Есімді сөз тіркесі.Етістікті сөз тіркесі Тұрғын үй, орындалған арман, балаға мейірімді, көп қабатты үй, жүгіріп келген бала, өнегелі өмір. Үйге келу, жиналысқа қатысу, телефон арқылы сөйлесу, ерінбей еңбектену, ауланы тазалау, т.б.
Сөз тіркесі болу үшін сөздер белгілі заңдылықпен байланысады. Сөздер бір-бірімен төрт тәсіл арқылы байланысады: 1) жалғау арқылы; 2) шылау арқылы; 3) орын тәртібі арқылы; 4) интонация арқылы.
Сөздердің септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары арқылы байланысуы жалғау арқылы байланысу деп аталады.
Қазақ тіліндегі сөздердің байланысуының бес түрі бар: 1) қиысу; 2) матасу; 3) меңгеру; 4) қабысу; 5) жанасу.
Сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен қарым-қатынасқа түскенде, бір жағынан, сол тіркеске тән лексика-грамматикалық мағына да пайда болады. Сөз тіркесіндегі грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің арасындағы үш қатынастан пайда болады. Олар: анықтауыштық қатынас, толықтауыштық қатынас және пысықтауыштық қатынас.
2.Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» роман-дилогиясындағы батырлық пен қаһармандық бейнесі. Шығарманың туу тарихына келер болсақ, Қаракерей Қабанбайдың өмірімен тікелей байланыстырамыз. Неге басқа кейіпкерді алмады? Меніңше, автордың негізгі мақсаты да осы тұста аңғарылады. Өйткені, Найманның Төлегетай руынан тараған Қаракерей Қабанбай ғұмыры жазушыға бала күннен таныс. Образды санасына әбден сіңдіре білген. Басты кейіпкері жайлы біршама мәлімет жинақталған. Қабанбай жорықтары мен жүріп өткен жолдары көз алдына таныс, етене жақын пейзаждар. Қаламгер Алтай өңірін бес саусағындай біледі десем артық айтқандық болмас. Себебі, қай шығармасында да Барқытбелдің сілемі, Алакөлдің тұнығы айтылмай қалмайды. Оның үстіне тарихи шығармаға дәл осы роман алдында да бірнеше кезеңдік дайындықтардан өткен. Оған дәлел ретінде Соңғы көш, Көкейкесті, Тағдыр сынды шығармалар желісіндегі детальдарын анық көре аламыз. Әдебиетте шығарманың теориялық толғамдарына терең үңілу үшін бірнеше принциптерге жүгінеміз. Дарабоз романында баяндалатын негізгі сюжет – қазақ халқының азапты ғұмыры, таққа талас, қазақ – жоңғар, қазақ – ойрат арасындағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыстар, Қабанбайдың азаттық жолындағы көзсіз ерлігі, одан бөлек автор оқырманды жалықтырып алмас үшін аңыздарға, би-шешендердің афоризмдік дағдыларына да тоқталып өткен. Шығарманың негізгі идеясы – азаттықты аңсаған алаштың алыптарын асқақтау. Сол тұрғыда бірінші позицияда көрінетін кейіпкер – Қабанбай образы. Тақырыбына келер болсақ, жалпыға түсінікті Қабанбайдың ерекше есімдерінің бірі Дарабозды басты фишкасы етіп ала білген. Тақырып – іргетас. Автор қателеспеген. Қысқа да нұсқа. Қойылған тақырып шығарманың өн бойынан өз есімін көрсетті.
Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құла түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, құдайға шүкір, болған. Тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да иілмеген, сынбаған қазақ жұрты Жұмаділов қаламынан "Дарабозды” туғызды, имандылық пен инабаттылықты келер ұрпақ санасына сіңірейін деп. Қ.Жұмаділов – халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді.
Қ.Жұмаділовтің "Дарабозы” – ХVІІІ ғасырдағы қазақтың Отан соғысының оқиғалардың тарихи шежіресі екендігіне ешкім де дау айта қоймас.Қ.Жұмаділов аталмыш туындыларында жеке тұлғаларды даралай білді, егер тарихтың қозғаушы күші – халық екені рас болса, сол халықты бастайтын серкесі бар емес пе? Қаламгерді толғантқан осы жайттар еді, нәтижесінде Қабанбай, сондай-ақ қазақтың ұлы Бөгенбайлар тұлғасы оқырманға жол тартты. Бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтқан, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе – жазушы бойындағы дала табиғатының, сол даланың еркін перзенттерінің қайсар мінезі… Жазушы тағылымы әр жұмыр басты пендені өзін-өзі тануға итермелейді, мынау жалпақ жер бетіндегі Адам деп аталатын тіршілік иесі өзін-өзі таныса, өз іс-әрекетіне есеп беріп отырса, зұлымдық қайдан келеді – деген сауал төңірегінде толғаныс жасауға шақырады.
3.Қазақ тілінің лексикасын оқытудың мақсаты мен міндеттері. Оқушы тілінде байқалатын лексикалық қателер және оларды болдырмау жолдары. Лексиканы меңгерту барысында оқушыда қалыптастырылуы тиіс машық-дағдылар. Лексиканы оқытудың білімдік, танымдық маңызы тіл білімі туралы ұғымды терең меңгертумен қатар, тілдің ең кіші бөлшегі- сөздің фонетикамен, морфологиямен, синтаксис және стилистикамен байланысын түсіне білуге, яғни, бүкіл тілдік жүйені меңгерумен орай оқушының ана тілі арқылы материалистік көзқарасының қалыптасуына мүмкіндік жасайды.
Екінші, тіл дамыту мақсатын ескеретін, яғни жиі қолданылатын лексика мен сирек қолданылатын лексиканы бөлек-бөлек іріктеуді талап ететін ұстанымдар:
а) Бағдарламада белгіленген тақырыптарға сәйкестік ұстанымы. Бұл ұстаным бойынша лексикалық білім беруде қазақ тілі пәні материалдарына, тақырып мәселелеріне сәйкес келетін сөздер енгізіледі.
ә) Ұғымды бейнелеу ұстанымы. Бұнда ұғым мәні бойынша сөздердің бейнелегіштік және көркемдегіштік қасиеттеріне байланысты сөз таңдап енгізу ұсынылады. Бұл ұстаным өз ойын бейнелеп, көркемдеп жеткізу үшін сөзді стилистикалық тұрғыдан дұрыс қолдануға үйретуде негізге алынады. Мәселен, бала сипаттау мақсатында мәтін құрастыру үшін онда тілдің көркемдегіш және бейнелегіш құралдарын қолдана білу дағдыларының болуын талап етіледі.
б) Семантикалық ұстаным бойынша минимумға бағдарламалық материалдарға байланысты аса маңызды сөздер іріктелініп алынады. Мысалы, тіл білімін игеру үшін терминдер ұғымы игертіледі. Олай болса, оқушыға сол сыныпта оқытылатын пәндер бойынша терминдік сөздер таңдаулы қажет.
Адамның сөйлеу әрекеті, оның құрылымдық типологиялық ерекшеліктері жоғары лингвистикалық шамалар лексикалық, морфологиялық, семантика-синтаксистік ерекшеліктер нәтижесінде қалыптасады.
Мектепте сөздік жұмысы бес бағытта жүргізілді:
1) Балалардың сөздігін байыту, яғни оқушыларға бұрын сөйлеуінде қолданылмаған жаңа сөздер үйрету, олардың мағынасын, ұғымын түсіндіру;
2) Сөздіктерін анықтау, яғни бұрыннан білетін сөздерінің мағына, ұғым түсініктерін тереңдете түсу;
3) Сөзді сөйлеу әрекетінде орынды қолдануға мүмкіндік жасау, яғни әрбір оқушы сөйлегенде, сөйлем құрағанда, мүмкіндігінше, ыңғайына қарай сөздік қорын молайту;
4) Әдеби тілге жатпайтын сөздермен таныстыру, тіл мәдениетін арттыру.
5) Сөзді сан жағынан және сапа жағынан байыту .
