Объективтілік – бақылау функцияларын біржақты көзқарассыз жүргізу және бақылау объектісіндегі нақты жағдайға сәйкес тексерудің нәтижесін беру.
Икемділігі – жоспардың өзгеруіне қарамастан нәтижеге жету. Бұл қағида бақылау жүргізуші мамандарға сәйкес негіздеме болған жағдайда жоспарларға өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.
Үнемділігі – бақылауға қатысушылар санының аз болуы, бірақ олардың барлығының еңбекті ұйымдастырудың ғылыми әдістерімен таныстығы және аз шығындала отырып бақылау қызметінің тиімділігін мүмкіндігінше арттыру.
Жаппай қамтуы – бақылаудың шаурашылық механизмін толық, тұтастай қамтуы.
Кездейсоқтылығы – Бақылау объектісі болатын шаруашылық субъектілерімен бақылау жүргізу уақытын келіспестен бақылау шараларын жүзеге асыру. Бақылаудың барлық қызметтерін жүзеге асыру жоспарлары жарияланбайтын құпия ақпарат болып табылады.
Үздіксіздігі – Бақылау функцияларының жүйелі түрде жүзеге асырылуы өндіріс процестерінің үздіксіздігіне байланысты. Бақылау кезеңі өткендегі бақылау аяқталған кезеңнен басталады.
Әрекеттілігі – Бақылаудың қаржылық-шаруашылық қызметтің объектілеріне белсенді әсер етуі, оалрдағы кемшіліктер мен басқа да қолайсыз жағдайларды анықтап, бақыланатын ұйымдарда осы кемшіліктердің алдын алу.
Жоспарлылығы – Бақылау функцияларының, бақылау кезеңдерінің алдын-ала бақылау әрекеттерін дайындау барысында белгіленген жоспарларға сәйкес жүргізілуі.
Ғылымилығы- бақылауды жүзеге асыру барысында ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін пайдалану. Бақылау процесінде ең бастысы негізгі мақсатты анықтап алу, одан кейін соған сәйкес резервтерді қолдану жөнінде ғылыми негізі бар ұсыныстар жасау.
Жариялылығы – бақылау объектісі ретінде қызығушылық танытқан лауазымды адамдар мен барлық мамандарды және бақылау субъектілерін жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері жөнінде уақыттылы хабарландыру.
Көпшілікке арналуы – бақылауды жүзеге асырудың белгілі-бір деңгейінде барлық мамандардың, сырттан тартылған адамдардың қатыстырылуы.
Ұйымдық нысандары бойынша (өткізу субъектілері бойынша) қаржылық бақылау:
- мемлекеттік;
- ведомстволық (ішкі ведомостволық)
- ведомостводан тыс;
- аудиторлық;
- ішкі шаруашылық болып бөлінеді.
Мемлекеттік бақылауды көбінесе мемлекеттік бақылау және басқару органдары, сондай-ақ заң шығарушы билік органдары жүзеге асырады.
Ведомстволық бақылауды министрліктер, комитеттер, департаменттер мен басқа да мемлекеттік басқару органдары өздеріне бағынысты (бірлестіктердің), ұйымдар мен мекемелердің қызметіне жүргізеді. Әдетте, мұндай бақылау ревизиялар мен тақырыптық тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Ведомстводан тыс бақылауды, мысалы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банктік бақылау департементі екінші деңгейдегі банктерге қатысты жүргізеді. Аудит те ведомстводан тыс бақылаудың бір түрін, нысанын білдіреді, бірақ, ол сонымен бірге тәуелсіз бақылау болып табылады.
Ұйымдардың (фирмалардың) аудиторлық бақылауын аудиторлық фирмалар жүзеге асырады.
Фирмалардың, цехтардың, учаскелердің, бригадалардың, бөлімдердің, қызметтердің және басқа да ішкі шаруашылық құрылымдарына ішкі шаруашылық бақылауды ұйымның басшылары, мамандар, штаттық бақылаушы –ревизорлар (аудиторлар) жүргізеді.
Құжаттық бақылаудың негізгі тәсілдерінің арасынан мыналарды бөліп көрсеткен жөн: құжаттарды тұрпаттық, арифметикалық, заңдық және логикалық тексеру; тегістей және тегістей емес тексеру, қарсы тексеру, кері есептеу амалы, бухгалтерлік есеп шоттарының корреспонденциясының деректері бойынша шаруашылық операцияларының заңдылығын тексеру, есепті қалпына келтіру.
Тұрпаттық тексеру кезінде деректемелердің толықтай және дұрыс толтырылуы анықталады, сондай-ақ ескертілмеген түзетулердің, тазартулардың, қосып жазулардың бар-жоқтығы, лауазымды адамдардың қолтаңбаларының шынайлығы тексеріледі.Тұрпаттық тексеру кезінде барлық құжаттар сапасы жақсы және сапасы төмен болып бөлінеді.
Сапасы төмен (жасанды) құжатта тазарту, қосып жазу, еріту, қолдарды техникалық жасау белгілері бар (оларды жасау қылмыстық іс болып саналады).
Арифметикалық тексеру кезінде сандарды қосу кезінде жіберілген қателіктердің бар-жоғын,кассалық есептердегі,жалақы мен төлем ведомостеріндегі жиынтықтардың негізділігі және т.б. анықталады.
Заңдық тексеру кезінде құжаттарда көрсетілген операциялардың қолданыстағы заңдарға сәйкестігі мен олардың экономикалық мақсаттылығы анықталады.
Логикалық тексеру өндірістік және қаржылық көрсеткіштер арасындағы логикалық байланыстары ашу арқылы қаражаттарды біркелкі жұмсалмауын анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тегістей тексеруге кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің тәртіп бұзушылық немесе қылмыс болуы ықтимал учаскелері тартылады. Бұл ретте барлық құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімдеріндегі жазулар тексеріледі.
Тегістей емес тексеру жалпылама сипаттағы шаруашылық операциялары бойынша жүзеге асырылады. Неғұрлым жиі кездесетін 2 нұсқасы: тексерілетін кезеңнің бүкіл айлары үшін құжаттардың бір бөлігін тексеру; бірнеше ай үшін аталған құжат түрлерінің барлығын тексеру.
Егер тегістей емес тексеру кезінде елеулі тәртіп бұзушылықтар немесе қылмыстар анықталса, онда аталған учаскені тексеру тегістей тәсілмен жүргізіледі.
Бақылаудың таңдаулы тесілі зерттелетін құбылыстардың шағын бөліктерін зерттеу арқылы оның жиынтығы туралы шынайы жалпылама көрсеткіштерді алуға мүмкіндік береді. Мұнда шынайы деректерді алудың айнымас шарты материалдық статистика курсынан белгілі формулаларға және іріктеменің ғылыми теория ережелеріне сәйкес қажетті байқаулардың санын дұрыс анықтау болып табылады.
Таңдаулы зерттеу 4 сатыдан тұрады: іріктемені жоспарлау,тестілеуге арналған объектілерді таңдау, объектілерді тексеру, тестілеу нәтижелерін бағалау.
Қарсы тексеру тексерілетін кәсіпорынның бастапқы құжаттарын немесе есептік жазуларын клиент-кәсіпорын шаруашылық байланыста болған кәсіпорындар мен ұйымдардағы жоғарыдағыдай немесе сонымен байланысты деректерді салыстыруды білдіреді (мысалы,кассалық кіріс ордерлерінің деректерін банк көшірмелерінің деректерімен салыстырылады, ұрлықтар ашылады).
Кері есептеу тәсілі есептен шығарылуға тиіс шикізаттардың мөлшерін анықтау (кері есептеу)мақсатымен материалдық шығындарды алдын ала сараптамалық бағалаумен түсіндіріледі. Бұл тәсілмен өндірістік шығындарға артығымен жатқызылған материалдардың саны мен құны анықталады.
Есепті қалпына келтіру-бұл есепте қателіктерді түзетудің тәсілі. Ең қарапайымы-корректорлық тәсіл-қатерлік тек тіркелімде жіберілген (сызып тастау және дұрыс мәтінді сызылғанның үстінен жазу, түзетуге бас бухгалтер қол қояды).
Қосымша жазба-есептік тіркелімдерде шоттар корреспонденциясы дұрыс көрсетілген,бірақ операция сомасы кем көрсетілген жағдай. Сол шоттар корреспонденциясымен қосымша жазбалар жасалады.
Қызыл сторно-қызыл сиямен жаңа жазба жасалады,қате жазбаның мәтіні қайталанады. Содан кейін жай сиямен дұрыс шоттар корреспонденциясымен жазба жасалады. Айналымдарды есептен шығарған кезде қызыл сиямен жазылған сомалардың барлығы шегеріліп,қате жазу өтеледі.
Ішкі бақылау деп серіктестіктің директорлар кеңесі, басшылығы және басқа мамандары жүзеге асыратын процесті айтамыз. Ішкі бақылау жүйесі келесі міндеттерді дұрыс шешу мақсатында қалыптастырылады:
қаржылық есептіліктің шынайылығы;
сәйкес заңдар мен нормативтік актілердің сақталуы;
операциялардың тиімділігі мен ұтымдылығы.
Ішкі бақылау бірнеше әрекеттер жиынтығын құрайтын ұйымның инфрақұрылымымен біріктірілген процес болып табылады. Ішкі бақылау ұйымның әрбір деңгейінде жеке адамдармен жүргізіледі. Ішкі бақылау жүйесінің жұмысы жазбаша бұйрық арқылы анықталған және өзіндік саясат болып табылады. Мұндай бақылаудың шектеулері болғандықтан маңызы жағынан төмен дәрежеде болуы мүмкін. Ішкі бақылау жүйесін қалыптастырмас бұрын сол жүйені қалыптастыруға кететін шығындар мен алынатын пайданың өзара қатынасын зерттеген жөн.
Ішкі бақылау жүйесіне келесідей шектеулер қойылады:
шығындар мен пайданың арақатынасы;
күнделікті көпшілік операцияларына бағытталуы;
адамзат факторы;
келісіп алудың орын алуы;
бақылау жүйесіне көңіл бөлмеу;
бақылау процедуралары мен жалпы саясаттың ескіруі.
Ішкі бақылау жүйесінің келесідей компоненттерін ажыратамыз.[23]
1. Бақылау ортасы. Бақылау ортасы осы ортаға қатысы бар қызметкерлер мен жұмысшылар үшін бақылау жүйесін сезінуге мүмкіндік береді, басқа бақылау жүйелеріне негіз болады. Бақылау ортасына әсер ететін негізгі факторлар келесілер: адалдық және этикалық нормалар, кәсіби құзіреттілік, директорлар кеңесі және аудиторлық комитет, басшылық философиясы мен операциялық цикл, ұйымдық құрылым, қызметкерлерге өкілеттіктердің берілуі және жауапкершіліктері, адам ресурстарын басқарудың саясаты және қалыптасқан тәжірибесі.
2. Тәуекелді бағалау. Қаржылық есептілікті стандарттарға сәйкес шынайы құрастыру мақсатында тәуекелді анықтау және бағалау, басқару мүмкіндігін сипаттайды. Тәуекелді бағалау процесінде келесі факторларға көңіл бөлуіміз қажет:
-қаржылық есептіліктің нақты тұжырымдамалары, қаржылық мәліметтерді жинақта, қорытынды өңдеу және пайдалануға ұсыну мен сәйкес тәуекелдің өзара байланысын қарастыру;
- ішкі және сыртқы жағдайлар мен оқиғалар;
- нақты болған жағдайларды арнайы қарау.
3. Ақпарат және ақпаратты хабарлау. Ақпараттық жүйе жалпы бухгалтерлік есеп жүйесін қамтиды, серіктестіктің операциялары жөнінде ақпаратты жинап, жіктеп, талдап, есепке алуға және пайдаланушыларға ұсынуға мүмкіндік беретін әдістер мен жазбалар жиынтығын құрайды. Ақпараттық жүйе активтер, капитал мен міндеттемелер жөніндегі ақпаратты қаржылық есептілік нысандарында жинақтап көрсетеді. Бұл ішкі бақылау жүйесінің жекелеген міндеттері мен мақсаттарын түсінуге мүмкіндік береді.
Ақпараттық жүйеде бухгалтерлік есеп жүйесіне ерекше назар аударуымыз қажет. Себебі, тиімді бухгалтерлік есеп жүйесі серіктестіктің басшылығының қаржылық есептілікті құрасытру тұжырымдамаларының бұрмалануына жол бермейді. Жүйе толық көлемде жүзеге асырылуға тиіс. Жүйеде арнайы жазбаша нұсқаулар, саясаттар және басқалары қолданылады.
4. Бақылау қызметі. Ұйымның әртүрлі құрылымдық деңгейлерінде басшылық нұсқауларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін саясаттар мен процедуралар жиынтығынан тұрады. Әр деңгейдегі мақсат пен міндеттер әртүрлі болуы мүмкін. Ақпаратты өңдеудің келесідей бақылау құралдары қолданылады: жалпы бақылау құралдары, қолданбалы бақылау құралдары, авторларды тексеру, құжаттар мен есептік жазбаларды тексеру, тәуелсіз тексерулер. Осы бақылау қызметін жүзеге асырған кезде алдымен міндеттемелердің дұрыс бөлінуін, физикалық нақты бақылау құралдарын қолдану мүмкіндігін, шолуды жүзеге асыру мүмкіндігін бағалау қажет.
5. Мониторинг. Уақыт өткен сайын арнайы мамандардың ішкі бақылау жүйесінің қызмет атқаруының сапасын бағалауы. Мұнда ішкі бақылау жүйесінің құрылымын, бастапқыдағы талаптарға сәйкестігін, өзгерістерге икемдлігін тексереді. Мониторингті жүзеге асыру ішкі бақылау жүйесінің үздіксіз қызмет атқаруын, нмесе жекелеген кезеңдерді бағалау арқылы жүргізіледі. Мониторингке ішкі ұйымдық көздер, басшы қызметкерлер, ішкі аудиторлар да қатыса алады. Сыртқы пайдаланушыларды, оның ішінде сатып алушыларды, жабдықтаушыларды, реттеуші органдарды, сыртқы аудиторларды қатыстыру мүмкіндігі де бар.
Баспа өнімінің сапасын басқару ұйым үшін маңызды мәселе болып танылады. Баспа өнімінің сапасын арттыру шығарылатын басылымдардың тұтынушылық қасиеттер жақсартуға және кітап нарығындағы бәсекелестігін көтеруге мүмкіндік береді. Тұтынушылық қасиеттерін жақсарту көптеген іс-әрекеттер жиынтығынан тұрады. Бұған кітаптың баспалық-полиграфиялық нысаны, түптелген түрі, мұқабасы, қағаздың сапасы, теру әдісі, суретті-көрнекілігі, тағы басқалары және кітапты редакциялық-баспалық дайындау ерекшеліктері жатады. Қандай-да болмасын бір белгісіне тұтынушының берген бағасы оқырманның мәдени-әлеуметтік ортасына қатысты анықталады. Баспа ұйымның өз өнімінің сапасы әсері жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Сапаны басқару деп сапаға қатысты талаптарды орындауда қолданылатын оперативтік сипаттағы әдістер мен қызмет түрлерін айтамыз. Сапаны жақсартумен байланысты шаралардың ерекшелігі ол осы баспадағы бірнеше бағыттардағы қызметтердің тиімділігін арттырумен қатар жүргізіледі. Олардың ішінде, жоспарлау жүйесін жетілдіру, жаңа техника мен технологияны енгізу, еңбек өнімділігінің өсу қарқынын жеделдету, белсенді жарнама-маркетингтік қызметті жүргізу.
Кеңес үкіметі кезеңінде баспа өнімдерінің сапасын арттыру орталықтандырылған түрде, сапаны басқарудың кешенді жүйесіне бағынышты түрде жүзеге асырылатын. Сапаны арттыру баспа ұйымының жоспарланған шараларының бір бөлігі болатын және келесі сұрақтарды қамтитын:
1. баспа өнімін дайындап жасау мерзімін қысқарту, жаңа өнім түрлерін игеру, өнімнің техникалық деңгейі мен сапасын арттыру.
2. ұйымның өндіріс қорларын, қаржылық, еңбек және материалдық ресурстарды тиімді қолдануы арқылы өндірістің тиімділігін арттыру.
Өнім сапасын басқару жүйесінде кеңес үкіметі нормативтік құжаттардың қабылдануы үлкен орын алды. Баспа ісі стандарттары, өндіріс қызметкерлерінің аттестациялануы,мамандардың біліктілігін көтеруге көп көңіл бөлінді. Сапаны басқару жүйесінің қолданыстағы баспа ішіндегі еңбектің сапасын бағалау стандарттары ерекше маңызға ие болды.
Соңғы кездерде ISO нормативтік құжаттарына негізделген фирма ішіндегі қадағалау жүйесін қалыптастыру жүзеге асырылуда. 1987 жылы қабылданған ISO 9000 стандартының ерекшелігі сапаны бағалау критерилерін жаңартпағанымен, ұйым ішінде тиімді өзін-өзі бақылау жүйесін қалыптастыруды ұсынады. ISO стандарттары сапаны басқарудың келесідей талаптарын ұсынады:
- Басшылықтың жауапкершілігі (сапаға қатысты саясат, сапаны қамтамасыз ету жүйесін бақылауды ұйымдастыру және бақылауды жүзеге асыру);
- Сапаны қамтамасыз ету жүйесінің бар болуы;
- Келісім-шартқа негізделген қызметті қадағалау;
- Жобалауды басқару (өндірістік жалпы ережелер, өндірісті жоспарлау және дамыту, жобалаудың алғышарттары, өзгерістер);
- Өндірістік үрдісті басқару (жалпы ережелер, арнайы үрдістер);
- Бақылау сынамаларын жүргізу (келіп түскен кездегі сынау, аралық бақылаулар, құжаттау);
Менеджмент теориясы бойынша ұйымдық-өндірістік бақылаудың үш түрі бар:
1. Алдын-ала бақылау. Бұл нақты жұмыс басталғанға дейін жүргізіледі. Ұйымдарда алғашқы бақылау еңбек реустарына қатысты (мамандардың іскерлік және кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін талдау арқылы ұйымның нақты міндеттерін жүзеге асыру мүмкіндігін бағалайды), материалдық ресурстарға қатысты (шикізаттың сапасын бақылау) және қаржылық ресурстарға қатысты (қанша және қандай қаражаттың қажеттігін бағалау мақсатында) жүргізіледі.
Алдын-ала бақылау үрдісінде әртүрлі кезеңдердегі стандарттардан ауытқуларды анықтауға болады. Алдын-ала бақылаудың өз кезегінде диагностикалық және терапевттік бақылау деген түрлері бар.
2. Ағымдағы бақылау. Бұл белгілі-бір жұмыстарды жасау барысында басшының қол астындағыларының әрекеттерін бақылауы арқылы жүзеге асырылады және көзделген жоспардан ауытқуды анықтауға мүмкіндік береді. Ағымдағы бақылауды жүзеге асыру үшін басқару аппаратына кері байланыс қажет. Бұл кезде кері байланыс жұмысты атқару барысында жүзеге асрырылады.
3. Соңғы бақылау. Нақты жұмыстар мен тапсырмалар орындалып болғаннан кейін жүргізіледі. Оның мақсаты болашақта қатенің орын алуына жол бермеу. Соңғы бақылауда кері байланыс жұмыстар орындалып болғаннан кейін қолданылады.
Баспа ұйымының өнім сапасын басқарудағы негізгі міндеті сапаны бақылаудың ішкі жүйесін қалыптастыру болып табылады. Ішкі бақылау жүйесінде кем дегенде үш бақылау деңгейі болғаны жөн:
- қабылдау бақылауы, яғни, авторлық шығармалардың түпнұсқаларын рәсімдеудің техникалық талаптарының орындалуын бақылау;
- операциялық бақылау – авторлық түпнұсқаны өңдеу және түпнұсқалық-макетті жасау процедураларының орындалуын бақылау;
- технологиялық үрдістің тұрақытылығын бақылау және кейбір кітаптардың нысандарының редакциялық-баспа үрдісіндегі берілген сапа параметрлерінен ауытқуын анықтау.
Авторлық шығармалардың түпнұсқаларын қабылдау барысында бақылау баспа ұымындағы сапаны басқару жүйесіндегі маңзы зор. Қабылдаудағы бақылаудың негізгі міндеті қабылданатын нұсқаның 29.115-88 «Авторлық түпнұсқалар және тексттік басылымдар.Жалпы техникалық талаптар» стандартының талаптарына сәйкестігін тексеру болып табылады.
Қабылдаудағы бақылау авторлық түпнұсқалардың жинақтылығын, сыртқы бетінің дұрыс рәсімделуін, беттер санының қойылғандығын, түпнұсқаның тексттік бөлімін тексереді. Осы бақылаудың тағы бір бағыты авторлық түпнұсқаның тексттік бөлігі мен суреттерінің электрондық форматының баспа талатарына сәйкестігін тексеру болып табылады. Қабылдау барысындағы түпнұсқаны мұқият тексермеу қалыптасқан редакциялық-баспалық үрдістер технологиясының өзгерісіне және уақытты жоғалтуға әкеледі.
Операциялық бақылау баспа өнімінің сапасын бақылау жүйесінің басты бөлігі деп танылады. Бұл бақылау редакциялық-баспалық үрдістің негізгі қызметкерлерінің, яғни, редакторлардың, түзетушілердің, техникалық және көркемдәік редакторлардың жұмыстарын қадағалау арқылы жүзеге асырылады.Басылымды дайындаудың әр кезеңіне жеке бақылаушы белгіленеді.
Авторлық түпнұсқамен жұмыстың сапасын редактордың өзі, редакция меңгерушісі, бас редактор тексереді. Әсіресе, авторлық шығарманы қайта жөндеу жолдарына қатысты редакторлық ұсыныстар мен келтірілген тұжырымдарға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Ұсынылған авторлық түпнұсқаның сапасын реактор, редакция меңгерушісі, өндірістік бөлімнің технологы бағалайды. Түпнұсқалық-үлгінің нақты полграфиялық қайталануына мүмкіндік беретін текстінің терілу сапасы ерекше тексеріледі. Өңдеуден өткізілген авторлық түпнұсқаның үлгісін көркемдік бөлім редакторы тексереді.
Технологиялық үрдістің тұрақытылығн қадағалаудың басты мақсаты өндіріс үрдісінің техникалық сипаттамаларының қолданыстағы талаптарға сәйкестігін бағалау мен техникалық кемшіліктерін анықтау болып табылады. Осы орайда тексттік материалдың техникалық сипаттамаларына сәйкестігін тексеру ішінара жүзеге асырылады.
Баспа өнімінің сапасын басқару бір реттік бақылау арқылы жүзеге асырылмайды. Өнім сапасын арттыру үшін жалпы редакциялық-баспалық үрдісті жетілдіруді, басылым түпнұсқаларын дайындау әдістемесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізуді талап етеді. Осы мақсатта редактор еңбегінің мамандандырылуы басылымды дайындауды басқару мен жетілдірудің негізгі шарты деп саналады.
Баспа өнімінің сапасын арттырудың басты жолдарын келесідей деп көрсетуге болады:
- оқулықтар мен оқу құралдарының көлемін реттеу, екінші дәределі материалдарды қысқарту, қайталануға жол бермеу, текст пен суреттің өзара байланысын орнату;
- кітаптың көркемделуінің деңгейін көтеру және бір ретке келтіру, сыртқы және ішкі рәсімдеудің типтік үлгісін жасау, форматтардың шектеулі нұсқаларын қолдану.
Баспа өнімдерінің рәсімделуін бірегейлендіру, баспа өнімінің мазмұнын бағалаудың нақты критерийлерін жасау бүгінгі күнгі баспалардың негізгі перспективалық мақсаттарының бірі болып табылады. Баспа өнімдерін рәсімдеудің бірегейлілігі, яғни, бірдей форматтың болуы, мұқабасының бір типте безендірілуі, көркемдік-техникалық талаптардың бірегейлілігі қазіргі баспаларда кеңінен қолданылады және кітапты тарату маркетингінің негізгі мақсаты болып отыр. Кітаптың мазмұнын бағалаудың нақты критерийлерін анықтау, әсіресе, ғылыми және оқу кітаптарының мазмұнын бағалау – олардың сапасын арттырудың бірден-бір жолы болып табылады.