Зоогигиенаның негізгі міндеттері



Дата14.10.2023
өлшемі15,95 Kb.
#113988

Жануарлар гигиенасы, ветеринариялық гигиена немесе зоогигена – малды дұрыс бағу, азықтандыру және күтіп-бағудың тиімді тәсілдерін пайдалана отырып, олардың тұқымына байланысты өнімділігін қамтамасыз ететін деңгейде денсаулығын сақтау және күшейту жөніндегі ғылым.
Зоогигиенаның негізгі міндеттері:
- қоршаған ортаның мал организміне және денсаулығына тигізетін әсерінің заңдылықтарын зерттеу;
- қоршаған ортаның мал организміне қолайлы параметрлерін ғылыми-практикалық тұрғыдан негіздеу, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық 
нормативтер, нормалар және ережелерді жасау және ұйымдастыру;
- мал қоралардың жобалық тапсырмасын жасау, мал тіршілігінің қамтамасыз ететін жүйелерді (желдеткіш, жылу, жарық, микроклиматты қолайландыру, көңді шығару және сақтау, сумен қамтамасыз ету, малды суару, азықтандыру және т.б.) жасайтын құрал-жабдықтарды іріктеу;
- табиғи ортаның бірқалыпты сақталуын қамтамасыз ету, зоогигиеналық нормативтер мен ветеринариялық - санитариялық ережелерді енгізу есебінен экологияны сақтау.

  • Қоршаған ортаның мал организміне тигізетін әсерін зерттеу үшін зоогигиена әртүрлі тәсілдер қолданады: санитариялық зерттеу, клиникалық – физиологиялық байқаулар, эксперименталдық, статистикалық және т.б.

Санитариялық тексеру – мал қоралары мен су көздерінің, жайылымдар мен шаруашылық территориялының санитариялық жағдайларын анықтайды. 
Қоршаған ортаның факторларының әсерінен мал огранизмінде болатын функционалды өзгерістерді зерттеп білу үшін клинико – физиологиялық әдіс қолданады. 
Эксперименталды әдіс – лабораториялық немесе өндірістік жағдайларда арнайы тәжірибелік малдарға қоршаған орта факторларының әсерін зерттеу үшін қолданылады (қора-жай микроклиматына, бағып-күту технологиясына, азықтандыру жағдайына және т.б.). Эксперименталды әдіс физикалық, химиялық, бактериологиялық, токсикологиялық және басқа да зерттеулермен бірге жүргізіледі. 
- санитариялық – статистикалық әдіс ветеринариялық – санитариялық шаралардың тиімділігін тексеру үшін қолданылады. Яғни, әр түрлі санитариялық – гигиеналық жағдайындағы жануарлардың ауру сырқауы мен өнімділігін салыстырғанда олардың тиімділігін анықтайды (микроклиматтың, бағып-күту технологиясының, азықтандырудың және т.б.)
Сыртқы орта факторлары және олардың мал организіміне әсері
Сыртқы орта деп – жануарларды қоршаған әрі оларға тікелей немесе жанама әсер етуші табиғаттың бөлігін айтамыз. Организмнің дамуы қоршаған ортаның үнемі өзгеріп отыруымен тығыз байланысты. Егер осы қоршаған орта қалыпты жағдайдан ерекше өзгерсе, онда орта мен организм арасында қарама қайшылық туады. Организмге әсер ететін элементтерді сыртқы орта факторлары деп атайды. Сыртқы орта факторлары табиғаты мен әсер ету түріне байланысты абиотикалық және биотикалық болып бөлінеді. Абиотикалық факторларға өлі табиғат кешені жатады – ауа температурасы, ылғалдылығы, қысымы, ауаның, судың химиялық ұрамы, ксенобиоттар және т.б. Ал, биотикалық факторларға организмдердің бір біріне әсері жатады.
Ветеринариялық – санитариялық ережелер – мал өсірумен, тасымалдаумен, сойыс малдарымен, олардың өнімдерін өңдеумен айналысатын барлық кәсіпорындарға және жеке тұлғаларға міндетті түрде орындалуы тиіс арнайы Үкімет органдары ресми түрде бекіткен ветеринариялық санитариялық нормалар мен талаптар жиынтығы.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет