1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет22/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Туынды мағына – басқа бір мағынаның қатысымен туған, пайда болу уәжін түсіндіруге болатын сөздің кейінгі мағынасы саналады. Сол себепті туынды мағына сөзжасам үдерісімен тікелей байланысты. Туынды мағына өзін тудырған сөздің алғашқы мағынасымен семантикалық байланысын үзбейді. Мысалы, бас деген түбірден басшы, бастық, басшылық деген сөздер туындаған; басу деген түбір сөзден баспа, баспагер, баспахана, басқыншы және т.б.
Тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан алғанда түбір негіз деп жүрген сөздеріміздің ішінде тарихи туынды болып табылатын сөздер аз емес. Мұны көне түркі жазбалар тілі дәлелдейді. Б.М.Юнусалиев етістік сөз ретіндегі үйір мен зат есім ретіндегі үйір сөзінің о бастағы тегін көне түркілік үй – өг тұлғасы деп қарайды [3], көне ұйғыр тілінде өк – «жию», өгүр – «үйір, табын» мағынасында жұмсалған. Сол сияқты қабырға сөзі қабыр етістігінен, қабыр – ұстау, жармасу мәніндегі «қап» сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Туынды мағыналардың уәжі уақыт өте келе көмескіленіп, жойылады, сөйтіп негізгі мағыналармен теңеледі. Мұндай сөздердің туынды екенін тек этимологиялық талдау жасау арқылы ғана айқындауға болады.
Лексикалық құрамның толығып, сөздің ішкі мағынасының дамып отыруына байланысты туған синонимдік, омонимдік, антонимдік мағыналар да лексикалық мағыналардың түрлеріне жатады. Синонимдік мағына – екі не одан да көп әртүрлі сөз мағыналарының бір-біріне жақындығынан туған: ақыл, сана, парасат; омонимдік мағына – іштей мағыналық байланысы жоқ бірнеше сөздің бірдей тұлғада көрінуі: бақыр (шелек) – бақыр (ұсақ ақша), от (жалын) – от (жердің шөбі); антонимдік мағынабір деңгейдегі әртүрлі сөз мағыналарының бір-бірне кереғарлығынан туған мағына: келу – кету, қатты – жұмсақ.
Сөздің тіркесу сипатынан туындайтын лексикалық мағыналары. Сөздің еркін мағынасы оның атауыш мағынасының негізінде пайда болады. Сөз өзінің тек атауыштық мағынасында қолданыла бермейді. Атауыш мағынадағы сөздер шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды білдіретін өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсіп, олармен тіркесіп отырады. Атауыш мағынадағы сөздердің мұндай қарым-қатынасы белгілі бір сөздермен ғана шектелмейді, әр түрлі топтағы сөздерді де қамтып, олармен тіркесімділігін қамтып отырады. Атауыш мағынадағы сөздердің өзге сөздермен тіркесімділігі кең болған жағдайда туатын мағынасы еркін мағына деп аталады. Мәселен, жас адам, жас ағаш, жас бала, жас ет; жаңбыр жауады, қар жауады, бұршақ жауады дегендегі сөздердің тіркесімділігі әрі логикалық, әрі ішкі семантикалық үйлесімділікке негізделген.
Сөздің тіркесімділігі – сөздің валенттілігінің жүзеге асуы, яғни сөздің өзі тіркесетін немесе тіркесе алатын сөз тіркестерінің жиынтығы. Сөздің синтаксистік және лексикалық тіркесімділігі бар. Сөздің лексикалық тіркесімділігі – сөздің синтаксистік-семантикалық позицияларын айқындауға қабілетті сөздердің жиынтығы.
Сөздің тура мағынада өзге сөздермен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі мол болғанымен, кез келген сөзбен байланысқа түсе бермейді. Демек, сөздің басқа сөздермен тіркесімділігі, үйлесімділігі тек заттық-логикалық қана емес, лексика-семантикалық ішкі заңдылықтармен де байланысты. Тілдің лексикалық жүйесіндегі синтагмалық қатынастар лексикалық синтагматика мәселесін тудырып, лексикалық семантиканың зерттеу нысанына айналып отыр. Лексикалық синтагма бойынша, сөз мағынасының өзара семантикалық қатынасқа түсуі болмыстағы зат, құбылыс пен іс‐әрекеттің өзара әрекеттесуін бейнелейді.
