Xix ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар



бет1/2
Дата04.04.2023
өлшемі55,68 Kb.
#79154
  1   2

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар
Саржан Қасымұлы басқарған Қарқаралы округінде де 1825 жылдың көктемінен бастап үкіметке қарсы толқулар басталды. Бұл толқулардың мақсаты — Абылай ұрпақтары сұлтандар билік жүргізетін Қазақ хандығын қайта орнату, округтік приказдардың көзін құрту еді.
Саржан өзінің інісі Есенгелдімен ауылдарды аралап, өкіметке қарсы күресуге үндеу тастады. Ұлғайған халық наразылығын басуға Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевич жазалау қосынын жасақтады. Карбышев бастаған 200 қазақ жасағы Қарқаралы округінің Қарпық болысына жіберілді. 1825—1826 жылдар жазалаушы күштер мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыстармен өтті. Саржанның қол астына Көкшетау округінен Шыңғысұлы Сартай сұлтан бастаған топтар келіп қосылды. Саржанның қол астында сұлтан Абылай Ғаббасұлы, жас сұлтан Кенесары Қасымұлы да өз сарбаздарымен соғыс қимылдарын жүргізді. Патша әкімшілігі болса өз тарапынан бүлікшіл сұлтандардың іс-әрекетін бақылай отырып, мүмкін болған жағдайда қолға түсіріп, әскери соттың құзырына беру керек деп шешті.
Үкімет көтерілісшілерді жазалау үшін олардың ізіне түсетін ірі қазақ жасақтарын қырға шығаруды кейінге қалдырды. 1827—1830 жылдары көтеріліс Ұлытау өңіріне тарады да, жаңа құрылған округ аумағын наразы топтар тастап шықты. Ал патша үкіметі қазақ даласында округтер ашуды жалғастыра берді. 1826 жылы Баянауыл, 1832 жылы Ақмола, 1831 жылы Аягөз (Сергиополь) округтерін негіздеу арқылы Орталық Азия иеліктеріне жақындай түсті.
Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ қоғамы тағы да өз ішінде өзара қарсы топқа бөлінді. Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысұлы Саржанның әрбір қимылын Омбы әкімшілігіне хабарлап, қарсы көмек жіберуді өтінумен болды. Ал Саржан бастаған көтерілісшілер өз кезегінде отаршыл әкімшілікті қолдаған сұлтандармен күресе жүріп, орыс керуендеріне алым-салық төлетіп, разьезд бен бекеттерге шабуыл жасады. Бұған қосымша Саржан сұлтан және оның жақтастары Қоқан хандығымен байланыс орнатады. Солтүстіктен келе жатқан қауіпке бірігіп күресуге бел шешіп кіріседі. Алайда қырға шыққан патшалық жасақтардың қимылы да қарқынды бола түсті. Патша әскерлерінің қысымымен Саржан Орта жүзді тастап шығып, Ұлы жүз иеліктеріне келеді, осы жақтағы шашыраңқы қазақ күштерін өз жағына тартуды көздейді. Саржанның бұл әрекеті Қоқан билеушісін алаңдатпай коймады.
1836 жылы жазда Ташкентте Саржан сұлтан және оның інілері Ержан, Есенгелділер опасыздықпен өлтірілді.
Саржан көтерілісінің саяси мазмұны бұған дейінгі көтерілістерге қарағанда тереңірек болды. Ол Абылай хан ұрпағы ретінде Қазақ хандығын қайта қалпына келтіруді мақсат тұтты.
Саржан Қасымұлы өлімінен кейін де патша отаршылдығына қарсы күрес бір сәт те толастамады. Саржаннан кейінгі он жылға созылған күресті Саржанның кіші інісі Кенесары одан әрі жалғастырып әкетті. Саржан бастаған Орта жүздегі көтеріліс алдағы келе жатқан жалпыұлттық азаттық қозғалыстың от жалынының тек ұшқыны іспеттес еді.
XIX ғасырдың 20—30-жылдары патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы Кіші жүздегі наразылықты Жоламан Тіленшіұлы басқарды. Жер үшін, тартып алынған жайылымдар үшін күрес оның негізгі мазмұнына айналды. Осы жылдары Жаңа Елек әскери шебінің құрылуы барысында 7—10 мың шаршы шақырымға дейінгі жер қазақтардан тартып алынды. Бұл жаңа шекара шебі Орынбор әскери-шекара шебінің бір бөлігі ретінде құрылды. Жаңа Елек шебі 29 форпост, редут, бекіністерден тұрды. Үкімет бұл жерлерге Орал, Орынбор орыс-қазақтарын, шаруаларды көшіріп әкеліп қоныстандырды. 1835 жылы тағы бір жаңа шептің салынуымен 12 мың шаңырақ қыпшақ және жағалбайлы рулары жерсіз қалдырылды.
Табын руының жайылымдары Елек өзені ауданында орналасқан болатын. 1822 жылдан бастап патша үкіметі қазақтарды Елек пен Орал арасындағы шұрайлы жайылымдарға өткізбеді.
Жоламанның әкесі Тіленші кезінде Сырымның жақтасы ретінде көтеріліске белсене қатысқан болатын. Ал Жоламанмен бірге көтеріліске Сырым Датұлының баласы Жүсіп те қатысты. Демек, көтерілістер арасындғы ұрпақтар сабақтастығы сақталды. Жоламан да, Жүсіп те батырлардың, азаттық күрес көсемдерінің ұрпақтары ретінде олар бастаған күресті одан әрі жалғастырып әкетті. Жоламан Тіленшіұлымен бірге табын руының батырлары Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғаниндер болды. Ал 1838 жылдың соңына қарай оған шекті руының батыры Есет Көтібарұлы келіп қосылғандығы мұрағат деректерінен белгілі.
Жоламан батыр тархан атағы бар табын руының басшысы бола жүріп, патша үкіметінің алдында қазақтардың құқын қорғауға кіріседі. Басында Орынбор губернаторы Эссенге 1822—1823 жылдары бірнеше рет хат жазып, әділеттілік орнатуын талап етеді. Қазақтардың өмірлік қажеттілігі — жерін бейбіт түрде қайтарып ала алмайтындығына көзі жеткен соң қарулы күрес жолына түседі. Ол өзінің Ресеймен соғыс жүргізуінің себебін Елек өзені бойындағы шептің салынуынан деп түсіндіреді.
Ор-Троицк бекіністерінен Торғай өзеніне қарай ығысқан қазақ шаруалары жер тапшылығынан мейлінше қиыншылық көрді.
1835 жылға қарай Жоламан батырды қолдаушылар қатары өсіп, оны табын, тама, Жағалбайлы, жаппас, алшын, арғын, қыпшақ рулары қолдай бастады. Орта жүзде Кенесары Қасымұлы көтерілісі басталған кезде Жоламан оған көмекке ұмтылды. Сөйтіп, Кіші жүз бен Орта жүз күштерін біріктірушіге айналды. Ол қырға ішкерілеп еніп, Кенесары көтерілісіне қосылуға үндеді.
Ал 1838 жылы Бөкей ордасындағы көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Кіші жүзге келген кезде көтеріліс одан әрі өрши түсті.
1838 жылдың ортасына таман шекара шебінен Ор мен Троицкіге дейінгі аралықты көтеріліс оты шарпыды. Көтерілісшілер жаппай Торғай мен Ырғыз аудандарына көше бастады. Ол өз қол астына Ресей өктемдігіне қарсы 3 мыңға жуық сарбаздарды топтастыра алды.
Жоламан батыр жасақтарын жоюға патшалық әкімшілік үш бағытта жасақтар шығарғанымен, батырды қолға түсіре алмады. Орта жүздегі Кенесары көтерілісінің Орынбор өлкесіне ауысуына байланысты жазалаушы күштер кейін қайтуға мәжбүр болды.
1837 жылы қараша айында Кенесары Петропавл қаласынан шыққан керуенге еріп келе жатқан Ақтау бекінісіне қарасты орыс-қазақтар тобына тұңғыш рет шабуыл жасады.
Әскери қимылдар 1838 жылдың көктемінде қайта жанданып, көтерілісшілер Ақмола приказын қоршап, өртеп жіберді.
