45) Жоламан Тіленшіұлының наразылық қозғалысы (1822-1824 жж.) 1822 жылы табын руының батыры әрі биі Жоламан Тіленшіұлы Ресейге қарсы соғыс жариялап, Елек өзені бойындағы жерлерді қайтарып алу жөніндегі күреске басшылық етті. Жоламан батыр бастаған қозғалыстың отаршылдыққа қарсы сипаты басым болды. Көтерілістің әр жерде шашыраңқы жүруі мен оған қатысушылар санының аздығы оның жеңіліске ұшырауына жеткізді. Солай бола тұрса да ол Кенесары Қасымұлы бастаған қуатты көтерілістің пісіп – жетілуіне елеулі ықпал етті. Қарулы күрестің негізгі себептерінің бірі патша үкіметінің Елек өзенінің бойында Жаңа Елек әскери бекіністер шебін тұрғызуы болып табылды. Елек тұз кәсіпшілігінің қатынас жолдарын қорғау желеуімен Жайық пен Елек арасындағы жерлер қазақтардан тартып алынды.
46) Жәңгір ханның ағартушылық саясаты Жәңгір ханның ағартушылық саясаты Ресей империясының саяси билігінің ықпалы арқылы жасалған жоқ. Дегенмен жаңа Еуропалық білім жүйесі Ресей арқылы келгені, бұл тарихи шындық. Осы білім жүйесін дамытуды Жәңгір хан Ресей империясы көмегімен жүзеге асырды. Бірақ, Ресей империясы отарлау саясатын жүргізгенімен жаңа Еуропалық білім жүйесін жалпы Қазақстанға, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында қалыптастыруға арналған арнайы ағартушылық саясаты болған жоқ.
47) Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіруі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қазақтарының Ресеймен сауда жəне саяси байланыста болуы Жетісу өлкесінің оның құрамына кіруіне алғышарттар дайындады. 1817 жылы сұлтан Сүйік Абылайханұлы қарамағындағы жалайыр руының 66 мың адамы қоныстанған аймақ Ресей құрамына алынды. 1825 жылы Жетісудың 50 мың адамдық Үйсін болысындағылар өз жерлерінде Ресейлік округті ашуға келісім берді.
48) Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың маңызы зор, ол Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихында өшпес із қалдырды, кейінгілердің азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресіне үлгі-өнеге әрі тарихи сабақ болды. Кенесарының күресі, оның өзінің халықтың мақсат-мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнері, ақылды саясаткер ретіндегі сирек кездесетін қасиеті XIX ғасырдың өзінде-ақ халық тарапынан қадірлеушілік туғызды. Патша өкіметі тұсында бұл қозғалыстың мүлде сөз болмауы, ал бола қойса, оны бұрмалап теріс түсіндіру себептері белгілі. Кеңес өкіметі түсында да бұл қозғалыс кертартпа, хандық-феодалдық мемлекетті көксеушілік деп теріс түсіндірілді. Оны тарихи шындық тұрғысынан дұрыс бағалаған ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс өзінің шын бағасына ие болды. Осы қозғалыстың басы-қасында болған Кенесары хан мен оның басқа да қаруластарының есімдері тарихтан лайықты орнын алуда