8.4 Татуластыру рәсімінің ұғымы және түрлері
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам мен оның институттарын, нарықтық қатынастарды ары қарай дамыту аясында, сондай-ақ азаматтық заңнаманы одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау жағдайында тараптар арасында сот, сондай-ақ соттан тыс тәртіппен мәмілеге қол жеткізудің түрлі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде баламалы шараларды, әсіресе медиация, бітімгершілік келісім, төрелік, партисипативтік рәсім және т.б. қолдану бойынша объективті алғышарттар туындауда.
Тараптардың татуласуы үшін соттың шаралар қабылдауы және оларға үрдістің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінен туындайды. Тараптардың талаптарына қатысты бейтарап ұстанымды ала отырып, сот тараптарға олардың татуластыру рәсімдерін жүргізу құқықтарын және ҚР АПК 278 бабының талаптарына сәйкес осындай келісімдерді жасасудың құқықтық салдарларын түсіндіреді [1].
Тараптар бітімгершілік рәсімдердің әртүрлі түрлерін: бітімгершілік келісімді, медиацияны, яғни кәсіби медиатордың қатысуымен де, егер медиация сотта өткізілетін болса, судьяның қатысуымен де медиацияны, сондай-ақ екі тараптың адвокаттарының қатысуымен партисипативтік рәсімді қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтінішті мәлімдей алады. Олар шартта айтылған немесе заңда көзделген, мысалы нотариустың, адвокаттың қатысуымен және т.б. татуластыру рәсімдерінің басқа да түрлерін пайдалана алады (АПК-нің 145-бабын қараңыз). Шектеулер белгіленбеген. Әрбір жағдайда өтінішті талқылайды және ол бойынша сот шешім қабылдайды.
ҚР АПК 17 тарауының 174-182 баптары татуластыру рәсімдеріне арналған [1].
8.5 Медиация дауларды шешудің балама тәсілдерінің бір түрі ретінде
Медиация ретінде «дауласып жатырған тараптардың ерікті келісімі бойынша өзара түсіністікке жету және даулы жағдайды шешетін шартты жасау мақсатында бейтарап тұлға - медиаторды тарта отырып бітімге тоқтау рәсімі» түсініледі.
Медиация - (латын тілінен mediatio - делдалдық, ағылшын тілінде - mediation) - дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және ерекше іс жүргізу жағдайлары бойынша дауды шешудің мүмкіндігі мол, осы дауға қатысушылардың біріге отырып мәселелерді шешу процессі. Медиацияны кең тараған делдалдық және бітімге келу рәсімдерінің «жетілген нысандарымен» теңеуге болады, демек, медиацияның көп ғасырлар бойы бітімге келуге қызмет еткенін аңғаруға болады.
Қарапайым тілмен айтсақ, екі дауласушы тарап бар, олар сотқа жүгінгеннен гөрі кәсіби медиаторға баруды жөн деп санайды, өз кезегінде медиатор оларды тыңдап, дауды шешудің оңтайлы жолын ұсынады.
Қазақстандық құқықтану қоғамы дамыған мемлекеттерде дауларды шешу барысында сәтті қолданылып жүрген заңнамалық жаңалықтардан тыс қала алмады.
2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы [3] осы жұмыстың қорытындысы болды. Жаңа Заң ресми түрде 2011 жылғы 5 ақпанда жарияланды және сол арқылы азаматтардың құқықтарын қорғаудың балама нысандары бірінің дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің Республикада жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітілді, заңнаманың ойынша олар соттарға нақты және жүйелі бәсекелес болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |