Байланысты: 1. Алаш скеріні рылуы, ызметі ж не Азамат со ысы кезіндегі
Қазақ баспасөзі және тарих Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «Өмірден өрбіген ойлар» атты проблемалық мақаласында ұлттық тарих мәселесі терең зерттеліп жазылды. Автор 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында Қожа Ахмет Иассауи мен Арыстанбаб бейітін қалпына келтіргенде, «Түркістанда хан сарайын қалпына келтіріп жатыр, Шәуілдірде мешіт тұрғызды деп байбалам салғысы келгендер болғандығын, ескі әуез аспаптары музейін ұйымдастырғанда «қазақта домбыра мен қобыздан басқа аспап жоқ, қалғандары бос сандырақ» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/ деп қасаң пікірлер айтылғанын, сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабаевтарды ақтау істерін жүргізгенде, «бұлар алашордашыларды да ақтап жатыр» деп айдар таққысы келгендігін, Наурыз мейрамын қайта өрбітуге күш салуда деген қызғаныштарын білдіргенін өкінішпен еске алады. Автор мақаласында тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, халық жадында қайта жаңғырту мәселесін қояды. «Жақында ғана біздің Қазақстан Абылай аспаған асудан асып, өз тәуелсіздігін жария етті. Іргелі ел болып, жан-жақты даму жолына түсуге мүмкіндік алды. Мұның өзі елім деп еңіреген Абылай секілді ерлердің арманы жүзеге аса бастады деген сөз» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/, – қаламгер өз ойын осылайша түйіндейді. Бұл мақаладан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ рухы толық көрініс тапқан. Көтерілген мәселелердің бәрі де нағыз ұлт жанашырының жүрегінен төгілген ақиқаттан туған. Жоғарыдағы мысалға келтірген Егемен Қазақстанның кезекті санында «Жырақтағы жәдігерлер Атажұртпен қашан қауышады?» атты Қали Сәрсенбайдың проблемалық-аналитикалық мақаласындағы ойлар бүгінгі таңда да өз мәнін жойған жоқ. «Түркістан» газетіндегі М.Мағауиннің «Қазақ ордасының құрылуы» /Түрк. 1995, 11 қазан/ туралы тарихи мақала, А.Сейдімбектің «Ұлттың ұлы мұраттары» /Түрк. 1996, 24 сәуір/ атты проблемалық мақалалары өзіндік қолданысын жоғалтпай, ұрпақтар тәрбиесіне ықпалы зор. Журналист Ақпанбет Әліштің «Тәуелсіздік талаптары» айдарымен берілген мақаласында «Ескерткіштер – ел еңсесі» екенін мойындар болсақ, күні біткен пролетариат көсемдерінің орнына қазақтың қамын жеген ұлдарының мүсіндерін, еліміздің елдігін танытатын ғажайып туындыларды орнататын мезгіл жетті», – деп пісіп-жетілген ұлттық мәселені ақпарат айдынына алып шығады. «Бізге қарағанда бұл мәселеде Манас пен манасшылардың алып монументін жасаған қырғыз бауырларымыз көш ілгері» /ЕҚ. 1992, 14, 16 мамыр/, – дей келіп, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бабаларымыздың мүсінін қояр күннің туғанына ел назарын аударады.Ұлттық тарих мәселесін зерделеуде «Қазақ әдебиеті» де айрықша қызмет атқарды. Газеттің бас мақаласында: «Ақ түйенің қарны жарылған күн!» деген мақала жазылды. Онда: «260 жылдан кейінгі азаттық. Басымызға ноқта киіп, аяғымызға арқан байланғалы 260 жыл болған екен. Бодандықтың бұйдасын о баста өзіміз тілеп алғанымызбен, «өз еркімен қосылған елдің» еңірегенде етегін жасқа толтырып, «тілеп алған аурудың емі жоқ» дегендей, елімізден де, жерімізден де айырылып қала жаздадық», деп мақала авторы ащы ақиқаты зәрлі сөзбен жазған.Әрине, тәуелсіздік алған жылдардағы ұлттық баспасөздің айдыны ерекше болғанын жоғарыда бірнеше мысал келтірген мақалалардың төңірегінен байқауға ғана болмайды. Бұл мәселелер ұлттық баспасөздің әрқашан жазуға жауыр болмайтын тақырыбы. Қорыта айтар болсақ, қазақ тарихындағы ұлы бабаларымызды даңқты ерлігі, олар жасаған ұлы тарих кезеңі әр қазақ баласының өз еліне, оның ұлы тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларына деген мақтаныш сезімін ұялатады. Сөз соңын Елбасының мына бір салихалы сөзімен аяқтасақ: «Біздің бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан байтақ даласын қорғап, төл мәдениетін сақтап, өмірді түйсіну мен танудың ерекше түрін бізге мұра етіп қалдырды. Бұл дала халқының бостандық сүйе білуі мен айбындылығы тарихтың қатал кезеңдерінде де жоғалтылмай, ата-бабаларымыз біз үшін сақтай алды».