77.1921-1922 жж. Қазақстандағы ашаршылық.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады.
Етек алған ашаршылыққа байланысты РК(б)П Орталық Комитеті 1921жылғы 17 шілдеде партияның барлық мүшелеріне арнайы үндеу жолдады. «Ашаршылық, — делінді үндеуде, — тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі денгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанынын да салдары».[1]. Партия құжаттарында көрсетілген себептермен бірге, жаппай ашаршылық Кеңес өкіметі қатаң жүргізген, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады.
Қазақстанның көпшілік аудандары етек жайған ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында себілген астық қатты құрғақшылықтан шықпай қалды, шыққандары жазғы ыстықта қурап калды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстар да зардап шекті. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді.
78.Қазақ зиялыларының ашаршылыққа қарсы күресі.
Қазақстанда болған ашаршылық қазақ зиялыларын бей-жай қалдырған жоқ. Аштық басталмай жатып олар мерзімді баспасөз арқылы дабыл қаққан. Қазақстанда ашаршылыққа ұшыраған губернияларға көмек қолын созғандардың арасында ұлттың білімді, білікті, патша үкіметі тұсында да, кеңестік жүйеде де үкімет қызметінде болған қазақ зиялылары болды. Бұлардың арасында оқу-ағарту, баспасөз саласында қызмет еткен бұрынғы алашорда қозғалысының мүшелері де белсенділік танытты. Аштықтың нышаны білінген 1920 жылдың күзінен бастап олар дабыл қағып, алда келе жатқан нәубеттің алдын алу керектігін баспасөз арқылы жеткізді. Осы жылдың 27 қазанында болған Қазақ ОАК-ті Президиумының мәжілісінде қазақтың алдыңғы қатарлы зиялылары ашыққандарға көмек көрсету жөнінде Төтенше комиссия құрды [138, 54-б.].
Комиссияның шешімімен ашаршылыққа ұшыраған Торғай, Орал, Қостанай, Орынбор аймақтарына көмек ұйымдастыру үшін М. Әуезов пен Ә. Досов Семейге, А. Кенжин мен Төлепов Ақмолаға, С. Сәдуақасов Қосатанайға жіберіліп, олар барған жерлерінде елге азық-түлік, мал жинады, кооперативтер, несие алу мәселелерін ұйымдастырды.
Қазақ ұлт зиялыларының арасында аштық мәселесін алғашқы болып баспасөз арқылы көтерген, барлық зиялы қауымды бірлесе осы нәубетке қарсы күресуге шақырған азаматтың бірі – Міржақып Дулатов. Оның есімі қазақ жұрты арасында сонау ХХ ғасырдың басында танымал болған. Қазақтың жері, тілі, діні, ділі жолында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған зиялыларымен бірлесе күрес жолына түсіп, патша өкіметі тұсында да, большевиктік билік кезінде де осы мәселердің қазақ пайдасына қарай шешілуін көкседі. Міржақып Дулатов 1921 жылы басталған аштықтың халыққа әкелер зардабын алдын ала сезді. Сондықтан Міржақып Дулатов та жұттан сақтанудың бірнеше жолдарын ұсынады. Ол қазақ шаруасының екі түрлілігін: 1) бірыңғай мал өсіру, 2) мал өсірумен қатар егін кәсібі екендігін атай отырып, жұтты болдырмау үшін не істеу керектігін ашып көрсетпекке тырысады. М. Дулатовтың пікірінше, бұрынғыдай малдың санын көбейтуді мақсат, мақтан қылуды доғару керек. Малдың бір-ақ күнде қырылуы қазаққа бұрыннан белгілі болғандықтан, мал санын кемітіп, алты ай қыс жеп шығуына жетерлік пішен қол орақты қойып, бірлесе шөп машинасын сатып алу қажеттігін атайды. Шаруалар жекелене әрекет етпей, одаққа бірігудің аса тиімділігін дәлелдейді.
Қазақ малы санының жылдан-жылға азаюының басты себептеріне тұқым араластырмау, жылқы малын жастай мініп, өскен соң да арқасын босатпай, жасытып тастау, қыста көтерем шығуын айтады. Егін салумен айналысатын қазақ шаруалары да егіс алқабын дұрыс пайдаланбай, «ішермендік» астық алғандарына мәз болуын жалқаулыққа теңеді. Егін салып, жақсы өнім алу үшін «соқа-сайманын түзеп, кедейлер бірігіп, одақтасып, «ішермендік» қана емес, тұқым, қор алып қалып, сонан артылғанын ғана керегіне жұмсарлық, шаруашылығын түзетерлік күйге жетуге қам қылу керек» дейді. Сонда ғана ашаршылықтан аман қалуға болатындығын түсіндіреді. М. Дулатов жұттан сақтау үшін ауыл шаруашылығында арық қазу, су бөгеу, құм бөгеу сияқты жұмыстарды атқарудың пайдалылығын да атап өтеді
Достарыңызбен бөлісу: |