1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет18/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Кесте 3. Метафораның жасалу тәсілдері.

Тілдік метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық аясын кеңейтіп, үздіксіз даму үстінде болады. Метафора мынадай ұқсастықтар негізінде жасалады:


- түр-тұлғасы ұқсастығы: судың беті, домбыраның құлағы;
- қимыл ұқсастығы: күн күлімдеді, жұлдыздар жымыңдады;
- сапа ұқсастығы: мөлдір бұлақ – мөлдір махаббат, ащы пияз – ащы өмір.
- мінез-құлық ұқсастығы: түлкі – «айлакер, қу», аю – «икемсіз».
Егер балапан деп құстың баласын (зат есім) танысақ, осы сөздің метафоралық ауыс мағынасы сындық мағынада (балапан қарағайлар) жұмсалады. Ұқсату заңының негізінде бір сөз арқылы бірнеше ұғымды танып білуге болады. Қалың – сапалық ұғым, ерекше белгілері – қалың нәрсенің жуан болатындығы; әрі тығыз, жиі орналасуы сияқты ерекшеліктердің әрқайсысы сөйлеу үстінде жеке-жеке мағынаға ие болады: қалың шөп (бітік, тығыз); қалың жұрт (көп, мол), қалың ерінді кісі – жуан, толық. Метафораның негізінде туған ауыс мағына сөздік мағынаға еніп, сөздің туынды мағыналарының қатарында қалады.
Ақын-жазушылардың, танымал қаламгерлердің шығармаларында кездесетін әсерлі сөз өрнектерін поэтикалық метафора деп атайды. Егер тілдік метафора жалпыхалықтық сипат алса, поэтикалық метафораны қоғамдық ақпарат қызметкерлері, көркем әдебиет қызметкерлері қалыптастырады. Мысалы: қара алтын – көмір, сары алтын – бидай, ақ алтын – мақта, шөл кемесі – түйе, жер кемесі – комбайн т.т.
Поэтикалық метафораның бір түрі окказионалды метафора болып табылады. Абайдың қолданысындағы асау жүрек, талаптың мініп тұлпарын, көңіл құсы сияқты қолданыстары метафораның осы түріне мысал болады. Егер метафоралық тәсіл сапалық ерекшеліктерге негізделсе, метонимиялық, синекдохалық тәсіл сандық көрсеткіштерге, денотаттың өзара шектестігіне сүйенеді.
Метонимия – өзара іргелес, шектес бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты туатын ауыспалы мағына метонимия болып табылады. Метонимиялар мынадай іргелестік, шектестік негізінде жасалады:
1) қимыл, әрекет пен оның нәтижесінің шектестігі: бояу, егеу, сайлау, жайлау, ою, жабу т.б.;
2) зат пен оның ішкі мазмұнының шектестігі: шәйнек қайнады, қазан асты;
3) материал мен одан жасалған заттың шектестігі, алмас – қатты, асыл металл, өткір қару ретінде қылыш мағынасын береді. Сол сияқты, хрусталь, фарфор – материал атауы және сол материалдан өндірілетін бұйымдар атауы. Құндыз – өзен-көлде тіршілік ететін аң және аңның бағалы терісін айтамыз;
4) сапалық сын есімдер мен олардың заттанған мағыналарының байланыстылығы: қара - түс, қарайып тұрған нәрсе; арамдық, зұлымдық; қара жамылды; ірі қара мал т.б. Сол сияқты, ақ, қызыл, көк (түс, аспан, шөп) түстерін айтуға болады;
5) автор мен оның шығармасының, шығарма аты мен оның ішкі мазмұнының байланыстылығы: Құрманғазыны тартты, Абайды оқыды деген тіркестерден олардың шығармаларының тартылғаны және оқылғаны белгілі болады;
6) іргелес заттық ұғымдардың шектестігі: алтыбақан – ұлттық атау, ойын; үкі – құс, мамық, үлпілдек қауырсын;
7) жалқы есімдердің бір-бірімен шектестігі: Абылай хан мен Төле бидің қиылысқан жерінде «Балалар әлемі» орналасқан. Абай (аудан) қайдасың деп тартып кеттік;
8) жалқы есімдердің жалпы есімге айналып, дербес мағыналы сөз ретінде қолданысқа түсуі: Алдар көсе – «айлакер, қу», Мырқымбай – «кім көрінген жай адам» ұғымын, Асан қайғы – «уайымшыл», Шық бермес Шығайбай «сараң» деген ұғымдарды аңғартады;
9) кейбір заттар мен бұйымдар алғаш рет қай жерде өндірілсе, сол жердің атымен аталады: қаракөл (елтірі) Бұқардағы Қаракөл алқабының аты; шампан (ішімдік) – Париж қаласының маңындағы провинцияның атауы;
10) кейде жалқы есімдер, оның ішінде, кісі аттары метонимияға айналады: маузер, наган, калашников (әскери қару); френч, галифе (әскери киім) осы аттас генералдардың есімімен аталып, термин сөзге айналған [5, 81-83].
Көптеген лексемалардың өн бойындағы көпмағыналылық кірме сөздердің есебінен де жүруі мүмкін, кейде семантикалық дамудың есебінен де жүруі мүмкін. Мәселен, шахмат сөзін алайық: 1. ойын атауы; 2. шахмат тақтасындағы фигуралардың жалпы атауы. Мұндай жағдайда тілдің лексика-семантикалық жүйесінде деривативті модельдер бойынша полисемантикалық даму процесі жүреді.
Синекдоха – сөзді ауыстырып қолдану арқылы көпмағыналы сөз тудырудың бір тәсілі. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метонимияға жақын тұрады. Мұндағы басты белгі – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше алмасып қолданылуы. Мысалы: ақ жаулықты, орамал тартқандар; бөрік кигендер.
Бүтіннің бөлшегі ретінде қолданылатын сөздер де бірнеше контексте жұмсала келіп, полисемияға айналатындары болады. Мәселен, тұяқ және көз деген сөздерден синекдоха тәсілі арқылы мынадай мағыналар пайда болған:
Тұяқ: Көз:
1) ұсақ мал, қой, ешкі; 1) туған-туыс, жақын
2) малдың жалпы есебі; 2) не нәрсенің нақ өзі, өз басы;
3) ұрпақ, тұқым, бала; 3) көпшілік, адамдар


Контекстуалды (мәнмәтіндік) мағына. Адам баласы бұл әлемге өмір сүру үшін келеді, ал тіл адам баласының бір-бірімен қарым-қатынас жасауы үшін беріледі. Сөз мағынасы лингвистикалық сөздіктерден гөрі, сөйлеу үдерісінде көптеген қызметтерді атқарады. Соған орай түрлі қосымша мән-мағыналарды иеленеді. Күнделікті сөйлеу практикасы көрсеткендей сөз мағынасы өзіне тән емес мән-мағынада қолданылуы мүмкін, Бұл, әрине, индивидтердің аялық білім жүйесіне тіклей байланысты. Бұдан мағына тек қана коммуникация арқылы меңгерілген семантикалыққ компонентті ғана емес, сондай-ақ қоғамның дүниетаным үдерісінде меңгерілген білім мазмұнын да қамтиды. Жапырақ сөзінің мағынасы сөздікте былайша берілген: «Жоғары сатыдағы өсімдіктердің фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, көбею қызметтерін атқаратын өсу мүшесі» [6, 328].
Сөйлеу үдерісінде жапырақтың түрлі белгілерін тани отырып, қоршаған орта үзіктерін өздері таныған жапырақтың қандай да бір белгісімен таңбалау (нәзіктігі, беріктігі, кішкентайлығы, жұқалығы) қазақ халқының тілдік санасында қалыптасқан. Мысалы: Сабаса өзіңді сабасын... қорғансыз емеспіз. Сақ болсын. Жапырақтарыма тигізбеймін, – деп әжем ұрсып кетті (М. Сүндетов). Осы жерде жазушы қандай да бір заттың үзіндісі, бөліндісі ретінде жапырақ сөзіне жан бітіріп, әрі оның кішкентай балаларға қарата қолданады, оны контекстен бірден ажырата аламыз. Яғни, жапырақтың ағаштың бір бөлшегі екендігін, әрі оның пішіні жағынан кішкентай, әрі нәзік екендігін таңбалау үшін синекдохалық тәсіл қолданылған. Сондай-ақ, қазақ дәстүрінде ет тураудың өзіндік ерекшеліктері қалдыптасқан. Атап айтқанда, үгіп турау, жапырақтап турау және кесектеп турау. Жапырақтап турау – етті қалың кеспей, барынша жұқалап кесу, яғни туралған еттің қалыңдығы ағаштың жапырағындай болуы тиіс. Осының негізінде тілімізде бір жапырақ ет, бір жапырақ нан сияқты фразеологиялық бірліктер қалыптасқан. Сонымен қатар өсіп-өркендеу мағынасында сөйлеу тілінде жапырағы жайқалу тіркесі қолданылады. Мәселен, Өлең менің жанымның жапырағы, Оны өмірдің дауылы сапырады, Төтеп беріп соларға, жасара түс, Сені өсірген туған жер топырағы (Х. Талғаров). Тартқанға бетім көне тарықпаймын, Жанымның қуармаса жапырағы (Ә. Тәжібаев). Жапырақтың беріктік, серпімділік қасиетін негізге ала отырып, М. Мақатаев «Жапырақ жүрек, жас қайың» деп басталатын өлең жолдарында ақын жүректің жапырақтай нәзік, әрі берік, жапырақтың өз сабағынан үзілмейінше, өзінің жүрек соғысын тоқтатпайтындығын бейнелеген.
Осылайша тіл тасымалдаушыларының санасында жапырақ сөзінің көптеген потенциалды семаларды иеленетіндігін байқаймыз. Лексикографиялық сөздіктерде қамтылатын мәнді ұғымдық белгілер сөздің семантикалық мазмұнының бір бөлігін құрайды. Ал қалған мәнсіз ұғымдық белгілер адамның тілдік снасында сақтала отырып, тек сөйлеу үдерісінде ғана актуалданып, потенциалды семаларға ие болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет