82.Бай шаруашылықтарының тәркіленуі және оның саяси-экономикалық салдарлары.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру — КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы.
Ұсақ тауарлы шаруашылықтарды кооперациялау идеясын ғыл. коммунизмнің негізін қалаушылар Карл Маркс, Ф.Энгельс ұсынған болатын. Қазан төңкерісінен (1917) кейін құрылған Кеңес империясының экономикалық даму жолын таңдау мәселесінде үкімет пен партия басшылары екі топқа бөлінді. Олардың алғашқысы — Бухарин тобы (Н.И. Бухарин, А.Н. Рыков, М.П. Томский) экономикалық жүйеде әлі де көп жылдар нарықтық қатынас түрі шешуші тетік болып қала береді деп санады. Екінші топты нағыз сталиншілдер: В.В. Куйбышев, В.М. Молотов, А.А. Андреев, Л.М. Каганович, С.М. Киров, А.И. Микоян, Г.К. Орджоникидзе және т.б., бел алып келе жатқан тоталитарлық тәртіп басшылары құрады. Бұлар берік сенімге және күштеуге сүйену жолымен күрделі экономикалық мәселелерді партиялық-мемлекеттік жүйе шеше алады деген көзқарасты ұстанды және “жарқын болашаққа” жету үшін едәуір құрбандықтардың болуын орынды санады. Алғашқы бухариндік балама жолды кейде толық, кейде ішінара сол кезеңнің ірі экономистері Н.Д. Кондратьев, Н.П. Макаров, В.В. Новожилов, А.В. Чаянов, Л.Н. Юрьевский және т.б. қолдады. Қазақ ұлттық интеллигенциясының көрнекті өкілдері Ә.Н. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Қазақстандағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын халықтың эволюциялық дамуын сақтауды жақтады.
83.Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарын отырықшы өмірге күштеп көшіру.
Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру – Кеңестік жүйенің қазақ қоғамын дәстүрлі даму жолынан тайдыру үшін жүзеге асырған саяси-шаруашылықтың шаралары. Алғашқы жылдардан бастап-ақ Қазақ өлкесінің табиғи-климаттық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере қоймаған кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе 20-жылдардың ортасына қарай көшпелі қазақ шаруаларының отырықшыландыру мәселесіне назар аудара бастады. Бүкілресейлік ОАК пен РКФСР ХКК 1924 жылы 17 сәуірдегі ережесі бүкіл елде шаруалар қожалықтарын күшпен ұжымдастыру науқанына ықпал жасады. Жаңадан құрылатын колхоздар көшпелі және жартылай көшпелі бола алмайтын еді. Оның үстіне бүкіл одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарының 80 %- ға жуығы осы қазақ жерінде болатын. Мемлекеттік жоспарлау бойынша Қазақстандағы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар сандары 706 мыңды, жұмыс істеуші 7 млн-нан астам адам құрады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюросы 1929 жылы 6-қарашадағы мәжілісінде 1929 – 1930 жылдар, яғни отырықшыландырудың алғашқы жылында, осы шарамен кем дегенде барлық қожалықтардың 12 %-ын қамтуды ( 84000-нан астам) жергілікті органдарға міндеттеді. Қаулыда көшпелі тұрмыстың «социалистік құрылыспен үйлесе алмайтындығы» тағы да атап көрсетілді. Өлкелік партия комитетінің 1930 жылы 19 –қаңтардағы қаулысы бұл жұмысты жаппай ұжымдастыру негізінде күшейте түсу қажеттігіне баса назар аударды.
Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру туралы мәселе Қазақ АКСР ОАК-нің 1930 жылы қаңтарда болып өткен 2-сессиясында жан-жақты әңгіме болып, онда «Қазақ халқын отырықшыландыру жолдары туралы» арнайы қаулы қабылданды. Онда қабылданған шешімдері орындау үшін Қазақ АКСР ХКК-нің жанынан Отырықшыландыру жөнінде тұрақты комитет құрылды. 1930 жылға арналған отырықшыландыру аудандарын анықтау туралы мәселе осы комитеттің ақпанда болған мәжілісінде арнайы қаралды. Бірінші бесжылдықта 380 мың қазақтың көшеплі және жартылай көшпелі қожалықтарын отырықшыландыру көзделді. Алайда, шын мәнінде, осы кезеңде нақты отырықшыланғандар 70,5 мың ғана қожалық болып шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |