Тақырып бойынша орындалатын тапсырмалар: 1. Қазақ фразеологиялық жүйесінің академик І.Кеңесбаев зерттеулерінде.
2. Г.Смағұлованың қазақ фразеологиялық жүйесіне қатысты зерттеулері.
3. Қазақ фразеологиялық жүйесінің Н.Уәли зерттеулерінде.
4.Фразеологиялық тіркестер құрамындағы мағынасы күңгірттенген компоненттер. Этимологиялық зерттеулер жүргізу.
5. Қазақ тіліндегі антоним фразеологизмдердің танымдық негізі.
6. Көркем шығарма тілінен қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулерге байланысты мысал жазып, оның қолданыстық мәнін айқындау.
7. Қазақ фразеологизмдеріндегі синонимия құбылысы және варианттылықтың функционалды қызметі.
8. Ақын-жазушылар тіліндегі фразеологизмдер қолданысының стилистикалық қызметі.
Қазіргі қазақ тілінің этимологиялық жүйесі
Этимология ‒ жеке сөздер мен морфемалардың шығу тегін, формалық және семантикалық өзгерістерін зерттейтін тіл ғылымының саласы. Сөз тарихы, мағынасы тіл тарихымен, сол тілді жасаушы, қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты. Этимологиялық зерттеулер тіл білімін тарих, этнография, археология, әдебиет ғылымдарымен байланыста қарастырады. Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің басында, әрі түбіртануға қатысты Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, А.Ибатов, Б.Сағындықұлы, Ж.Манкеева, А.Салқынбай сынды ғалымдардың тұрғаны белгілі.
Қазақ лексикасының түрлі салаларға жіктелуі негізінде жүргізілген этимологиялық зерттеулер де әртүрлі. Мәселен, диалектілік лексикаға қатысты Ш.Сарыбаев, Ә.Нұрмағанбетов, О.Нақысбеков, С.Омарбеков, Ғ.Қалиев; топонимия саласына қатысты Ə.Абдрахманов, Е.Қайшыбаев, Р.Қонқашпаев; этнонимия жəне этнотопонимикаға қатысты Т.Жанұзақов, Ə.Абрахманов, Е.Керімбаев, Қ.Рысбергенова; кірме сөздерге қатысты Л.Рүстемов, Н.Қарашева, А.Құрышжанов; қос сөздер құрамындағы мағынасы күңгірттенген кмпоненттерге қатысты І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Ə.Қайдаров, Г.Жəркешова сынды ғалымдардың зерттеулерін айтсақ болады.
Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдар, А.Ысқақов, Н.Қарашева сынды тіл мамандары сөз мағыналарының түпкі төркінін іздеудің принциптерін, әдістерін сөз етумен қатар, кейбір жекелеген сөздердің этимологиясын ашып берді. Ақын‐жазушылар тіліндегі мағынасы күңгірттенген сөздерді түсіндіру арнайы зерттеулерге негіз болып жүр.
Лингвист-ғалымдар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ә.Нұрмағамбетов, Е.Жанпейісов, Ш.Сарыбаев, Ж.Манкеевалардың еңбектері этимология саласында ғылыми-теориялық негізі бар тұғырнамалық сипатты иеленеді. Академик Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» еңбегі ХҮ‐ХІХ ғасыр аралығында өмір сүрген ақын‐жазушылар шығармалары тілінде кездесетін мағынасы күңгірттенген сөздердің түпкі мағынасы ашылып, сөз семантикасындағы мағыналық өзгерістер талданып, олардың жұмсалымдық қызметі қарастырылады.
Қазақ тілінің тарихи жүйесін зерттеуде этимология ғылымның керек екені даусыз. Жеке сөздің, сөз жасайтын жұрнақтардың тарихын зерттеу үшін, әрқайсысының төркінін табу үшін этимологиясын ашу керек болады. Өйткені қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген көптеген сөздердің бұрынғы мағынасы күңгірттеніп немесе мүлде ұмытылып, тіл дамуының барысында жаңа мағынаға ауысып кеткендіктен о баста неден шыққанын болжай алмай қаламыз. Ғ.Мұсабаевтың айтуынша, көп буынды түбірдің тарихын ашқанымен, бір буынды түбірдің тарихын ашып беру мүмкін емес. Мысалы: ат, ай, күн, бас сөздерін этимологиялық тұрғыдан о бастағы шығу төркінін айқындау мүмкін емес.
Жалпы тіл білімінде бір буынды сөздер уәжсіз, көп буынды сөздер уәжді деп танылады. Мұның соңғысы этимология әдісі арқылы зерттеледі. Этимология тарихи-салыстырмалы әдіске сүйенеді. Түркі тілдерінің көп жағдайда түбірі анық көрініп тұратынын, сөздің этимологиясы басқа тілдермен салыстырғанда оңай ашылатынын ғалым Армени Вамбери де айтқан болатын. Тіл тарихы мәселелеріне шолу жасайтын болсақ, түркі тілдері бойынша алғашқы этимологиялық сөздік венгер ғалымы А.Вамбери тарапынан жарияланған болатын, одан кейін Э.Севортян көптомды жалпытүркілік этимологиялық сөздікті ұсынды.
Қазіргі қазақ этимологиясының алдында құрған өзекті міндеттердің бірі – этимологиялық сөздік жасау. Ә.Қайдардың айтуынша, ең алдымен, қазақ тілінің түбір сөздерінің этимологиялық сөздігін құрастыру керек. Ал мұндай сөздіктердің түзудің қағидалары мен әдістері А.Қайдардың «Структура односложных корней и основ в казахском языке», Е.Қажыбектің «Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках», Ж.Манкееваның «Қазақ тіліндегі байырғы түбірлерді жаңғырту» атты еңбектерінде жан-жақты дəйектеліп жазылған.
Тарихи лексикологияда үлкен мəн берілетін омонимия этимологияда омонимдердің жəне бір-бірінен алшақтап кеткен омонимдердің бірлігі мен əр тектілігіне байырғы мағынасы мен кейінгі мағынасын анықтайтын семантикалық реконструкциясымен байланысты. Осымен байланысты омонимдік түбірлер мен негіздердің үлкен топтарының гомогендігін (тектес) немесе гетерогендігін (əр тектес) анықтау жүзеге асырылады: балық «рыба» –
балық «город»; түбір морфемасы – бал//мал «водянистый», «болотистый» мағынасын білдіреді; осы түбірден қазақ тілінде Балқаш – «болотистая местность», «топь»; балшық – «жидкая грязь» тұлғасы қалыптасқан [1, 18].
Этимология негізінен екі салаға бөлінеді: ғылыми және халықтық этимология. Ғылыми этимология – сөз төркінін, морфемалар тарихын, дамуын дәл анықтап ғылыми түрде түсіндіруді мақсат етсе, халықтық этимология кейбір адамдардың сөз мағынасын өзінше тұспалдап, өзінше топшылау жасап түсініктеме беруін айтамыз. Тіл ғылымының негізгі нысаны – ғылыми этимология.