31.Абай қара сөздерінің көркемдік ерекшеліктерін талдаңыз. Абайдың толық жинағында 1890 мен 1898 жж. арасында жазылған бір алуан шығармалары — «Қара сөз» деп аталады. Бұл ақынның философиялық еңбегі. Барлығы 45 сөз жəне бұған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласы да қосылады.
Абайдың «Қара сөздерінің» соңғы нұсқасы Мүрсейіттің 1905, 1907 жəне 1910 жж. қолжазбалары бойынша жарияланып келген. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қара сөздердің» бұрын кеткен текстегі кемшіліктері түзетіліп, түпнұсқамен дəлдігі мүмкіндігінше қалпына келтірілген.
«Қара сөздер» деген атау өлең сөзден бөлек дүниелер мағынасын білдіреді. Өлең өнерін қазақ «Қара сөз» демейді. «Қара сөз» проза деген мағынада айтылған. Əдетте, адам ауызекі тілде өлеңді емес «Қара сөзді» қолданады.
«Қара сөз» дегеннің мағынасын белгілі ғалым жəне саясаткер Ғ. Есім: «...Абай ойына келген нəрселерін еркін айту үшін, өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол — сөз жанры. Ақынның қара сөздері — нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дəстүрге, тəсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзіне лайықты форма тапқан. Көптеген философтар ойларын формаға бағындырып немесе жүйе құрып əуре болғанын білеміз. Абай болса, ондай істермен айналыспаған, өзінің айтқысы келген ойларын еркін білдірген. Абай ашқан «сөз» жанры, өкінішке орай, қазақ мəдениетінде өріс алмады. Сірə, оған кінəлі, Шəкəрім тілімен айтсақ, «нақтылы ойдың» заманы болса керек. Адам өз ойындағысын айтқаны үшін кінəлі болған заманда, əрине, сөз жанрының өрістеуі, Абай дəстүрін жалғастыруы мүмкін емес еді. Абай дəстүрі, яғни сөз жанры бүгінде жаңғырып, жалғасуы керек, оған алғышарт бар. Қазіргі плюрализм деп жүргеніміз, кезінде Абай қолданған ойлау тəсілі...» , — деп сараптама жасап, талдап берді.
Бірінші жəне екінші сөздер Ғұлама Абай «Қара сөзді» шешендік өнер мəнінде айтқан. Шаршы топқа шығып сөз айту əркімнің қолынан келе бермейтін іс. Абай осындай ниетпен айтқан сөздерін қағазға жазып қалдырады. Көрген-білгенін, таным-тəжірибесін, танып-түстегенін ақыл-көрігінде қорытып, таразыға салады. Қысқа ғұмырдың алдамшы, өткіншілігіне де қапа болады. Баянсыз, тұрлаусыз сиқына бас шайқап, іштен тынады. Оның мəн-мəнісін бірінші сөзінде былай білдіреді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, əйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — əурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бəрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын...».
Ақын алдағы өмірге барлау, талдау жасайды.
Адам мұраты, өмірі мен еңбегіне еркін енеді. Өмірдің бұралаң жолдарына, кəсіп-дағдыларға, тұрмыс-тірліктің мың сан арналы, тараулы жолдарына көңіл тоқтатып, көз жібереді. Əсіресе ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу сынды сан салалы, алуан арналы бағыт-бағдарларға, өмір-тұрмыстың, уақыт-сынаптың сырлы сипаттарына ден қояды. Оның арасында білім-ғылым, кəсіп-қызмет, дəстүр-дін, тəлім-тəрбие иірімдеріне де көңіл бөліп, жіті назар аударады. Бəріне де мəн-маңыз береді. Басым бағыттарына еркін енеді. Сыр-сипаттарын ашады. Нəтижесінде:
«Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ», — деген қағидалы көзқарастарын алға шығарады. Өмір мұратына ден қойып, тəлім-тəжірибесіне тоқтайды.
Ойшыл ақын екінші сөзінде бала күнінен қазақтардың сартты көрсе, «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тəжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде əке-үке десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, сарт-сұрт деген осы» десіп; ноғайды көрсе, оны да боқтап, «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе — демін алады, ноғай дегенше ноқай, қашқын ноғай, «башалшік» (ұсақ саудагер) ноғай десіп; орысқа «ауылды көрсе, шапқан, жаман сасыр бас орыс», орыс ойына келгенін қылады деген... Не айтса, соған нанады, «ұзын құлақты» тауып бер депті» десіп, күліп отыратынын есіне алып; сонда өзінің «бізден басқа халықтың бəрі антұрған, жаман келеді екен, ең тəуір халық біз екенбіз» ғой, деп ойлайтынын айтады.
Сөйтсе, сарттың егін егіп, өсірмейтін жемісі, жасамайтын шеберлігі жоқ, əрқайсысы өз жұмысын ғана біліп, бір-бірімен жауласпайды екен, орысқа қарамай тұрған кезімізде қазақ еліне киім-кешек жеткізіп тұрған да солар. Орысқа қараған соң орыстың өнерін бірінші үйреніп алған да солар. Араларында бай да, молда да, сыпайы, епті жандар да көп. Ноғай да солдатқа, кедейлікке шыдамды, молда, медресе ұстап, оны күте де білетін халық екен. Еңбек етіп, мал табудың да жолын біледі, өздері салтанатты, əсем. Оларға енді біріміз жалданып жұмыс істеп, біріміз еткен еңбегіне ризашылығымызды білдіріп жүр екенбіз. Біздің ең бай деген адамымыздың өзін «сəнің шақшы (лас, былғаныш), аяғың білəн пышыратырға қойған идəн түгіл, шық, сасық қазақ» [2; 129–130], — деп үйінен қуып шығатын жағдайға жетіпті дейді.
Абай бұл сөзді қазақ халқын кемсіту үшін емес, жанына тигізе, намысқа тигізе əдейі айтып отыр. Халықтың бойында бар қасиет бар, оны ешкім мансұқ етпек емес, ал жағымсыз жағымыз қайсы? Неге тəжік сияқты егін екпеске, неге ноғай сияқты дін бақпасқа, сауда жасамасқа, неге орыс білімін алып, олармен терезе теңестірмеске? Абайды қажап отырған осы ойлар. Қазақ бұл халден құтылу үшін не істеуі керек, алдымен өзіңе өзгелердің көзімен қара. Ондай дəрежеге көтерілу үшін шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болсаң, қорлықтан құтыласың. Тек сол жағдайда ғана өзге халықтар туралы да қазақтардың ұғымы өзгермек. Абай осы шағын сөзде ұлттық дамудың басты-басты бағыттарын таратқан.
Үшінші, төртінші, бесінші сөздер Үшінші сөзінде ақын билік туралы əңгіме қозғаған.
Болыс болсам деп ағайындар жанжалдасып, партияласып əбден халықтың мазасын кетіретін пысықтарды көргенде Абай бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Əз- Тəукенің «Жеті жарғысын» білмек керек дейді. Əрине, Абай бұлардың бүгінгі өмірге келетінін алып, жарамсызын теріске шығарса деп армандай келіп, осыларды іске асыратын кісілердің жоқтығына қиналады.
Ғұлама өзінің үшінші қара сөзінде: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады», — деп. Оның мəнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен, дұрыс айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, əрбір болыс елден толымды-білімді үш- ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы əшкере білінгендікпенен түссе, əйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді делдалға сайлап алып біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді» [2; 133–134], — дейді. Ақын ережедегі дауды шешетін билер саны əр тараптан үштен артық болмасын деп көрсетеді. Билер көбейсе, дау ұлғайып қана қоймай, пара алушылық қоса қаулайтынын көрсетеді.
Ол заманда орыс əкімдері үшін қазақтардың болыстыққа таласуы, мінездерін ұсақтатып, азып- тозып, шапқылап келіп бір-біріне жала жауып, пара беруі өте пайдалы іс болатын. Осы халді Абай нақтылап қағазға түсірген.
Адам баласының бесіктен бейітке дейінгі ғұмыры өкініш болмас үшін қалай дұрыс өтуі абзал деген сауалға Абай анық ақыл береді. Төртінші сөзінде ол былай дейді: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», [2; 135], — дей келіп, Хакім Абай сөзін былай түйіндейді: «Əуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» [2; 135].
Адам деген тылсым табиғаты мəңгі жұмбақ болып қала берерлік құбылыс. Абай осы тылсым құдірет иесінің екі күйіне талдау берген. Олар Күлкі жəне Қайғы. Дүниеде күлмейтін не қайғыланбайтын жан бар ма? Бұл алма кезек болатын көңіл-күйлер. Адам өз қайратына сүйеніп харекет етсе, күлкінің де, қайғының да мəнісіне түсінбек.
Абай бесінші сөзінде қазақтардың: «Ə, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!» [2; 135], —
деген тілегін қалайша түсінуге болады дейді. Жас баладай болу деген не ұғым?
Ақынның пайымдауынша, қазақтың ғылым, білім, əділет үшін қам жемей тек мал үшін қайғыруы жетімсіз іс. Ғылым, білім болмаса сана тұмшаланып, тұрмыста белең алған ұрлық, қулық- сұмдық, тіленшілік сияқты келеңсіз қылықтар жойылмақ емес. Бұлардан арылмасақ жас баладан неміз артық дейді. Жас бала қызыл шоқтан қорқушы еді, ал бұлар тозақтан да қорықпайды. Ақын жас баладай қайғысыз болып ел бола алмаймыз, біздің аңсаған еліміз бұл емес деген түйін жасайды. [4; 334].
Абай заманында қазақтың «қарға тамырлы» халық болудан қалып, бодандыққа мықтап түскен кезі еді. Ел болу не болмау ісі орыс əкімдерінің қолында қалған. Қазақтар бықпырт тигендей бөлшектеніп, болыс-болыс болып өмір кешіп жатқан кез. Халық мінезіне ұсақ қылықтар еніп, ел дертке ұшыраған. Ел сөзін сөйлейін десе, бір орталыққа бағынған халқы жоқ, халқының еркі жоқ заманда асыл ойларын кімге бағыштарын білмеген Абай «іздеген еліміз сол ма?» демегенде не демек. Ақын қайғысы бодандыққа түскен елдің мұң-зары.
Алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы сөздер Абай алтыншы сөзінде қазақтың: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалы төңірегінде философиялық мəнде ой өрбіткен.
Ақын мақалдың екінші жартысындағы «тірлік» деген ұғымды терең талдайды. Ол əншейін оғып- бұғып, қорқып-үркіп өмір сүргенді тірлік деп есептемейді: «...Ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың» [2; 137].
Иə, көкірегің өлі болса, көзіңнің барының қажеті қанша?! Көкірегі соқыр — өнерсіз, білімсіз, надан пенде, ішкені мен жегеніне мəз қуыс кеуде.
Алтыншы сөздегі ойын Абай жетінші сөзінде де қайталап: «Көкіректе сəуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» [2; 139–140], — деп жетілдіре түседі. Бұл — надандықтан сақтандырып, көкірекке білім, ғылым нұрын түсіруге шақыру.
Сегізінші сөз де осы мазмұндас. Ақын: «Ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды» [2; 140], — деп өзіне-өзі сұрақ қойып алады да, болыс пен бидің тыңдамайтынын, өйткені өздерін ақылды санайтынын, сондықтан да сондай орындарға сайланып отырмыз деп ойлайтынын, ел түзеуге қолдары тие бермейтінін, тисе де шығынданып, шығынымыздың орнын толтыра алмай қаламыз деп қорытатынын айтады.
Байлардың да дүниенің жолында жүргендерін, өзінде жоқты малымен сатып алатындарын, ақылды да, ғылымды да, білімді де малдан қымбат санамайтынын қынжыла жеткізеді. Ұры-залым, сұм-сұрқиялардың да, «қой жүнді қоңыршалардың» да ақыл тыңдай қоймайтынын дəлел, сылтауларын келтіре отырып жеткізіп: «Аналар анадай болып тұрғанда білім, ғылым, ақылды не қылсын?» [2; 141], — деп сөзін мысқылдай түйіндейді.
Қазақ тұрмысында өлім туралы өшпес ойлар қалдыру дəстүрі болған. Сондықтан да Абай: «Бұ да жақсы, өлер кезде «əттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» [2; 142], — дейді.
Сонда өлімнің қайғысыз болуы, ол оның мəніне жеткендік емес пе? Бұл мəселенің бір қыры. Екінші қыры — өлімнің қайғысыз болуы өмірдің мəнсіздігін, өткінші екендігін де мойындау емес пе? Бұл сұрақтарға жауапты адамзат баласы əрқашанда қойып келеді. Нақтылы жауап жоқ, себебі — өмір мен өлім мəнін адам баласы ешқашан шешпек емес. Бұл табиғат құпиясы. Оны адамның мойындауынан өзге еш лажы жоқ. Абай қысқа тоғызыншы сөзінде осы бағытта ой өрбіткен.
Оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші сөздер Оныншы сөз бала тəрбиесіне арналған.
Абай қазақтың Құдайдан бала тілеудегі мақсатының «өлсем орнымды бассын», «артымнан құран оқысын», «қартайған күнімде асырасын» деген тілектерден туатынын айта келе, осы тілек- мақсаттың əрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Қазақтың отбасы бала тəрбиесіне талдау жасайды.
Ойшыл ақын халықты оқу-білімге үндейді: «Малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды» [2; 144–145], — дейді.
Адамзат қоғамы пайда болғалы — ұрлық, бұзақылық жойылмай келе жатқан жат қылықтар. Абай заманында осындай жолсыздықтар жаңбырдан кейін қаулап шығатын саңырауқұлақ сияқты қаптап кетті. Сондықтан ақын он бірінші сөзінде осы мəселеге ерекше көңіл бөледі.
Ертеде ұрлықты, бұзақылықты елдің есті кісілері тыюшы еді. Енді билік орыс əкімдерінде болғандықтан, соларға жағынам деп ұрлық, бұзақылық дертіне байлар да душар болған. Олар нені болсын малмен сатып алам дейді де жиған-терген дəулетін талан-таражға салып елдің де қадірін кетіріп, өз басын да дауға салып далбаса тіршілікпен күй кешуде. Абай осы екі жат қылықты жұрттың бəріне ортақ дейді. Бұдан сау адам қалмаса, сонда елді кім түземек? Ел ішінде ант, серт, адалдық, ұят дегеңдер əлсіреп барады. Осыны дұрыс жолға салатын қолында малы, пұлы, аузында сөзі бар қазақ байлары десек, олардың өзі бұзақылардың сөзін сөйлеп, жөнін жөндеуде. Өз бас билігі өз қолынан кеткен жұрттың халі қалай болмақ? Абайды жегідей жеп отырған ел басына түскен осы дерт, содан құтқарудың жолын таппағаннан туған шарасыздық.
Қазақ даласында «иман» деген сөз Ар білімінің (Этиканың) басты ұғымына айналған. Халқымыздың жақсы жанды иман жүзді дейтіні де содан. Он екінші сөзінде Абай иман арқылы адамгершілік табиғатын ашуға талпынған. Иманды Абай діни сенім мағынасында ғана емес, өзге мəнде қолданған. Мұнда ақын дүниетанымына зор ықпалын тигізген сопылық философияның əсері айқын аңғарылады. Иманды сенім емес таным тұрғысында талдау ислам философиясындағы дəстүр. Абай бұл жерде осы қағиданы тек қайталап қоймай, халық түсінігіне орай айта келіп, қазақтардың тұрмыстағы, харекетіндегі салғырттықтың дінінде де орын алып отырғанын көріп қынжылғандықтан туған ойларын ортаға салған.
Он үшінші сөзде: Иман деген не деген сауалға жауап беріледі. Абай бұл түсінікті өзінің төл мұсылмандық контексінде анықтап береді: «Иман деген — Алла Табарака уа тағаланың шəриксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына уа һəр неге бізге пайғамбарымыз салалаhү ғалайһи уəсəллəм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ» дей келіп: «Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен» [2; 147], — дейді.
Адамның сеніміне зорлық болмағаны лəзім. Яки иман келтіру үшін логикалық тəсілмен Алланың барлығын ақылмен жоққа шығара алуға шамаң жетсе, иман келтірудің еш қажеті жоқ. Ал, оған ақылың жетпесе, дəлелің болмаса, Аллаға сенгеннен басқа не бар. Міне, Абайдың иман туралы тұжырымы.