Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қалиев Б. Жылқыбаева А. Сөз мағыналарының негіздері. –Алматы, 2002.
2. Барлыбаев Р. Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. –Алматы, 1968.
3. Сабыр М. Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІҮ ғасыр жазба ескерткіштері негізінде). –Алматы, 2004.
4. Новиков Л.А. Семантика русского языка. –Москва: «Высшая школа», 1982.
5. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. –Алматы, 2003.
6. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология. – Павлодар, 2007.
Тақырып бойынша орындалатын тапсырмалар:
1. Сөз және мағына. Сөз мағынасының түрлері. Қазақ тіл білімінде сөз мағынасының зерттелу жайы.
2. Барлыбаев Р. Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы (презентация).
3. БАҚ тілінен, әдеби тілден сөздің мағыналық аясының кеңеюі мен тарылуына байланысты мысалдар теріп жазып келу. Сөз мағынасы дамуындағы өзгерістерді түсіндіру.
4. Сөз мағынасының ауысуы: метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсіл; қызмет бірлігі бойынша ауысу тәсілі.
5. Сөздің көпмағыналылығы және олардың жасалу жолдары. Тезис жазу, тілдік фактілер арқылы дәйектеу.
6. Сөз мағынасының кеңеюі. Бет, шымылдық, парыз, желі, дәулет, құрылыс, күрес, жарыс сөздерінің мағынасының кеңеюін дәлелдеп, мысал жазыңыздар.
Шымылдық:
1. Төсек тұсын жауып қоятын матадан тігілген қалқан. Мысалы: Шағи шымылдық суылдап әлдекім төсектен түскендей болды да, қыңқылдап жатқан балаларға беттегені көлеңдеді (О.Бөкей).
2. Театр сахнасын жауып қоятын матадан тігілген қалқан.
3. Шымылдығың желбіреп тұр ма? (диал.) – «қайда асығасың?» деген мағынаны білдіреді.
4. Шымылдық байлар (этнографиялық атау) – құда-құдағилардан алынатын кәде.
7. Сөз мағынасының тарылуы. Төменде берілген сөздердің мағыналарының дерексіздіктен деректіге, жалпылықтан нақтылыққа өту процесін сипаттап жазыңыз: тон, киік, тары, жылқы, алды, арты, асты, өйткені, сөйткені, таман, туралы, соң.
8. Сөздерді ауыспалы мағынада қолданып тіркес жасаңдар: ауыр, қиын, ыстық, дастарқан, жүрек, қисық, теріс, құлақ, терең, таяз, жуан, сұйық, мұз.
9. Берілген мәтіннен метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсіл арқылы алынған ауыспалы мағынаны тауып, оларға үлгі бойынша талдау жасаңыз:
а) Жыласуға көз жақсы, сыйласуға жат жақсы. Көз – синекдохалық қолданыс. Бүтіннің бөлшегі ретінде «туған-туыс, жақын» деген мағынаны білдіреді.
ә) Тынымсыз жүрек таңғы тәтті ұйқыны Рысқұловтан тартып алды. Мәселенің төркіні әріде жатыр.
Мұндағы тынымсыз жүрек, тәтті ұйқы, мәселенің төркіні – метафоралық қолданыстар.
Тынымсыз жүрек – қимыл ұқсастығына негізделген окказионалды метафора.
Тәтті ұйқы – сапа ұқсастығына негізделген поэтикалық метафора.
Мәселенің төркіні – тілдік метафора (туынды мағына)
Әппақ нұрмен шомылтып айналаны, Ақ сәулемен айдынның ойнағы (М.Мақатаев). Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр, Ыза қысып, тісімді байлаулымын; Қайсыбірі қайғы айтып, Үміттің үйін құлатты (Шәкәрім). Шашын жайып жіберген ақ қайыңдар жазықсыз қираған қарағай бауырын жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қаланың оң бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің күміс жапырақтары әлі діріл қағып тұр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар кәрі қабағын кешпес кек, қайтпас ызғармен түйіп алыпты (Ғ.Мүсірепов). Апам – Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы. Әкесі аса бай болған, текті тұқымның тұяғы. Оянғанымда апамдар шай ішіп отыр екен. Жалғыз үйлі шалдың өмір тарихы жеке бір кітаптың жүгі. Неге екенін білмеймін үйге келген соң да баяғыдай аяғымның басын қайқайтып жатып алмай, тағат таппай Апамның үйіне қарай құстай ұштым. Кірме деген үлкендер сөзін тыңдамай жанына тізерлей отыра кеттім де құдіретті саусақтарын ұстадым. Сонау етекте асықтай шашылып жатқан ауылда Құмекеңнің де көкке мойнын созған жылбысқы түтіні бар. Аппақ қар жанарын жеп, жасаурата берген соң былш еткізіп бір түкіреді де, атына қайта мінеді (О.Бөкей). Дүниедегі ең жаман нәрсе – жүрегіңді жастай жаралау. Бір бітеу жара жарылмай сыздап, еңсеңді еңсеріп басады да жүреді. Таңатар кімдердің қолынан қаза тапқанын білмейміз, біздің білетініміз – арманы асау азаматтың қыршын өмірін қиған қандай ғана қара жүрек екен, қандай ғана қатыгез ит екен; кейін білдік, жол торыған қашқын қазақтар Таңатарды өлтіріп атын алыпты, сол түні әкем арманда кеткен арыстың сүйегін арулап қойып, өзі кері елге қайтты; сол күннен бастап мынау жер Таңатар тасы атанды (О.Бөкей). Өмір отын өшірмей үрлеп, көрігін басып тұрған құдіретті күшті адамдар әне, гүр-гүр вертолетке мініп ұшып барады. Емін еркін өмір кешкен бұғы-маралдар құрықты қолды білмей, табиғат сыйға тартқан жас құрақ, жасыл жайлау төсінде шөптің сонысын, судың тазасын таңдап бір қиырдан бір қиырға, көңіл шіркін қалаған жаққа жосып, мамырдың барқыт түніне оранып, қаперсіз жусайтын.
Достарыңызбен бөлісу: |