Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Нарықтақ экономиканың Бірінші кезені шағын жекешелендіруден басталдық Алғашқы кезеңнің барысында 1991-1992 жылдары 5000-ға жуық нысандар жекешелендірілді, олардың катарында ұжымдық меншікке берілгендердің саны 470-тен астам болды. Екінші кезең «Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған ,Ұлттық бағдарламасы» негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Үшінші кезең 1995 жылғы желтоқсанда заң күші бар «Жекешелендіру туралы» Жарлықтан басталып, 1999 жылға дейін жалғасты. Осы сәттен бастап ол тек ақша қаражатында жүзеге асырылды. Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, әдіс-тәсілдері де толық анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. «Жапондық», «Немістік» тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қоры ұсынған «есеңгіретіп емдеу» деп аталатын жолына түсті, Ресейдің соңынан ерді.Үшіншіден, экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанда кажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы калыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты (инфляция).Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай калды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмады. Бесіншіден, Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын катаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары процентпен сатып, пайда табумен әуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейді. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жүргізуде, экономиканы дамытуда өздерінің зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді. Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы — бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылату керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті.