3.3 Азаматтық процессуалдық құқық қабілеттілік және азаматтық процессуалдық әрекет қабілеттілік
Азаматтық іс жүргізуде тараптар ретінде қатысушы үшін азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі (ҚР АПК-нің 44-бабы) болуы тиіс, ал сотта өзінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыру үшін азаматтық іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыру үшін азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі (ҚР АПК-нің 45-бабы) қажет.
Азаматтық процестік құқық қабілеттігі – азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі, материалдық құқық субьектілері болып табылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады. Азаматтарға азаматтық процестік құқық қабілеттері туғаннан беріліп, өлгенде ғана тоқтатылады.
Азаматтық процестік әрекет қабілеттілігі – сотта құқықтарын өз іс-әрекетімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттігі. Заңды тұлғаның азаматтықіс жүргізу құқық қабілеттігі мен әрекет қабілеттігі мемлекеттік тіркеуден өткен кезде және оны куәландыратын сәйкесті құжат болғанда басталады.
Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды. Сот осындай істерге қатысуға кәмелетке толмағандардың өздерін немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтарды тартуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот іске қатысуға прокурорды тарта алады.
Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
Заңда көзделген жағдайларда, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік және өзге де құқықтық қатынастардан және алған жалақысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарына иелік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотта жеке өзі қорғауға құқығы бар.
Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап толық процестік қабілеттілікке ие болады. Сот осы баптың төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін оларға көмек көрсету үшін өз қалауы бойынша іске қатыстыруға құқылы [2].