Ақмола приказының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен бекініс коменданты Карбышев өртенген бекіністен зорға құтылып шығады. 1838 жылдың жазы мен күзінде Орта жүзді шарпыған көтеріліс енді Кіші жүзге ойысты. Осылайша Торғай далаларына келу арқылы, кезінде Исатай Тайманұлы көтерілісіне қатысқандармен, Жоламан Тіленшіұлы батыр бастаған топтармен бас қосу көзделді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің ықпалды би-сұлтандары Кенесарыны хан етіп сайлады. Осылайша қазақ жерінде мемлекеттілік қайта орнады.
1841 жылдың күзінде көтерілісшілер тобы Ташкентке аттанып, Созақ, Жаңақорған, Жүлек бекіністері алынды.
Кенесары ұйымдастырған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Белгілі қазақ руларының, батырларының, сұлтандарының, жақын туыстарының қатысуымен хандық кеңес құрды. Дегенмен Әбілқайыр хан кезіндегі ақсақалдар кеңесінен өзгешелігі: барлық билік тізгіні Кенесарының қолында болды. Белгілі билер сотын жойып, оның орнына хандық сотты енгізді. Арнайы топ қаржы, алым-салық мәселесін, хандық кеңестің шешімдерінің орындалуын қадағалап отырды.
Экономикалық салада жер шаруашылығымен айналысуды қолдады. Кенесары саудадан түсетін салықтың пайдалы екеніне көзі жеткендіктен керуендерді тонаудан гөрі оларға қонақжайлылық танытты.
Кенесары әскерінде қатаң тәртіп орнатылды. Атақты батырлар мен әскери кеңестің мүшелері басқарған жекелеген жасақтар жүздіктерден, мыңдықтардан тұрды. Мұндай басқару жүйесі көшпелі халықтардағы дала соғысына барынша қолайлы еді.

Патша үкіметі 1843 жылға дейін ірі жазалаушы күштер жасақтай қоймады. Алайда көтерілістің аумағы, даму барысы, Солтүстік Кавказдағы тау халықтарының козғалысы патша үкіметін Кенесарыға қарсы тұрақты армия шығаруға итермеледі.


Кенесарыға қарсы шыққан әскери құрамалардың ішінде Ахмет Жантөреұлы, Баймағамбет Айшуақұлы, т. б. сұлтандармен болған 1844 жылғы 20—21 шілдедегі ұрыста Кенесарыға қарсы 44 сұлтан ұрыс даласында мерт болды.
Ал патшалық Ресеймен жүргізілген келіссөздер нәтиже бере қоймады. 1845 жылдың жазында көтерілісшілерді Орынбор өлкесінен ығыстырып шығару мақсатында Ырғыз және Торғай бекіністері салынды. Кенесарының Сарыарқаны тастап шығуына тура келді. Кенесарының Сарыарқадан Ұлы жүзге қарай бет алуының бір себебі — Қоқан хандығындағы қазақ руларын өз жағына тарту еді.
Кенесарының Жетісуға келуі тұрғындардың арасында үлкен толқу туғызды. Үйсін, жалайыр, дулат руларының бір бөлігі көтерілісшілерді жақтады. Кенесарыға аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев, Барақ Солтабайұлы мен генерал-майор Н.Ф.Вишневскийдің жасағы қарсы шықты.
Күші басым әскерлерден ығысқан Кенесары Балқаш көлі аумағын тастап, Іле арқылы Алатау мен Шу өзеніне жақындады. Кенесарыны Ұлы жүздің Саурық, Тойшыбек, Сұраншы батырлары барынша қолдады. Кенесары өз өкілдерін қырғыз манаптарына аттандырып, Қоқан хандығы мен орыс отаршылдарына бірігіп күресуге шақырды. 
Алайда Ресей мен Қоқан бектерінің арасында екі жүзді саясат ұстанған қырғыз манаптары Кенесары ұсынысын жауапсыз қалдырды. Ал патша үкіметінің өкілдері өз кезегінде қырғыздар мен Алатау өңіріндегі қазақтарды бір-біріне айдап салумен болды.
Кенесары 1847 жылы қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің отаршылдыққа қарсы азаттық сипаты өзгере бастады. Кенесарының өз қарсыластарына қаталдығы, жазықсыз қырғыз ауылдарын тонауы оған деген қарсылықты өршіте түсті. 1847 жылы қазіргі Бішкекке жақын Майтөбе деген жерде қырғыз манаптарының әскерімен шайқаста Кенесары және оның жақтастары мерт болды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет