108-бап. Қорғаншылар мен қамқоршылар 1. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдарды;
3) өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерден шеттетілген адамдарды;
4) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшін жойған болса, бұрын бала асырап алушыларды;
5) денсаулығының жай-күйіне байланысты (осы Заңның 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы) баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, екі жыныстың да кәмелетке толған адамдары қорғаншылар (қамқоршылар) бола алады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек оның келісімімен ғана тағайындалуы мүмкін.
Егер бұл қорғаншылыққа алынушының мүдделеріне қайшы келмесе, қорғаншыны немесе қамқоршыны тағайындауда жұбайының, ата-анасының, туыстарының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басым құқығы болады.
Егер қамқорлыққа алынушылардың мүдделерінің арасында қайшылық болмаса, бір қорғаншыны немесе қамқоршыны бірнеше адамға тағайындауға жол беріледі.
3. Әрекетке қабілетті және ата-ана құқықтарынан айырылмаған, бірақ балаларының тәрбиесін жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы және қамқоршы тағайындалатын кезде, қорғаншылар және қамқоршылар ата-аналардың тілегі ескеріле отырып тағайындалады.
Балаға қорғаншы (қамқоршы) тағайындау кезінде қорғаншының (қамқоршының) адамгершілік және өзге де жеке қасиеттері, оның қорғаншылық (қамқоршылық) міндеттерді орындау қабілеті, қорғаншы (қамқоршы) мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншы (қамқоршы) отбасы мүшелерінің балаға деген көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкін болса, баланың өз тілегі ескеріледі. Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы немесе қамқоршы етіп тағайындалатын адам некеде тұрса, оның жұбайының келісімі талап етіледі.
4. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты қажет ететін және тиісті тәрбие, емдеу мекемелерінде, халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінде тұрып жатқан адамдардың қорғаншылары мен қамқоршылары осы мекемелердің әкімшілігі болып табылады.
Қорғаншының (қамқоршының) осындай мекемелерге баланы уақытша орналастыруы қорғаншының (қамқоршының) осы балаға қатысты қорғаншылық (қамқоршылық) құқықтары мен міндеттерін тоқтатпайды.
5. Қорғаншылар мен қамқоршылар өз қамқорындағылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды кез келген адамдарға қатысты, соның ішінде сотта арнайы өкілеттіксіз қорғай алады.
15-тарау. Қорғаншылардың (қамқоршылардың) және қамқорлыққа
алынғандардың құқықтық жағдайы