Ассамблеяның негізгі міндеттері - этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту;
- қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;
- азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру;
Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;
Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі. Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары құрайды.
Ассамблея Сессиясы – Ассамблея мүшелерінің жиналысы Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессияны шақыру туралы өкім кезекті Сессияның еткізілетін күні, орны жене күн тәртібі көрсетіліп, ол басталғанға дейін отыз күннен кешіктірілмей қабылданады, бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея Төрағасының, Ассамблея Кеңесінің бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады жене оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
№61. Қайта құру мен жариялылықтың экономикаға әсері мен экономикалық тәуелсіздіке жету шараларының жартыкештік сипатына талдау жасаңыз. 1985 жылғы наурызда Н.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК-нің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде КОКП ОК-тың пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. М.С.Горбачев саясатының ұрандары: жариялылық жеделдету, қайта құру. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды. Сонымен партия елде жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғышқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзірбайджанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен күнге қиындай берді. Қайта құру бағытының қарама-қайшылығы. 1987 жылы қантар айында болып өткен КОКП ОК-нің Пленумында «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселе талқыланды. Қаулының кемшіліктері: 1. Дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады. 2. Жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды. 1987 жылғы маусым Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселеріне арналды. Пленум әзірлеген құжаттар негізінде «Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң» қабылданды. Бұл заңда тауар-ақша қатынастарының рөлі айқындалды. Мемлекеттік кәсіпорындар дербес тауар өндірушілер ретінде қарастырылды. Шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістерін меңгеруге көшуге негіз жасалды. Ұзақ мерзімді жоспарлау орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шаралар іске асырылмады. Қоғамның саяси құрылымдарын жаңартпайынша, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі айқын болды. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын тауарлар жоғала бастады, азық-түлік түрлері нашарлады. 1988 жылғы маусым айында болған КОКП XIX Бүкілодақтық конфернцияда қоғамның әлеуметтік экономикалық жүйесіне талдау жасалып мынандай шешімдер қабылдады: 1. Саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметік – экономикалық өзгерістер жасау мүмкін еместегін мойындау.
2. Демократияландыру мен жариялылық.
3. Төрешілдікке қарсы күрес.
4. Халықтық реформа жүргізу.
5. Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын жүзеге асыру.
Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа еңгізу керек болды.
№61. Көрнекті мемлекет қайраткері Д.А. Қонаевтың қоғамдық-саяси қызметіне сипаттама беріңіз.
Қазақстан тарихында Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың өмірі мен қызметі халық үшін қалай өмір сүру мен еңбек ету керектігінің тамаша үлгісі болып қалады. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, 8 Ленин орденімен, КСРО, шетелдік мемлекеттердің басқа ордендерімен және медальдарымен марапатталған. Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткері, ғалым, Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев 1912 жылғы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген. Дінмұхамед оқу озаты болмаған, бірақ қиын ғылымдарды үлкен сүйсінушілікпен меңгерген. Мектептегі сабақтарынан кейін республика Мемлекеттік жоспарының аудандандыру секторында статист болып жұмыс істеген, ал кешке институтқа даярлық курстарында білім алған.1931 жылы жас Д.А. Қонаев Мәскеуге Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен М.И. Калинин атындағы Мәскеу түсті металдар және алтын институтына оқуға түсу үшін барады. 1936 жылғы шілде айында Д.А. Қонаев институттың тау-кен факультетін бітіріп, Қоңырат-Балқаш құрылысына жіберіледі. Д.А. Қонаев бұрғылау станогының машинисі, шебер, ауысымдық инженер, Қоңырат кенішінің директоры қызметтерін атқарды. 1938 жылғы қараша айында тұңғыш Балқаш мысы алынды. Д.А. Қонаев мемлекеттік награда – «Еңбектегі озаттығы үшін» медалін иеленді. 30 жасында Д.А. Қонаевқа мемлекеттік басқарудың аса жауапты бөлігі, қазіргі шамамен — Премьер-министр орынбасарының постысы тапсырылған. 1949 ж. ақпанның аяғында Қазақстан коммунистерінің 6-шы съезінде Д.А. Қонаев алғаш рет ОК мүшесі болып сайланды Партиялық және шаруашылық басқарудың барлық жолдары тоғысқан, Үкімет төрағасының және Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы постысында 30 жылдан астам уақыт болып, Д.А. Қонаев Қазақстанның гүлденуі, оның өндірістік күштерінің дамуы, халық игілін арттыру үшін өте көп еңбек етті. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний, Соколов-Сарыбай, Лисаковск, Балқаш, Жезқазған кен-металлургия комбинаттары құрылды және дамыды. Оның көмегімен химия, металлургия институттары пайда болды, қазақстандық ВАСХНИЛ, Ақмоладағы Бураевский институты әлеуметтік тапсырыстар пакетін алды, ядролық физика саласында қарқынды жұмыстар басталды; Орта Азия әскери округі, әскери-инженерлік база құрылды. Нағыз интернационалист ретінде Д.А. Қонаев өзінің көп ұлтты халқын жақсы біліп қана қоймай, сонымен бірге оны сүйген, оның патриотизмін, еңбек сүйгіштігін, өзін-өзі құрбандыққа шалуын және рухани ұлылығын жоғары бағалаған. Д.А. Қонаевтың Қазақстан экономикасы мен мәдениетіне қосқан үлесі орасан. Өзінің игі істерімен ол Отанының даңқын биікке асқақтатты, өзінің есімін мәңгі етті және Қазақстан деп аталатын елінің тарихында мәңгілікке қалды.