Жалпы тіл білімінде синтагматика мәселесі Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ есімдерімен байланысты болса, қазақ тіл білімінде сөздердің мағыналық сәйкесті негізінде өзара қарым‐қатынасқа түсуі туралы пікірлер А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінен бастау алады. Қ.Жұбанов синтагматика мәселесіне байланысты мынадай пікір айтады: Сөз белгілі тәртіппен тізіліп барып, хабар болады. Сөздер жеке‐жеке жүреді, бірақ олар жекелік үшін жасалған емес, басқаға жанасым тауып, үйлесерлік болып жасалған» [4, 99].
М.Оразов «Қазақ тілі семантикасы» атты іргелі еңбегінде лексикалық мағынаның семантикалық құрылымы, лексикалық жүйедегі парадигмалық, синтагмалық қатынастар, валенттілік, лексикалық тіркесімділік мәселелерін қарастырған. Сонымен қатар Ғ.Хасановтың «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы» еңбегінде қазақ тілі семантикасының шығу негіздері, лексикалық бірліктер синтагматикасы, олардың тілдік жүйе мен сөйлеу әрекетіндегі көрінісі, лексикалық семантика және лексикалық норма мәселелеріне қатысты ғылыми‐теориялық зерттеулер жүргізілген.
Фразеологиялық байлаулы мағына – фразеологиялық тіркес құрамындағы сөздердің тіркесіп келуі арқылы берілетін лексикалық мағынасы. Байлаулы мағынадағы сөздер шындық болмыстағы заттармен тікелей емес, жанама түрде байланысады. Мысалы: қасқа сөзі малдың маңдайында болатын, ұзынша келген ақ түсті жолақ деген мағынада айтылса, тұрақты тіркестің құрамында қасқа бас – маңдай шашы жоқ адам; қасқа тіс – малдың алдыңғы төрт тісі деген мағынаны білдіреді. Сол сияқты қасқа жол, қасқа бұлақ деген тұрақты тіркес құрамында ауыспалы мағынаға ие болады.
Синтаксистік шартты мағына – сөздер сөйлеу үстінде, контексте қолданылу жүйесіне қарай өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туындайтын мағына. Мысалы: жемқор – өңеш, құлқын; аю – арбиған, ебедейсіз; құдық – мешкей, жалмауыз деген ұғымды білдіреді. Тілдік лексикалық жүйесіндегі кез келген сөздің фразеологиялық байлаулы мағынасы немесе синтакситік шартты мағынасы бола бермейді. Номинативті мағынаға ие болатын атауыш сөздердің көбіне-көп жұмсалу қабілеті күшті болады. Әсіресе зат есім, сын есім, етістік сөздер тура мағынада, әрі ауыс мағынада тілде белсенді қызмет атқарады. Мұндай сөздердің көпшілігі өзінің тура мағынасының үстіне қосымша мағыналар үстеп алған. Мысалы: түнеру (ренжу, кею), шатынау (көзі шарасынан шығып ашулану), соқыр (надан, топас), сору (аяусыз қанау).
Сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналарына сөздің бейтарап мағынасы, бейнелі мағыналары, кәсіби-терминдік мағыналары жатады. Бейтарап мағына – зат, құбылыстар мен сапалық белгілерді, әрекет-қимылды атап білдіретін жалпылама лексикаға тән. Мысалы: құстың қанаты, ұқсату заңы негізінде пайда болған ұшақтың қанаты десек те атауыштық мағынаға ие болып тұр, ал ұшарға қанатым жоқ, қанатты сөздер дегендегі қанат сөзінде бейнелі мағына бар.
Бейнелі мағынаадамның сезімі мен көңіл күйіне байланысты айтылатын эмоционалды сөздердің мағыналары жатады. Олар стилистикалық бояма мағына деп те аталады. Мысалы: тамаша, шіркін, қалш-қалш, шілтию, тылтию, жалпию және т.б.
