59-бап. Баланың қорғалу құқығы 1. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-анасы (олардың орнындағы адамдар), ал осы заңда көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады.
Кәмелетке толғанға дейін заңға сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылған кәмелетке толмаған адамның өз құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Баланың ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) тарапынан жасалған қиянаттан қорғалуға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде ата- анасының (олардың біреуінің немесе олардың орнындағы адамдардың) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу, оған білім беру жөніндегі міндеттерін орындамауы кезінде немесе тиісті дәрежеде орындамауы кезінде не ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) құқығын теріс пайдалану кезінде бала қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғанда - сотқа өзінің құқықтарын қорғау үшін өз бетінше өтініш жасауға құқылы.
3. Баланың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгендігі туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнінде баланың іс жүзінде тұратын жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті. Мұндай мәліметтерді алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті.
10-тарау. Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері
60-бап. Ата-аналардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі 1. Ата-аналардың өз балаларына қатысты құқықтары тең және міндеттері (ата-ана құқықтары) тең болады.
2. Осы тарауда көзделген ата-ана құқықтары балалары он сегіз жасқа (кәмелетке) толғанда, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар некеге тұрған кезде тоқтатылады.
61-бап. Кәмелетке толмаған ата-аналардың құқықтары 1. Кәмелетке толмаған ата-аналардың баласымен бірге тұруға және оны тәрбиелеуге қатысуға құқығы бар.
2. Некеге тұрмаған, кәмелетке толмаған ата-аналар олар бала туған жағдайда және олардың ана және (немесе) әке болуы анықталған жағдайда өздері он алты жасқа толғанда ата-ана құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Кәмелетке толмаған ата-аналар он алты жасқа толғанға дейін қорғаншы және қамқоршы орган балаға қорғаншы тағайындайды, ол баланың кәмелетке толмаған ата-аналарымен бірге оны тәрбиелеуді жүзеге асырады. Баланың қорғаншысы мен кәмелетке толмаған ата-ананың арасында туындаған келіспеушілікті қорғаншы және қамқоршы орган шешеді.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың жалпы негіздерде өздерінің әке және ана болуын мойындауға және оған дау айтуға құқығы бар, сондай-ақ олардың он төрт жасқа толғаннан кейін сот тәртібімен өз балаларына қатысты әке болуын анықтауды талап етуге құқығы бар.