ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
ЭССЕ
Орындаған: Нұрғали Мөлдір
ҚФ-303 топ, 3-курс
Тексерген: Оқытушы Саргелтаева А.Қ.
Тақырыбы: Дулат Бабатайұлы
Сорғалаған нөсердей жырын тыңда Дулаттың...
Дулат Бабатайұлы — туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен
қайталанбас ақын, хакім Абай өнеге алған ұстаздарының бірі де бірегейі.
Абай үшін қазақ топырағындағы ең алғаш тұлға даусыз — Дулат» десе [1; 3],
халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Өз кезінде Дулаттың ұлы Абайға
ұстаз, үлгі болғанын, кейін Абай, Мағжандар дамытқан айшықты ойлар мен
теңеулердің бастау кезі Дулатта жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы
біледі», — дейді... Академик Қ.Жұмалиев «Абайға дейінгі XIX ғасырда өмір
сүрген ақындардың ішінде поэзиямызға жаңа бір түр кіргізген ақын —
Дулат» — деп, Дулаттың ақындық талантына аса жоғары баға берген еді.
Дулаттың қазақ поэзиясына алып келген жаңалығы туралы халық жазушысы
М.Мағауин де: «Ақынның көңіл-күй, табиғат лирикасы да сол дəуірдегі казақ
поэзиясы үшін жаңашыл сипатта болды» деп, Қ.Жұмалиевтің ойын нақтылай
түседі. Осындай ойды М.Жармұхамедұлы да айтқан болатын.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Рабиға Сыздықова
Дулат жырының табиғатына одан əрі ішкерілей кіріп: «Қазақтың жазба
поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді. Іргетасын
қалаған Абай болса, соны қалау кезеңі туғандығын, қалайша қалаудың
алғашкы үлгілерін көрсеткен Дулат» деп, Дулат ақынның ұлы Абайға өнеге
болар ой қалдырып, оның əлемдік биікке көтерілуіне алтын баспалдақ,
рухани іргетас, сондайақ ұлылық нəрінің ұлттық қайнар көзі болғандығын
дəл басып айтады. Дулат жөнінде əдебиеттің білгір мамандары осындай ойға
тоқтайды», — деп ерекше толғанады.
М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» романындағы суреттелетін Барлас
ақынның бейнесі сол өмірдегі Дулат ақынның бейнесіне жақын тəрізді. Ақын
мал байлығынан жан байлығын, өнер күшін, шындықты хош көріп, өзіне
біткен өнердің күшімен өмір сүрген, сол өнеріне дақ түсірмей сақтауға
тырысқан ақын ретіндегі бейнесі оқушы санасына дəл орныға қалар еді.
Себебі осынша талант, жан байлығы мен ерекше өнер иесінің киер киім, ішер
асқа жарымаған кедей етіп суреттеу шындыққа тура келе қоймайды. Бұған
қарап малы бар байларға құрақ ұшып, тілемсек ақындарша көр-жерді өлең
етіп, ел ішін кезіп кететін сатымсақ ақындарға тəн қасиетті де Дулат мінезіне
сиыса қоймайтын əрекет деп ашық айтуға болады. Осы қасиеттері мен өзінің
мінез ерекшеліктері Дулаттың өлеңдерінде айнымай түскен. Оның айтатыны
көбіне жеке бастың мұңынан гөрі ел сөзі, тыңдаушының қалауы, соларға
айтатын, адам, заман, уақыт, өмір жайлы толғаулары Дулатты басқа
ақындардан ерекшелеп, оның ақындығын ойшыл, болжағыш, жыраулық
дəрежеге көтеріп тұрғандай.
«Дулат жырау кім?» деген сауалға ақынның өз дəуірі, яғни, оны жалғанның
жарығына шығарған қоғамдық, тарихтық ерекше жағдайлар жауап береді.
Бабатайұлы Дулат қазаққа «қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы
бақтырған» Абылай дəурені өткен, отаршылардың ортамызды ойып орын
алып, төрімізге жетіп, төбемізден қарай бастаған аса бір ауыр кезеңінде
дүниеге келді. Дулатты тудырған дəуір оған ел басына төнген отаршылдық
ауырлықтың салмағы мен одан келер қауіпті, сондай-ақ оның соңғы
нəтижесін жете танытты. Сондықтан да Дулат — өзі жасаған заманға,
отаршыл зорлығына, ол қауымға қызмет еткен əкімдерге, аға сұлтандық
билікке түбегейлі қарсы шыққан, халқының тəуелсіздігін көксеген əрі
күрескер, əрі реалист ақын.