№62. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының Ұлы Дала тарихымен сипаттаңыз. Қазақстан Республикасы жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қазіргі заманның бір ерекшелігі – жаһандану үдерісінің белсенді қарқын алуы. Бұл – ширек ғасыр бойында өз алдына дербес ел болған мемлекетіміз үшін аса жауапты шақ екені даусыз. Жаһандану үдерісіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай «...өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Осы орайда Қазақстан қоғамында рухани жаңғыру бағдарламасы аясында кешенді түрде ауқымды шаралар назарға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 21 қарашасында тарихи сананы одан әрі жетілдірудің заманауи үлгісін ұсынып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты еліміздің болашаққа бой сермейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын тың бастамалар негізіндегі мақаласын жариялады. Бұл мақала «Қазақстан – 2050», «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел», «Халық тарих толқынында» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегияларымен үндесетін тарихи-мәдени серпілістің айқын көрінісі, отандық патриотизмді, ұлттық сананы жандандыратын, халқымызға рух беретін құжат деуімізге болады. Елімізде қоғамдық-саяси жаңғыру өз кезегінде рухани қайта түлеу негізінде жалғасын тапқан сәтте, тәуелсіз еліміздегі азаматтардың тарихи санасын қалыптастыра отырып, Ұлы дала тарихының қазыналарын толықтыру және егемен еліміздің жаһандық тарихтағы өзіндік орнын айқындау мемлекеттік саясаттың басым бағытының негізгі көрсеткішіне айналды. Рас, ұлтымыздың тарихы бір-екі ғасырлық тарихи оқиғалардан тұрмайды. Сақ, ғұн, түркі дәуірі мен моңғол шапқыншылығы тұсындағы тарихи оқиғалар қазақ жерімен тығыз байланысты. Осындай сан ғасырлық тарихи үдерістер барысындағы өткен оқиғалардың желісі мен мағынасы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ, тарихи тағылым. Ұлы Дала жерін түрлі тарихи кезеңде мекен еткен тайпалар мен олардың құрған мемлекеттері қазақ тарихының ажырамас бөлшегі болып табылады. Көшпелілікті өмір салты етіп таңдап алған ата-бабаларымыз ұзақ ғасырлар бойына өзіндік ерекшелік пен бірегейлікке құрылған мәдениеттің негізін қалап, өркениеттілікке қол жеткізе алды. Алайда бабаларымыздың бұл жетістіктері ескерусіз қалып, тіпті мойындала да қойған жоқ. Өркениет пен мәдениеттің бастауын Еуропадан іздеген еуроцентристтік зерттеушілер көшпелі қоғамды жабайы қоғам ретінде елестетіп, өркениеттен гөрі тағылыққа жақын деп санады. Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлігі жоғары әрі жаһандану заманында өзіндік нақышын жоғалтпаған ұлтты қалыптастыру саясатындағы басым бағыттарының бірі – Ұлы Дала жеріндегі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, халқымыздың отаншылдық рухының келбетін аша отырып, аса бай рухани тарихы бар ел ретіндегі түсінікті азаматтардың санасына берік ұялату. Ұлы Дала тарихының түрлі кезеңдері өскелең ұрпақты бір идеяға жұмылдырып қана қоймай, рухани жаңғыруына жағдай жасайтын тарихи оқиғаларға бай болғандықтан, оны жастар арасында насихаттау заман талабынан туындап отырғаны ақиқат.