93.Қазақстандағы " Қайта құру"саясаты.
ҚАЙТА ҚҰРУ САЯСАТЫ – 20 ғ-дың 80-жылдарының орта тұсында пайда болған саяси-экономикалық атау. КСРО-дағы әміршілдік жүйені реформалау мақсатында жүргізілді. 1970 – 80 ж. Кеңестік саяси-экономикалық жүйе тоқырауға ұшырады. Сондықтан Кеңес Одағында саяси-экономикалық реформалар жүргізу қажеттілігі пісіп жетілді. Осыған байланысты жаңа басшы М.С. Горбачев бастаған КОКП ОК 1985 ж. сәуір пленумында саяси жүйені реформалау қажет деп санап, қайта құру саясатын енгізді. Қайта құру саясаты КСРО-да, кейін басқа да социолистік даму жолына түскен елдерде үлкен өзгерістерге жол ашты (жариялылық, саяси плюрализм, “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталуы, т.б.). Бірақ, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе сақталған жағдайда, қоғамдық өмірді демократияландырудың мүмкін еместігін кейінгі оқиғалар көрсетіп берді. 1986 ж. Алматыда болған Желтоқсан оқиғасынан кейін Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте бірінен соң бірі баскөтерулер орын алды. 1989 – 90 ж. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері (ГДР, Польша, Чехословакия, Болгария, Венгрия, Румыния, т.б.) соц. даму жолынан бас тартып, нарықтық қатынастарға көшті. Қоғам өмірінің барлық салалары дағдарысқа ұшырады. Нәтижесінде 1991 ж. Кеңес Одағы тарап кетті. Қайта құру саясаты аяқталмай қалды.
95.Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация.
Қазақ КСР-нің "мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясы - 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған декларация. "Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы" Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Онда республиканың тең қүқылы шарт негізінде, егеменді республикалар одағына кіру ойынынан басқа, алғаш рет Қаз КСР-нің егеменділік құқығы жағдайы үшін принципті мемлекеттік-құқықтық ережелер: Одақтың шешуіне берген мәселелерді қоспағанда, Қаз КСР аумағында Республика Конституциясы мен заңдарының үстемдігі туралы, Одақтық Жоғарғы органдардың Қаз КСР-і Конституциясы мен егеменділік құқықтарын бұзатын заңдарының және басқа да актілерінің өз аумағында күшін жою құқы, Қазақ КСР-нің егемендігінің негізін құрайтын өзіндік меншігі, жер және оның қойнауы, су, ауа кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар - экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует туралы, республиканың қосқан үлесіне сай жалпы Одақтық мүліктен өз үлесіне құқы, соның ішінде алмаз, валюта қоры және алтын қорындағы үлесіне, халықаралық қатынастардың субъектісі болу, өз мүддесіне сай сыртқы саясатын анықтау туралы бекітілген. Сонымен қатар, Декларация алғаш рет билікті бөлу принципін паш етті. Декларацияға сай, заң шығару билігі Жоғарғы кеңеске берілді, Президент Республика басшысы болып, жоғарғы атқарушы билікті иеленді, ал сот билігі Жоғарғы Сотқа берілді; мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауға таптық тұрғыдан қараудан бас тартты; республика аумағында ядролық қаруды сынауды жүргізуге, қырып-жою қаруларының барлық түрі үшін сынақ полигондарының құрылысы мен қызметіне тыйым салды. Қазақстан қоғамының республикадағы демократиялық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта жаңарулары туралы негізгі идеяларды қамтыған Декларациядан Республиканың жаңа Конституциясын жасау басталды.
95.Д.А.Қонаевтың қызметі.1986жылғы Алматыда және республиканың басқа қалаларында болған желтоқсан оқиғасы.
Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (12 қаңтар 1912 жыл, Верный – 22 тамыз 1993 жыл, Алматы) — кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы.[1] Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1960–1962 және 1964–1986) және КОКП ОК саяси бюросының мүшесі (1971–1987) лауазымдарының иегері.
1956 жылдан бастап СОКП-ның Орталық Комитетінің мүшесі. Партияның XXIII-съезінде ол КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал XXIV-съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.
Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткерібола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.
Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.
Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.
Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82-жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады.
Тарихи маңызы:
Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
Достарыңызбен бөлісу: |