Ежелгі жыршылық, көпшілік сүйіп тыңдайтын қисса-дастандарды жатқа біліп
айтып жүруі Дулаттың жай ғана қатардағы ақын емес, ел ішіндегі жыраулық
атағының күн санап өсіп, қазақ даласына кең жайылуына əсер еткен тəрізді.
Өз қатарластарымен салыстырғанда кейінге ақынның біраз мұрасының жетуі
оның көзі тірі кезінде-ақ атақ-даңқы қазақ даласының барлық шалғайына
жеткен жүйрік те дүлдүл ақын болғандығынан хабар береді. Кеңес əдебиетін
зерттеушілердің көпшілігі мысал етіп айтып жүрген Абайдың атақты
өлеңіндегі пікірді де осы жерде айта кету орынды сияқты.
«Шоратнбай, Дулат пенен Бұқар жырау
Өлеңі бірі – құрау, бірі – жамау.
Шіркін-ай қара таныр кісі болса
Кемшілігі əр жерде-ақ көрініп тұр-ау»,– деген өлеңді көп зерттеушілер осы
күйінде тура мағынасында пайдаланып келеді. Енді дұрыстап қарап тағы да
бір оқып ойлансақ мəселеге екінші қырынан қарауға болатынын көреміз. Ақын
бұрынғы ақындарға аяушылық білдіріп отыр, сөзін жұртқа тыңдатамын деп
бірде қисса айтып, бірде терме-толғау айтып, арасында өзінің көрген-білгенін
сөз етіп отырған ақындарға осы сөздерді арнаудың ешбір өрескелдігі жоқ.
Абай оларды сынап тұрған жоқ қайта сөзін тура айтып жеткізе алмай түрлі
амалдарға барып жанын қинап жүрген ақын күйін түсіне сөз етіп отыр деуге
болады.
Осы бір шумақ өлеңмен екі ақынды бір-біріне қарама-қарсы қойып, Абай ескі
ақындарды былай сынаған деп оның өзін ешбір адамнан үйренбеген, халық
поэзиясынан нəр алмай төбеден түсе қалған ақын етіп көрсету шындыққа сия
қоймайды, ендеше бұл сынға абайлап ойлана қарап оқығанымыз жөн. Бұл
жерде сынаған күннің өзінде ескі ақынның күйі қандай болғанын айтып кетсек
екі ақынды да толық түсіне аламыз жəне олардың ойлары бір-біріне қайшы
келіп жатқан жоқ дегіміз келеді.
Өз заманының көп қатынастарын теріске шығаруы Дулатты зар заман ақыны,
өмірден түңілу сарына басым ақын деп айтуға негіз болды. Алайда оның
айтқандарының көбі дұрыс болып шықты. Дулатты кеңестік биліктің де, оның
алдындағы патшалық дəуірдің де қабылдай алмауы заңды еді. Бірақ қазақ
халқының толы егемендікке қолы жеткен дəуірде елі үшін тəуілсіздік пен
бостандықтың ең қасиетті ұғым жоқ екенін жарғақ құлағы жастыққа тимей
күңірене жырлап өткен ақынды көп дəстүршіл ақындардың қатарында бағалап
жүруіміз қолда бар алтынның қадіріне жетпей мысқа айырбастап жүрген
рухани жүдеулігімізді білдіреді. Егер бұрынғы ескі əдебиет үлгілерін жазып
алушылар оның еңбектерін түгелдей жазып алғанда бүгінгі уақытта біз
Дулаттың ақындық, жыраулық, жыршылық, дастаншылдық, термешілік
қырларын, жеке тұлғасына көптеген қасиеттер орныққан жан-жақты өнер иесі
ретінде зерттеген болар едік. Ақын өлеңдерінде оның айналаға, өмірге
көзқарасы анық сайрап жатқандай көрінгенімен кейбір ойларынан даралық
сипаты, өзге ақындардан ерекшелігі айқын көрінеді. Қай ақынмен
салыстырғанда да Дулаттың өзгешелігі, өзіндік таным өресі, ақыл-ой
биіктігі саналы ойдың өрнегіне өрнек қосып, көркемдік тұрғыдан қай
тұлғамен де таласа тұруға жететіндей талантының кесектігі оған қатардағы
таланттарға қарағаннан өзгеше бағалауды қажет етеді.
Ескі шежіре, халық əдебиетінің білгірі Шəкір Әбенұлы Дулат, Жанақ,
Сабырбай, Түбек, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға
түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген [2; 5]. Оның күəлігі бойынша, Дулаттың
өлеңдерін Ғаббас Бəйділдаұлынан жазып алған. Ал Ғаббас кезінде бұл өлең-
толғауларды əкесі Бəйділданың қолжазбасынан көшірген. Бəйділда ақсақал
(1839–1919) Дулатты жақсы білетін, өкшелес адам болған. Ол Дулат
өлеңдерін жазып алып, қолжазба күйінде сақтап келген. Қазақстан Ғылым
академиясының Әдебиет пен өнер институты қолжазба қорындағы Дулат
өлеңдерінің біразы (1500 жолдай) соның сақтауы арқылы жеткен.
Дулаттың кезінде халықты екі жақты қанау үстемдік алды: бір жағынан,
патшалық үкімет өктемдігі, екінші жағынан — елін сатқан шонжарлардың
езгісі еді. Мұндай жағдайда халықта қандай береке, күй-жай болсын! Жұрт
тарыққан, аш-жалаңаш, екіжақты езгі, екіжақты қорлау, екіжақты талау!
Осының бəрі ұлы ақынды қатты ойландырды. Ол:
Балаусалы, балғынды
Баяғыдай салаң жоқ;
Кең қоныс, еркін өрісті
Баяғыдай далаң жоқ;
Қорғалап өскен қояндай —
Еркімен өскен ерленіп
Ер жүректі балаң жоқ;
Боран соққан қой болдың,
Жел жағыңда панаң жоқ, — деп еңіреді («Ал қарағай сұлу сындардай» [3;
112–114]).
Өзі айтқандай, елді алауыздық жайлап кеткен. Жұрт бір-біріне сенуден
қалған. Неге? Өйткені ел басқарушыларда əділдік жоқ. Олар ұры мен
қарыны, сұм мен сұмырайды, алдамшы мен арамды жақтайды.
Мысалы, жырау «Атаны бала алдады» деп басталатын өлеңінде [3; 108–109]
бұрынғы заман өтіп кетті дей келе, өз заманының қайшылықтарын былай
суреттейді:
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Елдегі жақсы бұзылды.
Мəстек озып бəйге алды,
Тайынша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді.
Ителгі туып сұңқардан,
Жабы туып тұлпардан,
Топтан торай бермейтін,
Түн асқан сайын өрлейтін
Төрт аяқтан ақсады
Томаға көзді боз тарлан.
Бұл шығармасында ақын қайырымсыз билер мен қатал аға сұлтандардың
қаһарынан қаймыққан бұқара көпшілікті көлді қорып шырылдаған қызғышқа
теңейді. Осылардың барлығынан:
Елім дер ер қалмады,
Артына қарар бұрылып;
Тырнадан би сайладың
Ашпассың, елім, көзіңді, — деген ащы қорытынды шығарады.
Сонымен, Дулат өмірде болып жатқан өзгерістерге сескене қарайды. Заман
азды деп түйеді. Азғындық белгілерін өмірдің барлық саласынан көреді.
Әкім, молда, ишан, бай-мырза бəрі азды, тозды, бұзылды, зұлымдық үстем
болды дейді ол «Ал қарағай сұлу сындардай» деген толғауында: Осындай
заман кез болды
Ер дегенің ез болды,
Қамқа, торғын бөз болды,
Саф алтының жез болды,
Арындаған тұлпарың
Азғындап шабан, шалаң боп.
Мұндай бұзылған дүниені өзгертпей болмайды деген қорытынды жасайды.
Бірақ сол қиындықтан құтқарар жолды таба алмайды. Анық нысана көздеп
пайдалы ойлар ұсына алмайды.
Қорытындылай келсек, Дулат Бабатайұлы XIX ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ əдебиетіне ірі үлес қосқан, аса көрнекті тұлғалардың
бірі болды. Өз заманасының келелі мəселелерін көтеріп, олардың шешімін
іздеді. Жаңа жағдайдағы қазақ қоғамында бой көрсете бастаған көлеңкелі
көріністерді дəл танып, қатты сынға алды. Сөйтіп, «Дулат шығармаларының
күшті жақтары неде?» деген сұраққа жауап іздесек, ең алдымен, қарт
жыраудың замана өзгерісін жіті танып, сол кездегі ел басына түскен
ауыртпалықты қатты сезінгенін, халқына қабырғасы қайысып, егіле мұң
шерткенін, шығар жол таба алмай торыққанын; екіншіден, ақынның асқан
шеберлігін, оның өлең-жырларында көркем теңеулер, əсем тіркестер,
айшықты сөздер көп ұшырасатынын баса айтқан болар едік.
Пайдаланылған əдебиеттер тізімі
1.
Айтұлы Н. Ұлттың ұлы жыршысы // Егемен Қазақстан. — 2003. — 3
қырк.
2.
Әбенов Ш. Дастандар. — Алматы: Жазушы, 1991.
3.
Бабатайұлы Д. Замана сазы: Өлеңдер мен дастандар / Құраст., басп.
əзірл. Қ.Өмірəлиев. — Алматы: Жазушы, 1991. — 160-б.
Достарыңызбен бөлісу: |