1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы


Қазіргі қазақ тілі лексикасының стильдік топтары



бет42/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Қазіргі қазақ тілі лексикасының стильдік топтары

1. Стильаралық бейтарап лексика.


2. Кітаби лексика.
3. Эмоционалды-экспрессивті лексика.
4. Тұрмыстық-қарапайым лексика және варваризмдердің қолданысы.
6. Сөздердің актив және пассив қолданысы.


Стильаралық бейтарап лексикаға стильдік тармақтың белгілі бір түріне ыңғайланбаған, яғни функционалдық стильдердің ешқайсысына жатқызуға болмайтын сөздер жатады. Оған: су, нан, теңіз, көл, дала, ағаш, өсімдік, жапырақ, жоғары, төмен, ой, қыр, қырат, жау, ойпат, отыз, қырық, кет, кел, жоқ, қазір, бүгін, ертең, қыс, жаз, көктем, күз т.б. сөздер жатады. Стильдік тармаққа сараланған сөздерге белгілі бір стильде қолданылып қалыптасқан сөздер жатады. Стильаралық сөздер нақты бір стильге емес, стильдердің бәріне бірдей дәрежеде қатысты болғандықтан, бейтарап лексика деп танылады. Стильаралық сөздер сөйлеу тілінде болсын, жазба тілде болсын қолданылатын лексиканың негізін қалайды. Оларсыз тілдік қатынас жасау мүмкін емес. Стильаралық лексиканың басқа функционалдық стильдердің лексикасынан айырмашылығы зат, құбылыс, сапа, қасиет, іс-әрекет атауларын қарапайым, нақты қалпында білдіретіндігінде.
Кітаби лексика әдеби нормаға түскен, стилистикалық қолданысы жағынан сараланған жазба тілге тән сөздер тобы саналады.
Қазақ тіліндегі кітаби лексика тарихи және қазіргі тілдік тұрғыдан екі салаға бөлінеді: 1) ескі дәуірдегі кітаби лексика; 2) қазіргі кітаби лексика. Қай дәуірдегі әдеби тіл болмасын, сөз қолданылуында қалыптасқан нормалық белгілердің болуы, стиль жағынан саралануы шарт. Мәселен, қазіргі әдеби (кітаби) тілдің лексикасына келсек, оның нормалық белгілері қазақтың жалпыхалықтық лексикасына негізделсе, ескі дәуірдегі кітаби тіл жалпытүркілік сипатта айтылып жазылатын болған.
Қазіргі әдеби лексика халықтық лексиканың сұрыпталып екшелген, дамып жетілген, айтылуы мен жазылу принциптері айқындалған түрі болып табылады. Бұған сөйлеу тілінің тұрмыстық-қарапайым лексикасынан, диалектизмдерден басқа, әдеби нормалық белгілердің қатаң сақталуын талап ететін публицистикалық, ғылыми және ресми құжаттар стильдерінде, көркем әдебиет тілінде қолданылатын сөздер жатады. Әрбір стильге тән сөздер олардың бәріне ортақ белгілерімен сипатталады. Ресми іс қағаздары стиліндегі сөздер өздерінің бірыңғай бір ізде қолданылуымен, мейлінше нақты, дәлдігімен, жанрлық тақырыптарының тұрақтылығымен сипатталады. Мысалы: сенім грамотасы, төтенше және өкілетті елшісі, келісім шарт, сенімхат.
Публицистикалық стильдегі сөздер өздерінің әсерлілігімен, тартымдылығымен ақпараттық мәліметтердің дәйектілігімен сипатталады. Мысалы: жекешелендіру, нарықтық қатынас, сыбайлас жемқорлық және т.б.
Ғылыми стильде қолданылатын сөздер айтылатын ой-пікірдің дәлелді, терминдік мағынаны дәл беруіне орай, дерексіз ұғымдарды білдіруде кеңінен қолданылады: теңестіру, кеңістік, ой тұжырымы және т.б.