Синонимдердің мағыналарының бір-бірінен айырмашылығын, және мағыналардың осы көріністері мәтіндегі қолданылатын сөзді таңдауды айқындайды, оқушылардың тіл дамуын жетілдіреді, сөзді дұрыс, нақты қолдануға дағдыландырады.
Лексикалық бірліктерді орнымен қолдана білуді жаттықтыру мақсатында талап қоя отырып, олардың көп мағыналы, синоним және фразеологиялық тіркестерді қолдану дағдысы бойынша мазмұндама алынды.
Білім бекіту жұмысы ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары арқылы жүргізіледі. Олардың негізгі түрлері мыналар:
1. Көру, есту қабілетіне сүйенетін көшіріп жазулар.
2. Орфографиялық тапсырмалар. Мысалы, әдейі қалдырылған әріптерді тауып сөзді толықтыру немесе сөз тұлғаларын өзгерту.
3. Есту, көру қабілетіне сүйенетін әр алуан диктанттар мен мазмұндамалар.
4. Әр түрлі шағын шығармалар.
Қазақ тілі пәнінен тоқсандық, жылдық бір ғана жиынтық баға қойылады. Соның өзінде тоқсан бойындағы бағалар негізге алынады.
Оқыту әдістемесі дегеніміз – белгілі бір пәнді оқып үйрену кезінде мұғалімнің оқушы әрекетін ұйымдастыру тәсілі. Оқыту әдісінің қай-қайсысы болсын, мұғалім мен оқушылардың өзара байланысын көздейді, олар оқыту процесінде бір-бірімен тығыз байланысты болады.
Осы саланы зерттеуде профессор Қ.Жұбановтың, академик І.Кеңесбаевтің, Ғ.Мұсабаевтың, Ә.Болғанбаевтың, Ғ.Қалиұлының көптеген зерттеу жұмыстары нәтижелі болды. Бұл қазақ тілі лексикасының біршама жетілген сала екендігін көрсетеді. Дегенмен лексика мен лексикология терминдерінің синонимдік қолданылуы лексикалық зерттеу объектілерін жүйелі қарастыруда біршама қиындық туғызады. Ғалымдардың пікірінше, лексика терминін лингвистиканың негізгі салаларының бірі деп танып, оның ғылыми объектілерін содан шығатын жүйе деп білу методикалық тұрғыдан тиімді болар еді. Ал лексиканы оқыту әдістемесі аз зерттелген сала. Алайда осы саланы зерттеуде орыс ғалымдары А.А.Текучевтің және М.Т.Барановтың зерттеулерінен методикалық бағыт алуға болады. Қазақ ғалымдарынан 1965 жылдан бастап қазақ тілін оқыту методикасына үлес қосқан Б.Кәтенбаеваның "Сөз құрамын” оқыту (1968), А.Айғабыловтың "Лексиканы оқытудың кейбір мәселелері” сияқты еңбектерін атауға болады.
1962 жылы жасалған жаңа бағдарламадағы өзгешеліктер, негізінен, мынадай бағытты көздеді: біріншіден, бағдарламаға "Лексика” бөлімі енгізілді. Бұның енгізілу себебі мектепте жүйелі түрде сөздікпен жұмыс істеу болмайтын, оқушыларға негізгі лексикалық түсініктер берілмейтін. Тек мағыналық ұғымдар (сөз мағынасы, омоним, антоним, синоним) ғана өтілетін. Сондықтан бағдарламада лексикаға арнайы орын берілді. Екіншіден, сөздің жасалуы бағдарламаға да, оқулыққа да енгізілмеген еді. Бұл материал тек "Сөз құрамы” деген атпен жол-жөнекей ғана өтілетін. Демек, оқушының тілін дамытуда болсын, логикалық ой-өрісін жетілдіруде болсын сөз тудыру, оның жасалуы жөнінен мәлімет берудің қажеттілігі ескерілді. Әсіресе, сөз тудыру мәселесі лексика, грамматика, орфография тарауларын оқытуда негізгі мәселелердің бірі деп саналып, бағдарламаға "Сөздің жасалу жолы” тақырыбы қосылды.