65-бап. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыруы 1. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасауға, оны тәрбиелеуге және баланың білім алуы мәселелерін шешуге қатысуға құқығы бар.
Бала бірге тұратын ата-ана, егер мұндай қарым-қатынас жасау баланың дене және психикалық денсаулығына, оның адамгершілік дамуына зиян келтірмесе, баланың екінші ата-анасымен қарым-қатынас жасауына кедергі болмауға тиіс.
2. Ата-аналары бөлек тұрып жатқан жағдайда балалардың тұратын жері ата-аналарының келісімімен белгіленеді.
Келісім болмаған жағдайда ата-аналардың арасындағы дауды балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып сот шешеді. Бұл орайда сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-інілері мен апа- сіңлілеріне (қарындастарына) үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасында орын алған қатынастарды, олардың дамыту және тәрбиелеу үшін балаға жағдай жасау мүмкіндігін (ата-аналар қызметінің түрі, жұмыс режимі, материалдық және отбасылық жағдайы және т.с.с) ескереді.
3. Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқығын жүзеге асыру тәртібі туралы жазбаша түрде келісім жасасуға құқылы.
Егер ата-аналар келісімге келе алмаса, ата-аналардың (олардың біреуінің) талап етуі бойынша дауды қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен сот шешеді.
4. Соттың шешімі орындалмаған жағдайда кінәлі ата-анаға заңдарда көзделген шаралар қолданылады.
Сот шешімі қасақана орындалмаған жағдайда баладан бөлек тұратын ата- ананың талап етуі бойынша сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, баланы соған беру туралы шешім шығара алады.
5. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың өз баласы туралы тәрбие, емдеу мекемелері мен басқа да мекемелерден ақпарат алуға құқығы бар.
Ақпарат беруден ата-ана тарапынан баланың өмірі мен денсаулығына қатер болған жағдайларда ғана бас тартылуы мүмкін. Ақпарат беруден бас тартуға сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.