Терминдік мағынағылым, техника, өнер саласында қолданылатын арнаулы сөздердің лексикалық мағынасы. Терминдік мағына ғылым, техника, өнер саласындағы «таза» ұғымдармен сәйкес келіп, соларды білдірумен шектеледі. Әр терминге тән дара және тұрақты мағына болып табылады. Мысалы: күмбез (терминдік мағына) – «биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін, көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы»..Ал лексикалық мағынасы «үлкен құрылыстың әшекейленген шаңырақ тәрізді төбесі, мұнара» Екі мағынаның арасындағы семалық белгілердің ұқсастықтары (сыртқы форма ұқсастығы) негізінде бір лексема екі түрлі ұғымды иемденіп тұр.
Сөздердің стилистикалық қызметінен туындайтын стилистикалық мағынаға көркем әдебиеттегі поэтикалық мағына қосылады. Поэтикалық мағына – жалпыхалықтық тілде бір-бірімен не логикалық, не семантикалық тіркесімге түсе алмайтын сөздерден жаңа тіркестер жасау, сөздің үйреншікті мағынасын бейнелеп, поэтикалық көтеріңкі сипатта қолдану нәтижесінде алынады. Халықтық тілде бір-бірімен қиыспайтын сөздерден жаңа тіркестер, сөздің үйреншікті мағынасын бейнелеп, поэтикалық көтеріңкі сипатта қолдану көркем әдебиетте жиі кездеседі. Содан барып поэтикалық мағына қалыптасады.
Поэтикалық мағына – троп, фигуралардың түрлері сияқты поэтикалық тәсілдерді қолдану арқылы сөздің айрықша көтеріңкі айтылуынан туатын мағына. Мәселен, аспанды алақандай, жерді тебіңгідей ету; қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қату т.б.
Сонымен қатар шетелдік ғалым Дж.Личь лексикалық мағынаның мынадай түрлерін көрсетеді:
- концептуалды мағына – логикалық, когнитивті немесе денотативті мағына. Мәселен, «woman» сөзі мынадай семантикалық құрылымға ие: + адам, - ер жынысты, + үлкен;
- конотаттық мағына – сөзбен байланысты қалыптасқан әлеуметтік белгілері бар мағына түрі. Мәселен, әйел сөзі қазақ халқының тілдік санасында «ақылды, дана, мейірімді, аяулы» сияқты бағалауыштық мәнге ие.
- стилистикалық мағына – сөз қолданысының әлеуметтік сипатын айқындайтын семантикалық белгілерге ие мағына түрі. Мәселен, ресми, публицистикалық, іскери, бейтарап, қарапайым;
- рефлективті мағына – ассоциативті түрде бір сөздің (көпмағыналы сөз) бір-бірінен алыс өзге мағынамен байланыста туындайтын мағына түрі. Мәселен, ағылшын тіліндегі «dear» сөзі мынадай мағыналарды білдіреді: қымбат тауар, қымбат адам (1); ғашық, сүйікті (2);
- аффективті мағына – сөйлеушінің тыңдаушыға, қандай да бір затқа, құбылысқа, іс-әрекетке деген ішкі жан дүниесіндегі сезімдерін білдіретін мағына түрі. Мысалы: Ақырын сөйлеңізші, өтінемін сізден! (әдеби, сыпайы мәнді); Аузыңды жап! (тұрмыстық-қарапайым, дөрекі мәнді);
- коллокативті мағына – белгілі бір лексемалардың тіркесімділігі нәтижесінде түзілетін семантикалық мағына түрі. Мәселен, pretty және handsome «красивый, миловидный» мағынасында өзара тепе-тең түскенімен, өзге сөздермен тіркесімділік түзуде әртүрлі мағынаны иеленеді: pretty girl, pretty woman, pretty boy, pretty flower, pretty garden; handsome boy, handsome man, handsome car, handsome overcoat, handsome vessel [5, 10-27].




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет