ол, біріншіден, байтақ қазақ сахарасында ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі шаруашылықтың жер ыңғайына қарай орналасуына байланысты экон. мұқтаждықтан туған. Әрбір тайпалық одақ қыс қонысын, жаз жайлауын көшпелі тіршіліктің өзіндік ерекшелігіне орайластырған. Екіншіден, ел, отан, жер қорғау мүддесінен туындаған. Үшіншіден, жеті атаға дейін қан араластырмай, тұқым тазалығын сақтау арқылы этностың генетик. қорын аман алып қалуға бағытталған. Сөйтіп, ол белгілі бір геогр. шеңберде, белгілі бір ортада ортақ халықтық бақылауға алынған. Үш жүз бола отырып, қазақ елінің тәуелсіздігін, қазақ жерінің тұтастығын қорғаған. Ортақ тіл, діл, атамекен халықтың бірлігіне, мүдде бірлігіне қызмет еткен. Қ. ш-ндегі аңыздар жеке тұлғаны қасиетті, киелі етіп көрсетеді. Бұл Қ. ш-нің тек тарихи дерек қана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақты ұлтын ұлықтау үшін тәрбиелік мәні болғандығын да аңғартады