2. Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы Жамбыл Жабайұлы (28 ақпан 1846, Жамбыл тауы-22 маусым 1945, Алматы) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, ХХ ғасырдың Гомері, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал –құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды. Жамбыл Жабаевтың көптеген өлең, айтыс, дастандары бар Жамбыл Қазақстан тарихында құрметті орын алады. Ол өз артында ерекше бағалы шығармашылық мұра қалдырды. Оның шығармашылығы ұлттық қана емес, әлемдік әдебиеттің жетістігі болып саналады. «...Ақынның шығармашылығы поэтикалық және әлеуметтік тақырып жағынан сан алуандығымен отандастарына ғана емес, одан тыс жерлердегі оқырмандарды да тәнті етті», - делінген бұрынғы және қазіргі ақындар мен ойшылдардың әдеби мұрасын жариялайтын ИПЦ «Русский раритет» баспаханасынан жарық көрген «Джамул Джабаев. Избранное» атты кітаптың кіріспе сөзінде. Ақын өз заманының адамы ретінде оны шынайы түрде дәріптей білді. Жамбыл өлеңдері қазақ ауылындағы жаңа өмірдің бір бөлшегіне айналды.