66-бап. Ата-аналардың басқа адамдардан балаларын талап етуге құқығы 1. Ата-аналар заң немесе сот шешімі негізінсіз баланы өз қолында ұстап отырған кез келген адамнан оны қайтаруды талап етуге құқылы. Дау туындаған жағдайда ата-аналар өз құқықтарын қорғау үшін сотқа шағымдануға құқылы.
Бұл тараптарды қарау кезінде сот баланы ата-анасына беру баланың мүдделеріне сай келмейді деген қорытындыға келсе, баланың пікірін ескере отырып, ата-анасының талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
2. Егер сот ата-анасының да, бала қолындағы адамның да оның дұрыс тәрбие алуы мен дамуын қамтамасыз етуге жағдайы жоқ екендігін анықтаса, сот баланы қорғаншы және қамқоршы органның қамқорлығына береді.
11-тарау. Ата-ана құқықтарынан айыру және оларды шектеу
67-бап. Ата-ана құқықтарынан айыру 1. Егер ата-аналар (олардың біреуі):
1) ата-ана міндеттерін орындаудан, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтаратын болса;
2) өз баласын перзентханадан (бөлімшесінен) не өзге де балаларды тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да мекемелерден алудан дәлелді себептерсіз бас тартса;
3) өздерінің ата-ана құқықтарын пайдаланып қиянат жасаса;
4) балаларға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде олардың денесіне немесе психикасына зорлық-зомбылық жасаса, олардың жыныстық пәктігіне қастандық жасаса;
5) заңдарда белгіленген тәртіппен маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған болса, олар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.
2. Өз балаларының не жұбайының өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған жағдайда ата-аналар (олардың біреуі) ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.
68-бап. Ата-ана құқығынан айыру тәртібі 1. Ата-ана құқығынан айыру сот тәртібімен жүргізіледі.
Ата-ана құқығынан айыру туралы істер ата-аналардың біреуінің (олардың орнындағы адамдардың), кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың (қорғаншы және қамқоршы органдардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің және басқаларының) арызы бойынша, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.
2. Ата-ана құқығынан айыру туралы істер прокурор мен қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қаралады.
3. Ата-ана құқығынан айыру туралы істі қарау кезінде сот ата-ана құқығынан айырылған ата-аналардан (олардың біреуінен) алимент өндіріп алу туралы мәселені шешеді.
4. Егер сот ата-ана құқығынан айыру туралы істі қарау кезінде ата- аналардың (олардың біреуінің) іс-әрекетінен қылмыстық жазаланатын әрекетті байқаса, мұны жеке қаулымен прокурор назарына жеткізуге міндетті.
5. Сот ата-ана құқығынан айыру туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күннің ішінде бұл шешімнің көшірмесін баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы мен қорғаншы және қамқоршы органға жолдауға міндетті.