3. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, оның себептері, қозғаушы күштері, басталуы, барысы және негізгі кезеңдері. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының ғасырдан астам уақытқа созылған ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымұлы, Сыбанқұл Ханқожин және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев сияқты ел таныған көсемдер мен батырлар бастап шықты.
1916 жылғы көтеріліс, Кенесары Қасымұлы басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалысынан кейінгі кең-байтақ қазақ даласының барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. Көтерілістің басты себептері: әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Отаршылдық езгінің күшеюі, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халқының жерлерін тартып алудың жалғасуы, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюы, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуі көтерілістің басталуына себеп болды.
Көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы «Реквизициялау туралы» жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен жолдар салу, окоп қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтан 240 мыңға жуық) алу белгіленді.
Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімшіліктердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді.Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласты. Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан либерал-демократияшыл зиялылардың жетекшілері (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, т.б.) патша әкімшілігінен тыл жұмысына адам алуда асықпауды өтініп, керісінше дайындық шараларын жүргізу жөнінде ұсыныстар жасады, көтеріліске шыққан халық патша өкіметі тарапынан аяусыз жазалауға ұшырайтынын ескертіп, көпшілікті жарлықты орындауға қарсылық көрсетпеуге шақырды.
Он алтыншы жылғы көтеріліс Қазақстанның барлық аймақтарында қатаң басып-жанышталды.
1916 жылғы көтерілістің жеңілуінің себептері:
1. Көтеріліс бытыраңқы болып, көтерілісшілер тарапынан ынтымақтың болмауы.
2. Көтерілістің ұйымдастырылуы мен басқарылуы дұрыс жүргізілмеді.
3. Әскери қарудың жеткіліксіздігі.
4. Патша үкіметі жергілікті жердегі руаралық, ұлтаралық діни тартыстар мен қайшылықтарды шебер пайдаланды.
Бұл көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Ол Ресейдегі әскери-әкімшіл және отаршыл басқару жүйесінің іргесін шайқалтты және шығыстағы отар халықтарда ХХ ғасырдың басында өріс алған ұлт-азаттық қозғалыстардың құрамдас бір бөлігі болды.Көтерілістің тарихи маңызы:
1. Қазақ халкының революциялық таптық санасы өсті.
2. Қазақстан халықтары ұлттық мүдделерінің ортақтығын ұғынды.
3. Қозғалыс барасында өкімет құрылымы, қарулы күштер, басқару аппараты құрылды.
4. Отаршылдыққа қарсы азаттық күрестің шырқау шыңы болды.