Ал көркем әдебиет стилінде жалпыхалықтық сөздердің қолданылу көлемі әлдеқайда кең, онда көркемдеу тәсілдері арқылы өмірде бар я болуға тиісті көріністер мен құбылыстарды адамның ішкі сезіміне әсер ететіндей етіп суреттейтін сөздер, шындық өмір жайында автордың өз көзқарасын білдіретін сөздер мол қолданылады.
Қазіргі кітаби лексиканың негізінде сөйлеу тіліне де, әдеби тілге де ортақ жалпылама сөздер жатады. Жалпылама сөздер ешбір мамандық талғамайды, бір тілде сөйлейтін халықтың бәріне бірдей, сөйлегенде де, жазғанда да ұйытқы, тірек болады. Бірақ жалпылама лексика кітаби тілде табиғи халықтық қалпында ғана қолданыла бермейді, көп жағдайда сөз шеберлерінің өңдеуінен өтіп, әдеби нормаға ие болып отырады. Бұл – әдеби лексиканың сөйлеу тіліндегі лексикадан ең басты айырмасы болып табылады.
Әдеби тілде сөйлеп, әрі жаза білу үшін жалпылама лексикамен қатар сол тілдің арнаулы сөздерін (терминологиясын), көнерген сөздері мен неологизмдерін, эмоционалды-экспрессивті лексикасын, ескі дәуірдегі қолданылған кітаби тіл элементтерін білу қажет.
Эмоционалды-экспрессивті лексика. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы эмоционалды-экспрессивті лексика деп танылады. Эмоция бар жерде экспрессия да болады. Әсіресе сүйіспеншілік, масаттанушылық, еркелік, таңырқаушылық, қошаметшілдік, өшпенділік, үрейлену, сес көрсету т.б. Мұндай сөздер тобы негізінен сөйлеу тілі мен көркем әдебиетке тән. Эмоционалды-экспрессивті мәні бар сөздер әр түрлі жолдармен жасалады. Дегенмен бейнелі сөздердің қайнар көзі еліктеуіш (жалт-жұлт, ырғаң-ырғаң, былқ-сылқ т.б.) болып табылады. Эмоционалды-экспрессивті лексиканы түсіну үшін оны эмоционалды-экспрессивті бояуы жоқ сөздерден ажырата білу керек. Бейтарап сөздер мен эмоционалды-экспрессивті сөздерді алдамшы, суайт, өсекші, өтірікші, көз бояушы сөздерін бір-бірімен салыстырсақ, өтірікші сөзі бейтарап болады да алдамшы, суайт, өсекші сөздеріне сөйлеушінің көзқарасында жек көру, менсінбеу аңғарылатындай бояу бар. Мысалы, тою – милығу, жүзі – бет-әлпеті, ұрлау – жымқыру, сөйлеу – сарнау, бәдігін сапыру; үлкен көз – бадырақ көз, жақсы – тамаша сөздердің біріншісі бейтарап сөз болса, екінші, үшінші қатардағылар экспрессивті боялы сөздер екені аңғарылады.
Сөйлеушінің не жазған кісінің көзқарасы, пікірінің түріне қарай экспрессивті боялы сөздер жағымды және жағымсыз белгілерді аңғартатын сөздер болып екіге бөлінеді. Жағымды экспрессивті-эмоционалды сөздер көңілді, сезім мен қуаныш қалыпты, таңырқау, қызығу, сүйсіну мән-мағыналарын береді. Мысалы: ғаламат (өзгеріс), шырқау (биік), ғажайып (көрініс), керемет (әуен) т.б. Жағымсыз эмоционалды-экспрессивті сөздер төмен санау, менсінбеу, жек көру т.б. мән-мағынаны аңғартады. Мысалы, шүңірек (көз), арбиған (дене), сүмеңдеу, міңгірлеу, болбыр т.б.
Тұрмыстық-қарапайым лексикаға күнделікті өмірде, тұрмыстық қарым-қатынаста қолданылатын жалпы халыққа белгілі, сөйлеу тілінің аясындағы сөздер жатады. Тұрмыстық-қарапайым сөздердің ішінде бір нәрсенің бағасын кеміту, құнын төмендету мақсатында қолданылатын, стилистикалық бояуы бар сөздер, дөрекі, тұрпайы сөздер, қарғыс-алғыс мәнді сөздер де көптеп кездеседі. Тұрмыстық-қарапайым лексика ауызекі сөйлеу тілінде ғана қолданысқа ие. Бұлар дәл осы қалпында әдеби тілде кездеспейді. Әдеби тілде бұлардың орнына стильдік мәні жағынан бейтарап деген синонимдер жұмсалады.
Варваризмдер тілге етене сіңбеген, бөтен тілдің сөзі деген ұғымды білдіреді. Варваризмдерді қолданудың әр түрлі жолдары бар:
1) Кейде бір халықтың шынайы өмірін, тұрмыс-салтын суреттеп көрсетпек болғанда, сол елдің ұлттық ерекшелігін бейнелеу мақсатымен саналы түрде әдейі қолданылады.
Мысалы: Орта Азия халықтарының өмірін суреттеген кезде чайхана, пәранжа, қышлақ сөздерін қолдану орынды саналады.
2)Тыңдаушыға ерекше әсер етіп, күлдіру үшін халық ақындарының варваризмдерді қолданатын жағдайлары кездеседі. Мысалы:
Қалқатай, кари глаз екі көзің,
Никогда не забуду айтқан сөзің.
(Ақан сері)
3) Өзге тілдегі сөздерді сөзбе-сөз аударуға қиын тиген жағдайда, варваризмдер сол қалпында ешбір өзгертілмей алынады. Мысалы: Абай шығармаларында қазақ тіліне сіңбеген мынадай орыс сөздері кездеседі: визит, закон, виноват және т.б.
4) Варваризмдер кейде қоғамдағы жағымсыз жексұрын типтерді халыққа мазақ етіп келемеждеу үшін де қолданылады. Мысалы:
Сыпыра елірме, сұрқия
Көп пияншік нені ұғар
(Абай)
Мұндағы пияншік сөзі қулық-сұмдықты кәсіп еткен сұрқияларды мысқылдап, жұртқа мазақ етіп көрсету үшін қолданылған.
5) Ана тілін білуге мән бермей, тіл шұбарлаушыларды келемеждеу үшін де жазушылар варваризмдерді қолданады. Мысалы: Осы наметит еткен жұмыстардан реальный ешнәрсені жарыққа шығара алмадық (І.Жансүгіров).
Ауызекі сөйлеу тілінде қолданылып тіл шұбарлайтын варваризмдер де осылармен тектес: конечно, значит, что вы, давай, ну-ка т.б.
Сөздердің актив және пассив қолданысы. Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу жиілігіне орай екі үлкен салаға бөлінеді: актив қабаттағы және пассив қабаттағы сөздер.
Актив сөздер – күнделікті тұрмыста қолданылатын, мағынасы түсінікті, дағдылы сөздерді (іш, кел, әкел, ертең, үй, жұмыс, бірақ, күн т.б.) жатқызамыз. Актив сөздер қатарына қолданылуы шектеулі, белгілі бір салада жиі қолданылатын сөздер қатарына терминдер, кәсіби сөздер, кітаби сөздер мен діни сөздерді (жаназа, жаннат, бейіш, тозақ, пітір, зекет, аят, имам, мүфти т.б.) жатқызуға болады.
Пассив сөздер – тілде сирек қолданылатын сөздер. Пассив сөздерге қазіргі кезде көнерген я көнере бастаған сөздер және көпшілікке әлі кең таралмаған жаңа сөздер – неологизмдер жатады. Жалпы алғанда қазақ тілінің жалпыхалықтық лексикасының стилистикалық тұрғыдан жіктелімін кесте түрінде төмендегідей көрсетуге болады:



Кесте 1. Жалпыхалықтық лексиканың стилистикалық тұрғыдан жіктелімі




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет