14.«Әліппені» оқыту барысында жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері Бүгінгі бастауыш сынып мұғалімдері, сондай-ақ кейбір әдіскерлер де бірінші сынып оқушыларының тілін дамыту жұмыстарын ең әуелі олардың сөздік қорын байытудан, жаңа сөздер үйретуден, бұрын білетін сөздерінің мағыналарын нақтылаудан, басқаша айтқанда, сөздік жұмысынан бастап жүр. Олар сөз тіркестері мен сөйлем құрату, балалардың байланыстырып сөйлеуін дамыту жұмыстарына сөздік жұмысынан кейін, екінші кезекте көшу қажет деп есептейді.
Алайда мұндай жүйе бастауыш сыныптағы оқытудың барлық кезеңдерінде, әсіресе, сауат ашу барысында оң нәтиже бермейді. Себебі, бірінші сыныптың есігін жаңа ашқан балалар «сөз», «сөйлем» дегеннің не екенін білмеуі мүмкін, бірақ олардың бір қатары бірнеше сөйлемнің басын құрап, көрген-білгенін ауызша айтып бере алатынын анықтау тәжірибесі көрсетті.
Сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының жүйесі бастауыш мектептің басқа сыныптардағы жұмыстарға ұқсай бермейді. Себебі сауат ашу барысында оқыту ісі талдау және жинақтау үдерісінің бірлігінен тұратынын жоғарыда айтқанбыз. Яғни әліппеге дейінгі кезеңде, негізінен, оқушылардың бұрыннан қалыптасқан сөйлеу дағдыларына сүйеніліп, оларға мәтіннен сөйлемді, сөйлемнен сөзді, сөзден дыбысты бөлгізу жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде балаларды байланыстырып сөйлеу дағдылары бағаланып, оларға сөйлем мен сөз туралы түсінік беріледі. Әрине, әліппеге дейінгі кезенде заттарды тегіне, түріне т.б. белгілері бойынша топтатқызу бойынша жұмыстары нәтижесінде балалардың сөздік қорын жүйелеу жұмысы да жүзеге асырылады. Бірақ бұл кезендегі негізгі міндет – балалардың байланыстырып сөйлеу дағдысы арқылы оларға сөйлемнің, сөздің, дыбыстың ерекшеліктері туралы ұғым беру.
Әдебиеттік оқу пәнінен өлеңді оқыту әдістемесі
Бастауыш сыныптарда өлеңдерді оқыту.Өлеңдердің тәрбиелік мәні.
Бастауыш сынып оқулықтарында берілген өлеңдер алуан түрлі:
— кейбірі белгілі бір оқиға құрылса (Ө.Тұрманжановтың «Қарлығаш»).
— кейбірі табиғат құбылыстары жайында (Күз, Жазғы дала, Жазғытұрым, т.б.)
— кейбірі автордың көңіл-күйін, асқақ ойын білдіреді (М.Мақатевтың «Үш бақытым»).
Өлеңді оқыту тәртібін шамамен былайша беруге болады:
1. Өлең оқылмас бұрын оның мазмұнына қарай әңгіме өткізіледі. Онда өлең жолдарында кездесетін оқушы түсінігіне қиын сөздердің мағынасы түсіндіріледі.
2. Егер өлең көлемі өте ұзақ болмаса, онда мұғалім үлгі ретінде мәнерлеп оқып шығады. Осы кезде оқушылар өз кітаптарынан іштей бірге оқып отырады.
3. Оқушылар дауыстап, мәнерлеп, дұрыс оқиды.
4. Өлең мазмұны талданады. Көлемді өлең бөлімдерге бөлініп талданса, ал қысқа өлеңдер тұтас талданады.
5. Өлең мазмұны бойынша сұрақ-жауап әдіс қолданылады.
6. Өлеңді екінші рет, қорытындылау мақсатында оқуға дайындық жұмысы жүргізіледі (оқу техникасы, мәнерлеп оқу, дауыс сазы, хормен оқу, жеке оқушыға оқыту, т.б.).
Өлеңдердің тәрбиелік мәні.
Өлең– қоғамдық тұрмысты ең шоғырлы түрде бейнелеп беретін, терең идеялық мазмұнға, күшті де нақты сезімге, аса бай бейнелеу қуатына, жанды да бейнелі тілге, белгілі ұйқас пен ырғаққа ие ең ықшам әдеби форма.
Оның басты ерекшеліктері мыналар:
— Өлеңде шындық өмір мен адамдардың көңіл-күй сезімі аса шоғырлы түрде жинақталып бейнеленеді.
— Өлең аса күшті сезімге және мол көркемдеу амалына сүйеніп, өмірді жинақы да бейнелі бейнелейді, әсіресе, сезім өлеңнің жаны ретінде есептеледі. Сезімнен айырылған өлең өзінің өміршеңдік қуатынан да айырылады.
— Өлеңдегі бейнелі ой басқа жанрларға қарағанда тіпті де күшті болады.
— Өлеңнің мазмұны шындық өмірдің өскелең дәрежедегі ықшам көрінісі болғандықтан, оның тілі ықшам, дәл, анық, бейнелеу қуаты күшті, өлеңдік бояуы қанық, алуан түрлі болуы талап етіледі.
— Өлеңнің тілі ырғақты, лепті және әуенді болуы талап етіледі. Өлең талабының әуендігі дегенде, біріншіден, өлеңдегі ырғақ ескерілсе, екіншіден, ондағы ұйқас, буын сияқтылар ескерілуі тиіс.