105-бап. Қамқоршылық 1. Қамқоршылық он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға белгіленеді.
2. Денсаулығының жай-күйіне байланысты өзінің құқықтарын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын және міндеттерді орындай алмайтын кәмелетке толған әрекет қабілеттілігі адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгіленуі мүмкін.
106-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдар 1. алып тасталды - 2006.01.10 N 116 Заңымен.
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын:
- кәмелетке толмағандарға қатысты білім беру мен денсаулық сақтаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы;
- кәмелетке толғандарға қатысты халықты әлеуметтік қорғаудың жергілікті уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады.
3. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үміткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргізуге және зерттеу актісін сотқа табыс етуге міндетті.
4. Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерінің міндеттерін осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ереже негізінде жүзеге асырады.
Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
107-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу 1. Қорғаншы және қамқоршы органдар қорғаншылық пен қамқоршылықты қажет ететін адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық белгілейді. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық қорғаншының (қамқоршының) тұрғылықты жері бойынша белгіленуі мүмкін.
2. Адамды әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш күн ішінде сот бұл туралы оған қорғаншылық және қамқоршылық белгілеу үшін сол адамның тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті.
3. Адамға қорғаншылықты және қамқоршылықты белгілеу қажеттігі туралы тиісті органдарға белгілі болған кезден бастап бір ай ішінде қорғаншылық және қамқоршылық белгіленеді.
4. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға мүдделі адамдар сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.