69-бап. Ата-ана құқықтарынан айырудың салдары 1. Ата-ана құқықтарынан айыру балалармен туыстық фактісіне негізделген барлық құқықтардан, оның ішінде одан асырауға қаражат алу (осы Заңның 131бабы), сондай-ақ балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқықтарынан айырылуға әкеп соғады.
2. Ата-ана құқығынан айыру ата-аналарды өз баласын асырау міндетінен босатпайды, ол баланы асырап алу арқылы тоқтатылады.
3. Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрі бірге тұруы туралы мәселе сот тәртібімен шешіледі.
4. Ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айырылған бала ата- анасымен және басқа да туыстарымен туыстық фактісіне, оның ішінде мұра алу құқығына негізделген тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ мүліктік құқықтарын сақтап қалады.
5. Баланы басқа ата-анаға беру мүмкін болмаған кезде немесе ата- анасының екеуі де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқорлығына беріледі.
6. Ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарының (олардың біреуінің) өтініші бойынша қорғаншы және қамқоршы орган, егер бұл балаға зиянды ықпал етпесе, баламен жолығуға рұқсат ете алады.
7. Ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда баланы асырап алуға ата-ананы (олардың біреуін) ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешім шығарған күннен бастап кемінде алты ай өткенде жол беріледі.
70-бап. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру 1. Егер ата-аналар (олардың біреуі), мінез-құлқын, тұрмыс салтын және баланы тәрбиелеуге көзқарасын өзгертсе, олардың ата-ана құқықтары қалпына келтірілуі мүмкін.
2. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы істер қорғаншы және қамқоршы органдардың, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады.
3. Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтіру баланың мүдделеріне қайшы келсе, сот баланың пікірін ескере отырып, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы ата-ананың (олардың біреуінің) талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Он жасқа толған бала жөніндегі ата-ана құқықтарын қалпына келтіру баланың келісімімен ғана жасалуы мүмкін.
Егер бала асырап алынған болса және баланы асырап алудың күші жойылмаса (осы Заңның 96-бабы), ата-ана құқықтарын қалпына келтіруге жол берілмейді.