1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет3/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Аманжолов С. Вопросы диалектологи и истории казахского языка. –Алма-Ата, 1959.
2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы, 2003.
3. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу және даму жолдары. –Алматы, 1987.


Тақырып бойынша орындалатын тапсырмалар:
1.Түркі тілдерінің генеологиялық жіктелімі бойынша менталды карта түзу.
2. Лексикалық құрамның қалыптасуы мен дамуы. (Тарихи шолу жасау).
3. А.Потебняның «Сөздің ішкі формасы» туралы іліміне талдау жасау.
4. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары жайлы презентация қорғау.
Лексикалық семантика және тілдік номинация

1. Таным үдерісі және тілдік номинация.


2. Семантика және лексикалық семантика.
3. Семантиканың коммуникативті-когнитивті принциптері.
4. Когнитивті-номинативті үдеріс және мағына модельдері.
5. Семиозис процесі.
6. Семантикалық метатіл.


1. Таным үдерісі және тілдік номинация. Сөз – тілдік коммуникацияда ақпарат алмасу құралы ғана емес, таным құралы, ғаламның тілдік бейнесін түзетін бірлік. Адам баласын ертеден-ақ қоршаған орта, болмыс ғана емес, тілдік номинация мәселесі де қызықтырып келеді. Тіл – қоғамдық құбылыс ретінде қоғаммен бірге үнемі даму үстінде болады. Адам өзін қоршаған заттық әлемді тану, оны қабылдап меңгеру арқылы оған атау береді, сол зат, құбылыс, сапа, әрекет туралы жаңа ұғым-түсінік қалыптастырады. Қандай да бір зат пен құбылыс, әрекет пен заттың арасындағы байланысты айқындайды, осылайша адам баласы қоршаған ортаны категорияларға жіктейді, жүйелейді және концептуалдайды.
Лингвистиканың жеке бір саласы ретінде тілдің аталымдық қызметін зерттейтін номинация теориясы ХХ ғасырдың 70-жылдары қалыптасты. Номинация теориясының зерттеу пәні тіл – ойлау – болмыс бірлігінің нәтижесінде атаудың түзілу жолдарын қарастыруға негізделеді. Қазіргі тілдік зерттеулер тілдік құбылысты, оның ішінде, номинация теориясын көпаспектілік қырынан тануға бағытталып отыр. Зат, құбылыс, іс-әрекетке атау беру, оларды сөздің көмегімен таңбалау мәселесі тіл ғылымында ХХ ғасырдың ортасынан бастап ономасиолигиялық бағытта зерттеле бастады. Бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүргізген В.Н. Телия, А.А. Уфимцева, Е.С. Кубрякова, Н.Д. Арутюнова, Г.В. Колшанский, Б.А. Серебренников; қазақ тілші-ғалымдарынан Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Т. Жанұзақ, Ж. Манкеева, Б. Сағындықұлы, Б. Қасым, Е. Керімбаев, А. Салқынбай, М. Гинатуллин, Қ. Рысберген сынды ғалымдардың есімдерін атауға болады.
Ономасиологиялық бағыттағы зерттеулер номинация процесін қоршаған ортаға қатынасы тұрғысынан жүргізеді. Номинативті парадигма мәселесін қарастыру барысында сөздің тек затпен ғана емес, белгілі бір дәрежеде сана, ойлау, дүниетаным жүйесімен де байланыстыра қарастыру қажеттілігі туралы көзқарас пайда болды. Бұл идея Фрегенің семантикалық үшбұрышында көрініс тапты. Сөз мағынасын құраушы негізгі элементтерді сипаттай отырып, Фреге концепциясы бойынша сөз мағынасының тілдік жүйеден тыс көптеген жекелік мәнге ие ұғымдық қатынастар жүйесін түзетіндігін айқындаймыз.
 Психология мен философияда ұғым адам санасында қоршаған ортадағы қабылданған заттар мен құбылыстардың сезімдік-көрнекі белгілері болса, тілдік жүйеде ұғым адам санасындағы мағынаны репрезентациялау тәсілі ретінде көрініс береді. Белгілі бір зат, құбылыс, сапа не әрекет туралы ұғым қалыптастыру ‒ адамның танымдық қызметінің бірі. Ал танымның жоғары сатысы ретінде ойлау әрекеті шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы қасиеттерін, мәнді белгілерін бейнелендіріп, олардың арасындағы нақты байланыстар мен жаңа қатынастардың ашылуына үлкен септігін тигізеді. Қоршаған ортаны тану, оны қабылдау әрекеті уәжділікпен байланысты. Ал уәжділік сезімге, эмоцияға қатысты болғандықтан, психология ғылымында да қарастырылады. Себебі психология ғылымында адамның барлық іс-әрекеті, мінез-құлқы белгілі мөлшерде уәжделген болып саналады.
Затқа, құбылысқа, іс-әрекетке атау беру әр халықтың материалдық және рухани мәдениетінің, ұлттық ойлау жүйесі мен ұлттық ділінің ерекшелігін танытады. Затқа атау беруде, ең алдымен, оның мәнді және мәнсіз уәждік белгілері айқындалады. Анықталған уәждік белгілер затқа атау беруге негіз болады. Атау беру үдерісі сол ұлттың өмір сүру тәжірибесіне байланысты. Сондықтан тілдік таңбалар ұлттың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінің тілдегі бейнесі саналады. Белгілі бір затқа атау бергенде адам баласы бір нысанды ұқсас нысаннан ажыратып тұратын белгісін негізге алып таңбалайды. Мұндай белгілер түрліше болуы мүмкін: түсі, көлемі, формасы, қызметі, материалы, екінші бір нысанға қатысы т.б. Тіл білімінде бұл белгілер уәждік белгілер деп аталады. Таңба мен таңбаланушы арасындағы осы уәждік белгілер экстралингвистикалық факторларға негізделеді. Мәселен, қызылсу – өзен бетіне мұз жарығынан шыққан су [ҚӘТС, 508-509]. Көбіне қысы қатты аймақтардағы суы мол өзендерге тән. Қызылсу өзендегі су ағымының күрт көбеюінен, мұз астындағы қысымның жоғарылауынан пайда болады, кейде жер асты сулары мол өңірлерде де байқалады. Ойымыз дәлелді болу үшін, бұқаралық ақпарат құралдары тілінен деректер келтірейік. Мысалы: Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуынан қар еріп, қызылсу аулаларды басып қалды. Шығыста күн күрт жылынып, қызылсу көтеріле бастады. Ұзаққа созылған қыстан соң, Орталық Қазақстандағы бірқатар елдімекендер көктемгі қызылсудың астында қалу қаупі төніп тұр.
Номинация процесі қайсыбір халықтың қоршаған ортаны қабылдау, болмысты санада категориялау, концептуализациялау жүйесімен тікелей байланысты болады. Сөз негізгі семантикалық қызметі арқылы мағына тасымалдаушы таңба ретінде сөйлеу әрекетінің минималды ұғымдық немесе мағыналық бірлігі ретінде қызмет атқарады. Сөз тілдік жүйенің, әрі сөйлеу тілінің бірлігі ретінде өзара диалектикалық бірлікте болады.
Адам баласына ай да, күн де, жұлдыз да ортақ болып келеді. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға тән ұғым-түсінік жалпы адамзат баласына ортақ болып келеді. Мысалы: тас – таудың қатты жынысы, соның үлкенді-кішілі бөлшектері [ҚТТС]; камень – твёрдая не металлическая горная порода, или ее кусок [ТСРЯ]. Қарап отырсақ, осы сөзге берілген ұғымдық белгілер қазақ және орыс халқының тілдік санасында өзара сәйкес келеді. Дегенмен қоршаған ортадағы зат, құбылыстар әрбір халықтың өзіндік ұлттық дүниетанымына сәйкес көптеген ұғымдық белгілерді иеленеді, зат пен құбылыс, құбылыс пен әрекет арасындағы қатынастардың негізінде әртүрлі топтарға топтастырамыз, біріктіреміз, жіктейміз. Осылайша зат, құбылыс, әрекет бойындағы ұғымдық белгілер әр тілде түрліше көрініс табады. Осыдан келіп ғаламның тілдік бейнесі, ғаламның ұлттық тілдік бейнесі түзіледі.
Тіл – адам санасындағы ақпаратты қалыптастыру, тасымалдау және оны сақтаудың негізгі вербалды құралы. Тілдік номинация адам санасының, қоршаған ортаны тану, оны қабылдау сияқты әрекеттердің нәтижесінде туындайды. Сол себепті белгілі бір тілдік жүйе негізінде кез келген халықтың когнитивті үдерісінің ізі сақталып, белгілі бір ұғыммен таңбаланатын атау болып келеді.
Сөздің лексикалық мағынасы белгілі бір грамматикалық категорияларға жатады, өйткені грамматикалық мағына әрбір сөздің семантикалық құрылымына еніп, сөйлеу үдерісінде өзіне тән белгілі бір мағынаны иеленеді. Тілдің лексика-семантикалық жүйесі өзге де лингвистикалық факторлармен, семиотикалық жүйелермен тығыз байланысты келеді. Жалпы кез келген сөздің шынайы семантикалық мәні контексте, сөйлеу үдересінде ашыла түседі.
Тіларалық құбылыстың қарапайым формуласын Э.Лендвай төмендегідей айқындайды: a = b + c, бұл жердегі а бірінші тілдегі сөз мағынасын, b және c екінші тілдегі сөздің семантикалық мазмұнын бейнелеп көрсетеді. Мәселен, орыс тіліндегі нога сөзі неміс тіліндегі fuss + bein; неміс тіліндегі arbeit сөзі орыс тіліндегі труд + работа сөздерімен толығымен сәйкес келеді. Сол сияқты рука лексемасы неміс тіліндегі hand + arm сөздерінің мағыналарына тең келеді.
Осыған байланысты Э.Лендвай ғаламның тілдік бөлінісі әртүрлі модельде көрініс табатындығын айта келе, төмендегідей модельдерді ұсынады:
Модель (1): a = b + c
moon = луна + месяц;
Модель (2): a = b + c + d + (...)
brown = бурый + коричневый + каштановый;
сrisp = рассыпчатый + хрустящий + свежий.
Орыс тіліндегі бурый, коричневый және каштановый сынды түс атауы ағылшын тілінде бір ғана brown сөзімен таңбаланады екен. Мұндай тіларалық құбылыстар семантикалық өрістің күрделі модельдерін түзеді [1, 53].

Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «туыстық» семантикалық өрісінің моделі





Атау

Қазақ тілі

Орыс тілі

Ағылшын тілі

aға, брат, brather

туыстас ер адамдардың жас жағынан үлкені

сын тех же родителей или одного из них по отношению к другим их детям

brother – a man or boy in relation to other sons and daughters of his parents

aна, мать, mather

баланың туған шешесі, балалы әйел елге сыйлы, жасы үлкен әйел адам

женщина по отношению к своим детям

a woman in relation to her child or children

жеңге, сноха, sister in law

ағаның, жасы үлкен туыстардың әйелі (жасы кішілерге қатысты)

дочь тех же родителей или одного из них по отношению к другим их детям

sister in law – the sister of one`s wife or husband

жезде, муж сестры, brother in law

туысқан адамдардың өзінен үлкен апасының күйеуі

муж дочери или сестры

brother in law – the brother of one`s wife or husband

Мұндай лексикалық эквиваленттілік пен аналогия құбылысын тек қана жекелеген лексемалардан ғана емес, туынды сөздерден, тұрақты сөз тіркестерінен де кездестіруге болады. Әрбір тілдегі белгілі бір сөздің лексикалық мағынасының семантикалық өрісі әртүрлі болады. Мәселен, орыс халқының тілдік санасында «брат» сөзінің семантикалық өрісі өзара гиперонимдік иерархияны құрайды. Айталық, брат (гипероним) – младший брат + старший брат; двоюродный брат + троюродный брат (согипонимдер). Сөйлеу актісіне назар аударайық: Да, он его брат. Ну, там двоюродный или троюродный брат, но – брат. Ал қазақ халқының танымында аға ұғымына қатысты туыстық қатынастың жіктелімі мүлде бөлек.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет