3.«Оғыз-нама» жыры жайлыәңгімелеңіз Оғызнама – түркі халықтарының ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде баяндайтын эпостық дастан.
Шығарма алғаш ауызша туындап, бертін келе қағазға түсірілген. «Оғызнаманың» екі нұсқасы бар: бірі – көне ұйғыр әрпімен 13 – 14 ғасырларда көшірілген, Париждің Ұлттық кітапханасында сақтаулы. Оның көлемі небәрі 42 бет, әр беті 9 жолдан ғана тұрады. Бұл нұсқаны алғаш В.В. Радлов орыс тіліне аударған. Кейін А.М. Щербак тілдік тұрғыдан зерттеп, ғылыми түсініктерін жаза отырып, қайта аударған, ол қолжазбаны түпнұсқа деп танымай, оның көшірмесі деген пікірге келген. Екіншісі – араб әрпімен жазылған, тарихшы, Хиуа ханы Әбілғазы нұсқасы. Әбілғазыдан мұраға қалған екі еңбек бар, бірі – «Шежіре-и тарахима», («Түрікмен шежіресі, 1661), екіншісі – «Шежіре-и Түрк» («Түркі шежіресі»). Екі шығарма да Оғыз батырдың ерлік жорықтары, ұрпақтарының игілікті істері, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, т.б. жайлы жазылған. «Оғызнамада» батыр ұйықтап жатқанда шатырына көктен нұр сәулесінің түсуі, сәуле ішінен көкжал қасқыр шығып, оның қалың қолды бастап жүруі, аспаннан түскен сәуледен сұлу қыздың шығуы секілді діни-мифологиялық көріністер орын тепкен. Оғыз қағанның анасы Айқаған бейнесін ғалымдар отбасы қамқоршысы Ұмай-ана бейнесімен байланыста қарайды. Дастандағы мәліметтерді:
Оғыз-түрікмен эпосына негізделген (Оғыз бен оның ұрпақтарының жорықтары туралы аңыздар);
Тарихи негізі бар, бірақ бізге аңыз күйінде жеткен (оғыз тайпаларының көшіп-қонуы, қоғамдық-әлеум. өмірі туралы деректер);
Оғыз елінің көрші тайпалармен, тайпа бірлестіктерімен қарым-қатынасы жайлы аңыздар деген топтарға бөлуге болады.
Айқаған атты анадан Оғыздың туылуы; күн санап алып болып өсуі; 40 күннен кейін аңға шығуы, аң аулаудағы ерлігі, Қият сияқты тажал аңды жеңуі; үйленуі; екі әйелінен 6 бала (1-әйелінен 3 ұл: Күн, Ай, Жұлдыз; 2-әйелінен үш ұл: Көк, Тау, Теңіз) сүюі; дүниенің төрт бұрышына жасаған жорықтары; достарын құрметтеп, бағынбағандарға соғыс ашуы; Үрім қағанын талқандауы; Қыпшақбектің оғыз әскерін ағаштан жасалған сал арқылы Еділден өткізуі; жолда Оғыздың айғырының қарлы тауға қашып кетуі; Қағарлықтың (бұл атты оған Оғыз қояды) оны тауып әкелуі; Темір Қазы шеберді іргесі алтын, төбесі күміс, есігі берік үйге тастап кетуі; Оғыздың Жүржіт ханымен соғысуы, оны жеңуі; қартайған шағында ақылшысы Ұлы Түрік данагөйдің ақылымен ел-жұртын жинап, той жасап, жерін алты ұлына бөліп беруі.Үзінді:
«Күндерде бір күн Оғуз қаған бір жерде Тәңірге жалбарынып отыр еді. Қараңғы болды. Көктен бір жарық (сәуле) түсті...». Нәтижесінде сол жарықтың арасынан түскен сұлу қызға Оғуз қаған үйленіп, үш ұлды болып, есімдерін «Күн», «Ай», «Жұлдыз» деп атапты. Одан соң ағаштың қуысындағы жалғыз қызды көріп, оған да үйленіп, одан да үш бала болады. Біріншісі – Көк, екіншісі – Тау, үшіншісі – Теңіз.