Y. МОРФОЛОГИЯ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ СЫНЫПТА МОРФОЛОГИЯНЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ. Морфология Морфология (гр. morf — түр, тұлға, logos — сөз, ілім) — дербес сөздердің грамматикалық мағыналарын тексеретін, грамматикалық сөз тұлғалардың қызметі мен қалыптасу, даму заңдылықтарын зерттейтін тіл ғылымының бір саласы.
Морфологияның негізгі материалы — морфема. Морфология сөздің грамматикалық тұлғаларын жеке бір тілдегі сөздердің диахрондық (тарихи даму), синхрондық (қазіргі кездегі) көрінісімен де зерттейді. Морфология сөз тұлғаларының түрленуін, бөлшектенуін, әр түрлі өзгеріске түсуін анықтау мақсатында салыстыра зерттеу жүйесімен де айналысады. Бұл тәсіл cөздің мағынасы мен қызметін айқындауға көмектеседі.[1] Сөздің тұлғасы, мағынасы және атқаратын қызметі сөйлем құрамында ғана анықталатын болғандықтан, сөзді синтаксиспен байланысты қарастырады. Демек сөзді лексика-грамматикалық сипаты тұрғысынан айқындайды.
Морфологияның дамуына үлес қосқан ғалымдар Морфологияның негізгі міндеттерінің бірі — сөздерді белгілі бір сөз таптарына тәндеп бөлу.
Сөз таптарының айқындалуына 30-жылдары ерекше үлес қосқан ғалымдар: Ахмет Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, А. Ысқақов.
40-50- жылдары морфологияның әрбір жеке мәселелері арнайы жүргізілетін күрделі монографиялық ғылыми - зерттеудің объектісіне айналады да, осы зерттеулердің негізінде көптеген көлемді еңбектер жарыққа шығады. I. Кеңесбаев, А. Ысқақов, К. Ахановтардың жыл сайын шығып отырған орта, орталау мектептерге арналған "Қазақ тілі грамматикасы" мен Н. Сауранбаевтың педучилищеге арнаған "Қазақ тілі" (1948) және жоғары оқу орындарына арналған "Қазіргі қазақ тілі" (1954) атты көлемді еңбектерімен қатар, морфологияның жеке сөз таптарын әр жақты баяндауға арналған морфология Балақаевтың "Қазақ тілі грамматикасының кейбір мәселелері", А. Ысқақовтың "Қазақ тіліндегі үстеулер", Ғ. Мұсабаевтың "Сын есімнің шырайлары", Ә. Хасеновтың "Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер", Р. Әміровтың "Қазақ тіліндегі шылаулар", Ш. Сарыбаевтың "Қазақ тіліндегі одағайлар" т. б. зерттеулерін айтуға болады. 60-жылдары мұндай еңбектер саны жағынан да, тақырып жағынан да молая түсіп, жеке сөз таптарына байланысты тағы да көптеген жеке зерттеулер: Ш. Сарыбаевтың "Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер" (1960); Ж. Шакеновтың "Қазақ тіліндегі сын есім категориясы" (1961); Ә. Ибатовтың "Қазақ тіліндегі есімдіктер" (1961); Ә. Төлеуовтың "Қазақ тіліндегі есім категориясы" (1963) атты еңбектері жарық көрді. Бұлардың бәрінде де әр түрлі сөз таптары өзіндік лексико-грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан әр жақты талдауға түседі. Морфология мәселелеріндегі бұрын-соңды жетістіктердің бәрін жинап, оны жүйелі тәртіпке келтіріп, теориялық тұрғыдан ғылыми бір ізге түсіріп баяндаған күрделі еңбек 1967 ж. Қазақ КСР ҒА "Ғылым" баспасынан шыққан "Қазақ тілінің грамматикасы" болды. Морфологияның негізгі міндеттерінің бірі — сөз формаларын зерттеу. Сол себептен сөз формалары жайындағы зерттеу сөздердің түрлері жайындағы қандай да болса ережелердің бәрін түгел қамтып, сөздерді морфологиялық категориялардың қандай түріне жатқызу және оларға тән формаларды анықтау сияқты заңдылықтарды да қамтиды.